Бүгінгі таңда елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру және бәсекеге қабілетті зерделі ұлт тәрбиелеу мәселесі мемлекеттік деңгейде ерекше назарға алынған. Өйткені кітап – адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани болмысын байытатын сарқылмас қазына. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды жобалар, атап айтқанда, 2026 жылғы 16 мамырдағы Жарлық негізінде жүргізіліп жатқан жұмыстар, қоғамда оқу мәдениетін жүйелі дамытуға, әсіресе жастардың кітапқа деген ынтасын арттыруға бағытталған.
Сұранысқа сай заман талабымен үндесіп, ауданның бас рухани орталығына айналған Қарасай аудандық кітапханасының бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған мақсаттары туралы кітапхана директоры Ұлдархан Өтеевамен сұқбаттасқан едік.

– Ұлдархан Қаханқызы, бүгінгі таңда кітапханалардың қоғамдағы рөлі қандай? Қарасай аудандық кітапханасы бұл үрдіске қалай бейімделіп жатыр?
– Қазіргі уақытта кітапхана – тек қана кітап сақтайтын немесе беретін мекеме емес. Ол – аудан тұрғындарының рухани-мәдени дамуына тікелей ықпал ететін, ой бөлісетін, инновациялық идеяларға себеп болатын заманауи ақпараттық және интеллектуалды орталық. Біздің негізгі миссиямыз – халықтың сапалы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету, оқу мәдениетін жоғары деңгейге көтеру, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу және өскелең ұрпақтың білім көкжиегін кеңейту.
Соңғы жылдары біздің қызметімізде де өте елеулі өзгерістер орын алды. Кітапхана ісіне заманауи технологиялар енгізіліп, оқырмандарға көрсетілетін қызметтің сапасы мен форматы мүлдем жаңа деңгейге көтерілді. Біз тек кітап беріп қана қоймай, креативті ойлауды дамытатын, пікірталас алаңдарын ұйымдастыратын, жастарды ғылым мен өнерге жетелейтін орталыққа айналдық.
– Аудандық кітапхана жүйесінің бүгінгі кітап қоры мен оқырмандардың талғамы туралы айтып өтсеңіз. Бүгінгі оқырман қандай әдебиеттерді іздейді?
– Бүгінгі таңда аудандық кітапхана жүйесінің жалпы кітап қоры 422 мыңнан астам дананы құрайды. Бұл – үлкен байлық, бірақ біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қор жыл сайын жаңа әдебиеттермен, мерзімді басылымдармен толықтырылып отырады. Дегенмен, уақыт ағымына қарай оқырмандардың да талғамы мен сұранысы өзгеруде. Қазіргі таңда, әсіресе жастар арасында шетел әдебиеттері мен шет тілдеріндегі кітаптарға деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан біз үшін алдағы уақытта осы бағыттағы қорды көбейту және әлемдік бестселлерлердің қазақ тіліндегі сапалы аудармаларын оқырмандарға ұсыну маңызды мәселелердің бірі болып отыр.
Ең қуантарлығы, аудан тұрғындарының, оның ішінде мектеп оқушылары мен жасөспірімдердің кітапқа деген қызығушылығы төмендеген жоқ, керісінше, артып келеді. Бұл – кітапханамызда тұрақты түрде ұйымдастырылып тұратын әдеби кештердің, кітап көрмелерінің, танымал тұлғалармен шығармашылық кездесулер мен танымдық шаралардың оң нәтижесі деп нық сеніммен айта аламын.
Жалпы біз әрқашан оқырмандардың сұранысын үнемі зерттеп, соған сай жұмыс істеуге тырысамыз.
– Цифрландыру дәуірі кітапхана ісіне қандай жаңалықтар мен мүмкіндіктер алып келді?
– Заманауи технологиялар дамыған заманда біздің басты міндетіміз – дәстүрлі кітап оқу мәдениетін цифрлық мүмкіндіктермен шебер ұштастыра білу. Жастардың гаджеттерге жақындығын ескерсек, бұл бағыттың маңызы зор. Осы орайда Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы – «Kazneb.kz» платформасы біздің оқырмандар үшін таптырмас құралға айналды. Бұл платформаның қорында бүгінде 80 мыңнан астам электронды кітап, журнал, сирек кездесетін қолжазбалар мен ғылыми еңбектер жинақталған. Оқырмандарымыз қажетті әдебиеттерді үйден шықпай-ақ тәулік бойы онлайн режимде оқи алады.
Сонымен қатар Қарасай аудандық кітапханасының өзінде де кітап қорын цифрландыру, яғни электронды форматқа көшіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Біз бұл мақсатта арнайы заманауи «PlanScan BookTek 5» кітап сканерін қолданамыз. Бұл бірегей құрылғы кітаптардың түпнұсқалық қалпына еш нұқсан келтірмей, жоғары сапада цифрландыруға мүмкіндік береді. Осының арқасында біз сирек кездесетін әрі сұранысқа ие бірегей басылымдарды электронды нұсқада сақтап, келешек ұрпаққа аманаттауға жол аштық. Ішкі электронды каталог жүйеміз де оқырманның уақытын үнемдеп, қажетті кітапты жылдам табуына септігін тигізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де жетілдіре түсетін боламыз.
