Күздің салқыны кетіп, қыстың алғаш қырауы шалған шақта жер бетіне толассыз қар жауатыны белгілі. Осы кезде аудан тұрғындарының қауіпсіздігі мен жүруіне қолайлы болу үшін атқарылатын маңызды шаруа – жолдарды дер кезінде тазалау. Ал Қарасай ауданында бұл жұмысқа жауапты мекемелер қаншалықты дайын екені бізді толғандырмай қоймады.
Аудан аумағы ауқымды болғандықтан, бұл іске тыңғылықты қарау әрқашан маңызды. Өйткені аудан шекарасы арқылы республикалық және облыстық тасжолдар өткендіктен, жүретін көліктердің саны көп кездеседі. Сондықтан трассаларды күтіп-ұстау назарда болғаны жөн.
Қарасай ауданының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, республикалық тасжолдың ұзындығы 71 шақырымды қамтиды және оған «QazAvtoJol» ҰК» АҚ жауапты. Аталған мекеме өздеріне тиесілі жолдарды қардан тазалап, көктайғақтың алдын алады. Ол үшін 20-дан астам арнайы техника қызмет етеді.
Ал облыстық маңызы бар жолдарға келер болсақ, оның ұзындығы – 245 км. Қыс мезгіліндегі күтіп-ұстау жұмысын алдағы уақытта «Get Target» компаниясы атқарады. Олардың иелігінде де тиісті техникалары мен қажетті материалдар ескерілген.
Аудандық деңгейдегі 150 шақырымды құрайтын жолдардың қардан тазалау жұмыстырын өткен жылғыдай «Орсеп» ЖШС атқарады. Бұл мердігер мекеме тарапынан 55 арнайы техника (суретте), 40 жұмысшы күші жұмылдарылмақ. Одан бөлек 1500 тонна көктайғаққа қарсы инертті материал дайындалған.
Жалпы айтқанда, Қарасай ауданында жолдарды қысқы күтіп ұстау, қардан тазарту және көктайғаққа қарсы материалдар себу жұмыстары алдына ала бақылауға алынып, тұрақты түрде қадағалануда.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

