Қарасай ауданынан Алматы қаласына қарай бағыт алатын қоғамдық көліктердің қатары артуда. Бір апта бұрын тағы екі маршрут ашылды. Кең көлемді автобустардың алып шаһарға қарай жүретініне жолаушылар қуануда.
Автобустардың бірі №254 бағытта жүреді. Құрамында 16 бірлік қоғамдық көлік бар. Ол Қаскелең қаласынан Алматының «Сәлем» базарына дейін қатынайды. Қоғамдық көліктің бірінші аялдамасы Қаскелеңнің автобекетінде орналасқан. Осы жерден қозғалысын бастап, Абылай хан, Мақашев, Жанғозин көшелерімен жүріп, Наурызбай батыр арқылы «Алматы-Бішкек» тас жолына түседі. Одан кейін Алматының Б.Момышұлы көшесіне бұрылып, Мөңке би, Сайын, Ақ-Қайнар көшелерінен өтіп, Үлкен Алматы каналының бойымен жүріп, соңғы аялдама – «Сәлем» базарына барып тоқтайды.
Ал екінші – №239 маршурт Долан ауылынан «Б.Момышұлы» метро бекетіне дейін қатынайды. Бұл бағыт бойынша 18 автобус қызмет етеді. Қоғамдық көліктің жүру жолдары келесідей: «Алматы-Бішкек» тасы жолындағы «Бамбарбия Кергуду» мейрамханасының маңынан Долан ауылына кіретін жолмен жоғарғы трассаға дейін бет алады. Одан кейін Абай ауылындағы Мақатаев, Қонаев, Рысқұлов, К.Әзірбаев және Алматы қаласындағы «Шұғыла» шағын ауданының маңайынан өтіп, Абай көшесі арқылы «Б. Момышұлы» метро бекетіне барады. Осы жерде маршрут жүрісін аяқтайды.
Қоғамдық көліктердің қызмет етуі шамамен 6:00-де басталса, 23:00-де жолаушылар тасымалы тоқтайды. Жол ақысы – 120 теңге. «ONAY» төлем жүйесі арқылы қабылданады.
Айта кетейік, маршруттар сынақ режимінде Алматы қалалық мобилділік басқармасы арқылы іске қосылды. Алдағы уақытта қозғалыс сызбасы мониторинг нәтижелеріне сәйкес түзетілмек.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.