Ел Тәуелсіздігі атап өтілетін айтулы күннің қарсаңында Іргелі ауылдық округіне қарасты Кемертоған ауылында «ADAL MED PLUS» деп аталатын көпсалалы медициналық орталық ашылды.
Игі шараға Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Адис Сейдақматов, аудандық мәслихат депутаты Камилжан Тогисов қатысып, жергілікті халықты және орталықтың ұжымын құттықтады. Сондай-ақ ауыл тұрғындарының атынан Баян Калелова мен асқақалдар кеңесінің мүшесі Қален Мұсаев жүрекжарды тілектерін білдірді.
Ал медициналық мекеменің салынуына себепші болып, ел игілігіне табыстаған кәсіпкер Бахтияр Зиядинов өз сөзінде орталықтың атауына сай халыққа адал қызмет етуге уәде беріп, осы қуанышты күнді бірге бөліскен көпшілікке алғысын жеткізді.
Айтылған ізгі тілектерден кейін ғимараттың лентасы қиылып, шашу шашылды. Келген қонақтар аурухананың жай-күйімен танысып, көрсетілетін медициналық қызметтермен танысты.
Кемертоған ауылы Алматының маңында орналасқандықтан, мұнда халықтың шоғырлануы да аз емес. Сондықтан аталған елді мекенде осындай әлеуметтік нысандарға сұраныс жоғары. Ал бұл медициналық мекеме тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, денсаулығын нығайтуға бірден-бір себепкер болатын жобалардың бірі деуге болады.
«ADAL MED PLUS» орталығының іші заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ол тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Мұнда алғашқы медициналық-санитарлық көмектер, сырқаттың түріне байланысты диагностикалық қызметтер, шұғыл медициналық жәрдем көрсетіледі. Сондай-ақ білікті дәрігерлердің кеңесін де алуға болады. Мұнда терапевт, эндокринолог, кардиолог, невропатолог, отоларинголог, офтальмолог, гинеколог, стоматолог, хирург, онколог-маммолог сынды мамандар жұмыс істейді. Мекеменің өзі 200 келушіге арналған.
Айта кетейік, Кемертоған ауылында аудандық орталық ауруханаға қарасты дәрігерлік амбулатория да бар. Бүгінгі таңда ол да тұрғындарға медициналық қызмет көрсетуін тоқтатқан емес.
Ал жоғарыда атап өткен «ADAL MED PLUS» көпсалалы медициналық орталығы ауыл халқына арналып салынған жекеменшік мекеме болып табылады.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

