Өткен аптада Тәжікстанның Душанбе қаласында пара самбодан Әлем кубогі өтіп, зағиптар мен көру қабілеті бұзылған спортшылар дүниежүзілік додада бақтарын сынады.
Әр елдің намысын қорғауға аттанған саңлақтардың қатарында қазақстандық самбошылар да болды. Олар Қазақстанның атын байрақты бәсекеде қорғап, ел мерейін асыратын нәтижелі көрсеткіштерге жетті. Солардың ішінде Қазақстанның әйелдер құрамасының жетістігін айрықша атап өтуге болады. Себебі пара самбодан нәзік жандылар жалпыкомандалық есепте І орынды иеленіп, үздік атанды.
Ал осындай нәтижеге жету жолында Қарасай ауданының спортшысы Самал Қожәлімнің үлесі зор деп айтуға болады. Себебі ол 50 кг салмақ дәрежесінде боз кілемде шеберлігін көрсетіп, әлемдік аренада жеңімпаз атанды. Алтыннан алқа таққан арудың І орын алуы әйелдер құрамасының жеңіс тұғырынан көрінуіне үлкен септігін тигізді. Осылайша Қазақстанның атын әлемдік дәрежеде әйгілі етті десек, артық айтқандық емес.
Самал Қожәлімнің бұл жеңісі жүйелі дайындық пен табандылықтың нәтижесі екені анық. Соның арқасында аудан атынан дүниежүзілік жарысқа аттанып, елімізді әлемге паш етті.
Жерлесіміздің Әлем кубогіндегі жеңісі құтты болсын! Осындай жарқын жетістіктері жалғасып, абыройы арта берсін!
Өз тілшіміз.

