1992 жылдың 7 мамырында ҚР Президенті Ұлттық Қарулы Күштер құру туралы Жарлыққа қол қойды. Сол уақыттан бері бұл күн елімізде Отанымыздың шекарасын күзетіп, бейбітшілігінің бұзылмауына, тәуелсіздігі мәңгілікке жалғасуына үлес қосқан ардагерлердің, олардың ізін жалғаған жаужүрек ұлдардың, абыройы асқақ азаматтарға құрмет көрсету әдетке айналды.
Биылғы жылы да аталмыш күнге орай Қарасай ауданының Мәдениет үйінде салтанатты шара ұйымдастырылды. Оған аудан әкімі Жасұлан Естенов, Ауған соғысының ардагерлері, тәртіп пен құқық қорғау органдарының өкілдері, округ әкімдері мен бөлім басшылары қатысты.
Мерекелік жиында алдымен сахна төріне аудан басшысы шығып, барлық қарасайлық азаматтарды мерекелерімен құттықтады.
– Бүгінде еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын сақтауда прокуратура органдары, құқық қорғау саласы мен полиция қызметкерлері, әскери комиссариат мамандары, сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері маңызды рөл атқарып келеді. Сіздер заң мен тәртіптің сақталуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздіктің берік тірегіне айналдыңыздар.
Сондай-ақ Қарулы Күштер қатарында қызмет атқарып жүрген сарбаздар мен офицерлердің еңбегі ерекше құрметке лайық. Сіздердің қырағылықтарыңыз бен кәсібиліктеріңіз – ел тыныштығының кепілі.
Бұл мереке күні біз барлық әскери қызметкерлерге, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, ардагерлерге және ел қауіпсіздігіне үлес қосып жүрген азаматтарға зор алғысымызды білдіреміз. Сіздердің адал қызметтеріңіз – бейбіт өміріміздің негізі, – деді Жасұлан Тоққожаұлы.
Мұнан кейін аудан әкімі әртүрлі салада еңбек етіп, ауданымыздың өсіп-өркендеуіне үлестерін қосып жүрген бірқатар абыройлы азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Мерелік басқосудың соңы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Оның барысында жиналғандар аудан өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдардың өнерін тамашалап, жақсы көңіл-күймен тарқады.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

