Қаскелең қаласынан Алматыға қарай қатынайтын жолаушылар үшін қуанышты жаңалық. 1 шілдеден бастап аудан мен Алматы қаласының арасын жалғайтын №230 бағытындағы автобустар жаңарды.
«Қаскелең автобус паркі» мәлімдегендей, қоғамдық көліктердің бәрі табиғи газбен жүретін «Yutong» маркалы автобусқа ауысты. Сыйымдылығы 85 адамға дейін жетеді, ал ұзындығы – 11 метрдей. Қазіргі уақытта қолданыста 20 автобус болса, оның 17-сі жолаушы тасымалы үшін қызмет етеді, қалған үшеуі резервке қойылған.
№230 қоғамдық көліктің бағыттарына тоқталар болсақ, ол Қаскелең қаласынан «Әлжан ана» жанармай бекетінен қозғалысын бастап, Қарасай батыр көшесі арқылы «Жер Ана» базарының артымен жүреді. Одан кейін Абылай хан көшесіне түсіп, аудандық Мәдениет үйі, «Алтын ауыл» ықшам ауданы, SDU университеті маңайынан өтіп, «Алматы-Бішкек» тасжолымен Алматы қаласына қарай бет алады. Бұл трасса бойымен Сайын көшесіне бұрылып, Төле би көшесінде жүрісін аяқтайды. Ал Қаскелең қаласына қарай жол қозғалысы жоғарыда атап өткен жүрістің кері бағыттары.
Ескере кетейік, жақында Қарасай ауданының аумағында жүретін үш қоғамдық көліктің маршруты өзгерген еді. 1 шілдеден бастап Алматы қаласы мен Қарасай ауданы арасын жалғайтын №244 және №257, сондай-ақ №5 автобустардың қозғалыс бағыттары бұрынғыдай болмайды.
№244 қоғамдық көлігі Қаскелең қаласына «Алматы-Бішкек» тасжолынан Наурызбай көшесі арқылы емес, Абылай хан көшесімен кіріп, SDU университеті, Полиция басқармасы, аудандық Мәдениет үйі, Автобекет, «Достық» мейрамханасы, «Алатау» сауда үйі, Қаскелең автопаркі сияқты мекемелердің маңындағы аялдамаларға тоқтап, Шамалған ауылының орталық көшесімен Бірінші Май ауылдық округіне барады. Бұл жерде бұрынғыдай Бекболат ауылының кіреберісіне тоқтамайды. Округ тұрғындарының өтініші негізінде енді аталған қоғамдық көлік Қайнар ауылына дейін жүреді.
№257-нің бағытына келер болсақ, оның Алматы қаласынан Қаскелеңге кіруі Наурызбай көшесі арқылы жүзеге асырылады. Осы көшеден Жанғозинге бұрылып, Мақашев көшесі арқылы Шамалған, Шалқар, Еңбекші ауылдарына қарай жүреді. Қайтарда осы елді мекендерді аралап, Қаскелеңнің Мақашев көшесі арқылы «Алматы-Бішкек» тасжолына түсіп, Алматы қаласына қарай бет алады.
Ал №5 қоғамдық көлігі бұрынғыдай Қайнар ауылына бармайды. Соңғы аялдамасы «Үшқоңыр» спорт кешенімен аяқталады. Қалған бағыттары бойынша жүру сызбасы өзгеріссіз күйде қалды, сондай-ақ автобус саны да, интервалы да сол қалыпта сақталды.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