– Кітапхана жанынан ашылған клубтар мен өтіп жатқан мәдени шаралар туралы кеңірек тоқталып өтсеңіз.
– Біз кітапхананы тірі қарым-қатынас алаңына айналдыруды көздейміз. Осы мақсатта кітапхана жанынан әртүрлі бағыттағы қызығушылық клубтары мен шығармашылық бірлестіктер құрылып, белсенді жұмыс істеп жатыр. Олар жастардың бос уақытын тиімді, интеллектуалды тұрғыдан пайдалы ұйымдастыруға көмектеседі. Мұнда әдеби-мәдени кездесулер, қызу пікірталастар мен танымдық іс-шаралар тұрақты сипат алған.
Аудан көлемінде оқу белсенділігін арттыру үшін «Бір ел – бір кітап», «Кітапхана түні», «Кітап сыйла» және Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында республикалық және жергілікті ауқымды акциялар мен марафондарды, әдеби байқауларды жоғары деңгейде өткізіп келеміз. Бұл жобалар тұрғындардың, әсіресе жас буынның көркем әдебиетке деген махаббатын оятып, оларды кітапханаға жетелейтін алтын көпір іспетті. Біз кітапхананы тек білім көзі емес, сонымен қатар шығармашылық шабыт пен мәдени демалыс орны ретінде де дамытып жатырмыз.– Әр салада жетістіктермен қатар шешімін күткен өзекті мәселелер де болады ғой. Аудан кітапханаларында қандай түйткілдер бар және олар қалай шешілуде?
– Иә, жасыратыны жоқ, кітапхана саласында да назар аударып, шешуді қажет ететін мәселелер бар. Соның ең бастысы – ауылдық жерлердегі кітапханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту және оларды заманауи талаптарға сай жаңа ғимараттармен қамтамасыз ету. Соңғы жылдары Қарасай ауданында халық саны өте қарқынды өсіп келеді. Тұрғындар санының артуы өз кезегінде білім және мәдениет нысандарына, соның ішінде кітапханаларға деген сұранысты еселеп көбейтті. Қазіргі уақытта ауданымызға қарасты ауылдық округтердегі кітапханалардың басым бөлігі жеке ғимараты болмағандықтан, жергілікті мәдениет үйлерінің ішіндегі тар бөлмелерде орналасқан. Тұрғындардың рухани сұранысын толыққанды өтеу үшін бізге заманауи үлгідегі жаңа кітапхана ғимараттары қажет. Дегенмен, бұл бағытта алғашқы сәтті қадамдар жасалды.
Мысалы, Жандосов ауылдық кітапханасы толықтай жаңғыртудан өтіп, заман талабына сай жаңартылған жаңа орталық ретінде оқырмандарға есігін айқара ашты. Бұл игі іс жергілікті қордың қолдауымен жүзеге асты: арнайы жеке ғимарат сатып алынып, мемлекет меншігіне өткізілді және оған күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аталған жоба өзге ауылдар үшін таптырмас үлгі болмақ. Болашақта халық санының өсу қарқынын ескере отырып, басқа да ауылдық кітапханаларға жеке ғимараттар салу және олардың инфрақұрылымын жақсарту – біздің алдымызда тұрған маңызды міндеттердің бірі.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Оқырман қауымды жақын арада қандай жаңалықтар күтеді?– Алдағы уақытта Қарасай аудандық кітапханасы кітап қорын, әсіресе сұранысқа ие заманауи әдебиеттермен толықтыруды үзіліссіз жалғастырады. Сонымен қатар цифрлық қызмет түрлерін кеңейту, жастарды оқуға тартудың жаңа креативті жобаларын өмірге әкелу басты назарда болады. Біз кітапханаларымызды тек кітап оқитын орын емес, үлкен мәдени-ағартушылық, коворкинг орталықтар ретінде дамытуды мақсат етіп отырмыз. Оқырмандар үшін қолайлы жағдай жасап, олардың уақытын тиімді өткізуіне барлық мүмкіндіктерді жасаймыз.
Ұлы Абайдың «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген асыл өсиеті бүгінгі XXI ғалымда да өзінің өзектілігін еш жоғалтқан жоқ. Кітапты өміріміздің ажырамас бөлшегіне айналдырып, оқу мәдениетін қоғам болып бірге қалыптастыруымыз керек. Өйткені, Мемлекет басшысы айтқандай, «Оқитын ұлт – озық ұлт». Зерделі қоғам құру жолындағы осы игі бастамаларға әрбір отандасымыз, әрбір аудан тұрғыны өз үлесін қосады деп сенемін. Біз бұл жолда аянбай еңбек ете береміз.
– Ұлдархан Қаханқызы, әңгімеңізге рақмет! Руханият жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын!
Сұқбаттасқан Ақтоты Мырзабекқызы.

