Жалпы, биылғы жыл мән-маңызы зор жақсы жаңалықтарға, оқиғаларға толы болғандығын айтқан Ғалиасқар Төлендіұлы солардың барысында Елбасының Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жүктелген тапсырмаларды бағытқа ала отырып, киелі Жетісу жерінде көптеген нәтижелі іс қолға алынғандығын тілге тиек етті. Өңіріміздің әлеуетін арттырар оңды көрсеткіштерде нұротандықтардың да үлесі зор екендігіне ерекше тоқталған ол бұл бас қосудың Қарасай жерінде ұйымдастырылуының басты себебі – Президентіміздің аталған мақаласында көрсетілген бағдарламалар аясында осында ашылған «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық музейін, басқа да көптеген мәдени-тарихи орындарды көрсетіп, рухани сусындату, ой бөлісу, пікір алмасу екендігін де алға тартты.
Келесі кезекте мінберге көтерілген облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Гүлжан Тойлыбаева үш тоқсан бойы атқарылған жұмыстар жөнінде кең көлемді баяндама жасады. Партиялық жобаларды жүзеге асыру, қолға алынған шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау, нұротандықтардың қатарын толықтыру және тағы басқа мәселелер бойынша жасалған мониторинг нәтижесін мәлімдеп, ісі ілгері басқан және керісінше, белгіленген межені орындай алмаған филиалдарды жекелей атап өтті.
Мұнан кейін ортаға кейбір аудандардың партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары шығып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ал жиынды қорытындылаған Ғ. Сарыбаев алдағы уақытта да облыстық партия филиалы республика көлеміндегі жақсы нәтижесінен танбау керектігін, ол үшін аудандық филиалдар жергілікті атқарушы органдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, партиялық жобаларды белсене жүзеге асырулары қажеттігін сөз етті. Бұл ретте Қарасай ауданының әкімі, аудандық партия филиалының төрағасы Махаббат Бигелдиевтің және оның бірінші орынбасары Ықылас Амалбектің жан-жақты іскерлігі мен бесенділігі де үлгі ретінде айтылды.
Сонымен қатар, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары осы жылдың соңына дейін орындалуы тиіс бірқатар тапсырмалар да берді. Олар негізінен Елбасының Жолдауларында, бағдарламалық мақалаларында, үндеулерінде, Ұлт жоспарында белгіленген міндеттерді назардан тыс қалдырмауға, «Рухани жаңғыру» аясында бекітілген жобаларды жүзеге асыруға күш салуға, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламаларының жергілікті жерлерде орындалуына мониторинг жасауға, депутаттардың жұмысын бақылауға және тағы да басқа мәселелерге қатысты болды.
Негізгі бас қосудан соң жиналғандар алдымен Қаскелең қаласындағы аудандық тарихи-өлкетану музейіне барып, құнды жәдігерлермен танысып, Райымбек округіне қарасты «Анаға құрмет» музейі мен «Батыр бабаларға тағзым» мемориалдық кешенін аралап, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Қарасай ауданына келген сапарын пайдаланып, облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар Сарыбаев түстен кейін Елтай ауылдық округіне қарасты Береке ауылына ат басын бұрды. Мұнда ол осында орналасқан кондитерлік өнімдер шығаратын«Алматы продукт» ЖШС-нің ұжымымен арнайы барып жүздесіп, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы бағдарламалар жайында жақсы әңгіме өрбітті. Бұл кездесуге аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ы. Амалбек пен Елтай ауылдық округінің әкімі Б. Жұманбаева да қатысып отырды.
Клара КӨПБАЕВА.[:]