Өткен жылдың соңғы айында шахматтан ерлер мен жасөспірімдер арасында ауданымызда шахматтан XX чемпионат ұйымдастырылды. Жарыстың іріктеу кезеңі онлайн түрде өтсе, финалдық бәсеке санитарлық талапқа сай өткізілді.
Бұл чемпионатқа «Үшқоңыр» спорт кешенінің шахматтан жаттықтырушы Мұхтар Ахметовтың және Қаскелендегі орталық кітапханада осы ойынның талай қыр-сырын үйретіп жүрген Амандұлла Әбдімұратовтың шәкірттері, сонымен қатар, ересектер де қатысты. Швейцар ойын жүйесіне негізделген тартысты бәсекеде бас-аяғы 30 шахматшы бақ сынап, 9 кезең бойынша бір-бірінен айла-тәсілдерін асырып көрді.
Алғашқы ойыннан бастап жақсы ойын өрнегін көрсеткен ауданымыздың 2001, 2014 жылдардағы чемпионы Алмалыбақ ауылының тұрғыны Темірхан Бозимов 9 мүмкіндіктен 7,5 ұпай жинап 3-ші рет аудан чемпионы атанды.
Ал, екінші орынды 6,5 ұпаймен қаскелендік Рүстем Пермұхамедов алса, жеңісті жолдағы үштікке 6 ұпаймен Алмалыбақ ауылынан Бауыржан Дәулетов ілінді.
Аталмыш аудандық чемпионатта оқушылардың да үздік нәтиже көрсеткенін айта кеткен жөн. Атап айтар болсақ, Абылайхан есімді оқушы 3.5 ұпаймен бірінші орынды қанжығасына байласа, Назар Сачава мен Әлібек Әлібай сынды жас шахматшылар 3 ұпайдан иеленіп, қазылардың шешімімен екінші және үшінші орындарды қанағат тұтты. Осылайша, шәкірттер өздерінің ұстаздарын қуантып, үмітін ақтап, жақсы ойын өрнегімен ересектер қауымын тәнті етті деуге болады.
Санитарлық талапқа сай ұйымдастырылған ақтық сында шахматтан шәкірттерін шыңдап жүрген Мұхтар Ахметов және аталмыш ойынға қашанда қолдау білдіруге ниетті Рахат Алпысбаев сияқты демеушілердің тарапынан бағалы сыйлықтар берілді. Сондай-ақ, бұл жарыстың өтуіне атсалысқан аудандық денешынықтыру және спорт бөлімнің басшысы Серік Қамзановтың атынан Мақтау қағаздары мен медальдар да табыс етілді.
Өз тілшіміз.