Аулаңыздың айналасын таза ұстамасыңыз айыппұл арқалайсыз. Заң шеңберінде орындалатын мұндай қадағалау жұмыстарына бұдан былай жергілікті әкімдік тарапы да араласуға құқылы.
«Заң мен тәртіп» қағидасына негізделген осы бағытта аудан көлемінде рейдтік шаралар қолға алынған. Солардың біріне біз де қатысып, осы аптада Қаскелең қаласы әкімдігінің өкілдерімен және жергілікті учаскелік полиция инспекторымен қала ішіндегі ретсіздікке куә болдық.
Назарымызға еріксіз ілінген мекенжайдың бірі – Бейсебаев көшесі, 70 тұрғын үй. Байқағанымыздай, аула айналасындағы темір-терсекке толы қоқыстар көшеге дейін жеткен. Шашылып жатқан керексіз заттар, тіпті, іргелес жатқан көршісіне де ыңғайсыздық тудыруда. Мұны қала әкімдігінің мамандары мен учаскелік полиция инспекторы бірден байқап, үйдің иесіне заң аясында рейдтік жұмыстың мақсатын түсіндірді. Сондай-ақ оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 505-бабы бойынша ескерту жасады. Сәйкесінше, учаскелік полиция инспекторы тұрғын үй иесіне хаттама толтырды.
Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары Асылхан Еспаевтың сөзіне сүйенсек, егер осындай алғаш ескерту алған тұрғындар заң бұзушылықтарын қайталайтын болса, ҚР ӘҚБтК 505-бабы бойынша, яғни Абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін 20 АЕК-тен (86 500 тг) 30 АЕК-ке (129 750 тг) дейін айыппұл төлейді.
Сонымен қатар осы аталған рейдтік шара барысында қаланың басқа жерлеріндегі мекенжайлардың аумағы тексеріліп, үй иелеріне елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзу, қоқысты белгіленбеген жерге тастау, аумақты күтіп ұстау талаптарын сақтамау жөнінде ақпараттан құлағдар етті. Заң аясында тұрғын үйдің 5 метрлік аумағы таза болуы тиіс. Мұндай тазалыққа негізделген қадағалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

