Ата-ананың бала алдында өз жауапкершілігі бар. Соның бірі – кәмелетке толмаған баласын материалдық қамтамасыз ету болып табылатын алимент. Бүгінгі таңда бұл тақырыптың айналасында туындап жатқан мәселелер жоқ емес. Алматы облысының жеке сот орындаушысы Ағаділов Дидар Қалдыбекұлы алимент төлеуден жалтарудың құқықтық салдары туралы түсіндірді. Оның айтуынша, алимент төлемеуді жай ғана берешек деп санамау керек. Бұл – баланың лайықты материалдық қамтамасыз етілу құқығын бұзу.
Егер борышкер сот актісін орындаудан жалтарса, сот орындаушысы мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға құқылы: банктік шоттары мен мүлкіне тыйым салу, Қазақстан Республикасынан тыс жерге шығуын уақытша шектеу, сондай-ақ борышкердің табысы мен мүлкінен өндіріп алу.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот актісін орындамағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 5 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу түріндегі жауаптылық көзделген.
– Ал егер борышкер алимент төлеуден қасақана және ұзақ уақыт бойы жалтарса, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабына сәйкес қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Аталған баптың санкциясында 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту, 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – деп түсіндірді Алматы облысының жеке сот орындаушысы Дидар Қалдыбекұлы
Сонымен қатар ол алимент деген бұрынғы жұбайға көрсетілетін көмек емес, бұл — ата-ананың заңмен белгіленген міндеті әрі баланың лайықты материалдық қамтамасыз етілуге деген заңды құқығы екенін ескертті.

