Күндізгі стационар – науқас күндіз емделіп, кешке үйіне қайтатын медициналық көмектің ерекше түрі. Бұл ем-шара тұрақты медициналық көмекті қажет ететін, бірақ тәулік бойы бақылауды қажет етпейтін науқастар үшін ыңғайлы. Мұнда науқас күрделі емдеуден бастап, отадан кейінгі оңалтуға дейінгі медициналық қызметтің кең ауқымын ала алады.
Осындай ыңғайлы стационардың бірі Қаскелең қаласында жеті жылдан астам уақыт жұмысын жүргізіп келе жатқан «QAZPOCT» оңалту орталығында да орналасқан. Мекеме мамандары инсульт, инфаркт, хирургиялық араласуы бар науқастарға қайта қалыпқа келуге көмек көрсетеді. Ал жақында аталған орталық екінші дәрежелі медициналық мекеме атанды.
«QAZPOCT» оңалту орталығы Қарасай ауданында 2018 жылы ашылған еді. Мұнда науқастар медициналық сақтандыру арқылы немесе ақылы түрде емделе алады. Сондай-ақ сырқаттанғандар қажетті емдеудің толық спектрін алып, соның ішінде дәрі тамызып, инъекция салдырып, физиотерапия және басқа емді де қабылдауға мүмкіндіктері бар. Мамандарға келер болсақ, бүгінде орталықта 23 медициналық қызметкер жұмыс істейді. Олардың қатарында кардиолог, невропатолог, оңалту маманы, терапевт, массажист және тағы басқа маман бар.
Бұл орталық дененің барлық функцияларын қалпына келтіруге арналған кешенді оңалту бағдарламаларын ұсынады. Тәжірибелі мамандар инсульт, инфаркт, хирургиялық араласу, жарақат және эндопротездеуден кейінгі кешенді оңалту бағдарламаларымен жұмыс істеп, науқастарға толыққанды өмірге оралуға көмектеседі.
Мекеменің негізін қалаушы Күлбаршын Жиембаеваның айтуынша, жоғарыда аталған мәселелерге тап болған ем алушыларға медициналық көмек көрсету үшін барлық қажетті құралмен жабдықталған. Мәселен, мұнда жас марал мүйіздерінен алынған сығындыларды пайдалануға негізделген емдеу және сауықтырудың әдісі пантотерапия бар. Ол денені жалпы нығайту, иммунитетті көтеру, зат алмасуды жақсарту және күшті қалпына келтіру үшін қолданылады.
Сонымен қатар мұнайдан, көмірден алынатын ақ түсті, иісі, дәмі жоқ, балауыз тәрізді ерігіш зат болып табылатын парафиннің термиялық қасиеттерін сауықтыру және емдеу үшін қолданатын физиотерапия әдісі бар. Ол бұлшықеттерді босаңсытып, ауырсынуды азайтады және қан айналымын жақсартады. Әсіресе, бұл, әдіс артрит пен артроз сияқты буын аурулары бар адамдарға, сондай-ақ кернеу мен шаршаудан жайсыздық сезінетіндерге өте пайдалы. Процедура терінің барлық түріне қолайлы және құрғақтық пен қабыршақтануға қарсы күресте көмектесіп, теріні жұмсақ әрі тегіс етеді. Сонымен қатар, парафинотерапия қолдың терісін керемет ылғалдандырып, қалпына келтіреді.
Одан бөлек орталықта галокамерамен жабдықталған тұз шахтасы орналасқан. Галотерапия сеансы кезінде тұзды ауа қандағы оттегі мөлшерін арттырады, ағзаның инфекциялар мен вирустарға қарсы қорғанысын күшейтеді. Оның ең пайдалы тұсы – ол тыныс алу жүйесін тазартады. Тұз шахтасына кірген адамның жасушалары пайдалы иондармен қанығады, өкпесінің жұмысы реттеліп, тыныс алу жолдарының микрофлорасы шаң мен зиянды бактериялардан тазарады. Тұз шахтасының гайморит, фарингит, бронхит секілді ЛОР-аурулармен күресте пайдасы зор. Галотерапия жиі суық тиіп, ауыратын балалар мен ересектердің иммунитетін күшейтеді.
Бұдан бөлек орталықта денсаулықты жақсарту үшін әртүрлі массаж түрлерін қамтамасыз ететін мамандар, күндізгі уақытта 15-20, тәуліктің емдеуге 16 адамды қабылдай алатын күндізгі стационар, физиотерапия, функционалдық диагностика, сондай-ақ егу және ем-шараға арналған кабинеттер қарастырылған. Стационарға келгендерге тәулік бойы медициналық бақылаудан басқа әртүрлі тақырып бойынша демалыс бағдарламалары, топтық іс-шаралар, серуендер ойластырылған.
Жоғарыда аталғандардан бөлек таяуда «QAZPOCT» оңалту орталығы өзінің бағдарламасына тағы бір заманауи емделу әдісін енгізді. Нақтырақ айтқанда, ағымдағы жылдың қараша айында медициналық мекеме базасында «Clean Clinic» инфузиялық терапия клиникасы ашылды. Аталған клиникада жасушалық деңгейде денені қалпына келтірудің революциялық тәсілі енгізілді. Яғни, мұнда ем алушының қажеттілігіне байланысты дәрумендер, минералдар, аминқышқылдары және басқа да белсенді ингредиенттері бар теңдестірілген тамызғы (система) қолданылады.
Оңалту орталығының жалпы тәжірибелік-отбасылық дәрігері Ақерке Абзалқызының айтуынша, соңғы жылдары Қазақстандағы медициналық орталықтар мен клиникалар инфузиялық терапияны өздерінің емдеу бағдарламаларына белсенді түрде енгізіп келеді. Бұл таңқаларлық жағдай емес. Себебі көктамыр арқылы енгізілетін пайдалы заттар ас қорыту жүйесін айналып өтіп, қанға тікелей енеді, бұл дененің тезірек және тиімдірек қалпына келуіне мүмкіндік береді. Ем алу үшін науқас алдымен барлық қажетті тексерістен өтеді. Соның нәтижесі аясында арнайы тамызғы жасалады. Қазір клиникада тамызғының «Золушка», «Қуат+», «Аминқышқылы», «Антивирус», «Лаеннек» секілді 31 түрі бар.
Жалпы айтқанда, көптеген тәжірибелі мамандар еңбек ететін «QAZPOCT» оңалту орталығы бүгінде өзінің келушілеріне емделудің негізгі және инновациялық түрлерін ұсынады.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

