Көп балалы отбасының мүшесі Бауыржан Дүйсенбай – Шалқар ауылындағы мектептің бесінші сынып оқушысы. Үлкен ағасының қазақтың ұлттық музыка аспабында ойнауды үйреніп жүргенін көріп, домбыраның үнін ұнатып қалған. Біраз уақыт әке-шешесіне осы қызығушылығы жайлы айтып, үйірмеге қатысуына рұқсат сұрапты.
Баласының ынтасын көргеннен кейін анасы оны таяуда ашылған Шалқардағы Өнер мектебіндегі «домбыра» үйірмесіне апарған. Қазір Бауыржан – бұл үйірмеде бірінші сыныптың оқушысы.
Осыдан бір-екі апта бұрын ол өзге балалар сияқты Мемлекет басшысына хат жолдап, онда ұлттық музыка аспабында ойнауды үйреніп жүргенін жеткізіп, домбыраны сыйға алуды армандайтынын жазып жіберген. Хатты оқыған Қасым-Жомарт Кемелұлы Бауыржанның өтінішін орындап, домбыра сыйлады.
Өткен аптада Президенттің өнерге ұмтылған жасөспірімге деген ізгі ниеті мен сыйлығын аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаров Бауыржанның үйіне жеткізіп, қолына табыстады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.