Ауданымызда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаңғыбас иттерді аулау жұмыстары жалғасуда. Биыл бұл бағытта бірнеше ай бойы нәтижелі жұмыс атқарған «Әбдіхалық» ЖК аталған шараларға қайта тартылды. Мердігер ұйым аудан аумағындағы қаңғыбас жануарларды аулау, оларды оқшаулау және тиісті талаптарға сай бақылау жұмыстарын жүргізеді.
Қарасай ауданында көшелерді кезіп жүрген қаңғыбас иттер мәселесі жылдар бойы күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті түйткілдердің бірі болып табылады. Жергілікті билік тарапынан аудандағы жағдайды реттеу бағытында белгілі бір шаралар қабылданып, тиісті жұмыстар атқарылып жатқанымен, тұрғындар тарапынан түсетін арыз-шағымдар азаяр емес. Азық іздеп көшелерде тобымен үйіріліп жүрген иттер жергілікті халықтың, әсіресе, балалар мен қарттардың қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіруде. Тіпті, адамдарға шабуыл жасап, денсаулықтарына зиян келтірген қауіпті жағдайлары туындатып жатқан сәттер де кездесіп жатады.
Осы орайда, елді мекендердегі бұл күрделі түйткілді оңтайлы шешу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қараусыз қалған жануарларды аулау жұмыстарын жекеменшік мердігер компанияларға жүктеу туралы шешім қабылданған болатын. Салалық талаптарға сәйкес, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Қарасай ауданы аумағында «Әбдіхалық» жеке кәсіпкерлігі өз жұмысын жүргізе бастады.
Облыстық деңгейде бекітілген арнайы келісімшарт шеңберінде, бөлінген қаражат көлемі мен межеленген жоспар толық таусылғанға дейін аталған компания қызметкерлері тарапынан жалпы саны 1072 иесіз ит ұсталып, залалсыздандыру орындарына жеткізілген еді. Таяуда өткен кезекті конкурстық рәсімдердің қорытындысы бойынша «Әбдіхалық» ЖК тағы да жеңімпаз атанып, белгіленген мерзім аралығында Қарасай ауданы бойынша бұл қызметті қайтадан өз мойнына алды.
Толығырақ тоқтала кетсек, Алматы облыстық ветеринария басқармасы мен Қарасай ауданының ветеринария бөлімі тарапынан қараусыз және иесіз қалған жануарларды аулау қызметі бойынша мемлекеттік сатып алу порталында тиісті хабарландыру жарияланған болатын. Жарияланған конкурстың нәтижесіне сәйкес, ағымдағы жылдың 3 тамызынан бастап 30 қыркүйегіне дейінгі аралықта аудан көлемдегі иесіз иттерді аулау, оларды оқшаулау және тиісті шаралар қабылдау жұмыстарын «Әбдіхалық» жеке кәсіпкерлігі жүзеге асыратын болады. Қазіргі таңда тиісті мекемелер арасындағы құжаттарды рәсімдеудің соңғы заңнамалық кезеңдері жүргізіліп жатыр.
Айта кету керек, кейінгі уақытта Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жануарларға жауапкершілікпен қарау, олардың санын реттеу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша елеулі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Жаңадан қабылданған құқықтық нормаларға сәйкес, ҚР «Ветеринария туралы» Заңынан қараусыз және иесіз иттерді аулау қызметін ұйымдастыру жұмыстары толығымен алынып тасталды. Ал бұл міндеттер мен жауапкершілік тікелей жергілікті атқарушы органдардың, яғни аудандық және қалалық әкімдіктердің құзыретіне ресми түрде берілді. Заңнамаға енгізілген бұл маңызды өзгерістер үстіміздегі жылдың 20 шілдесінен бастап ресми түрде заңды күшіне енді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

