Шекара шебін қызғыштай қорғайтын әскери азаматтардың қырағылық танытуы – Отан қорғаудың негізгі борыштарының бірі. Кез келген мемлекет үшін бейбітшіліктің қамалы бұзылмай, тыныштықтың тұрақты орнауы әрдайым маңызды. Ал осы сіз бен біздің алаңсыз күй кешіп, ұйқымыздың тыныш болуына шекарашы сарбаздар жауапты. Сондықтан олардың қызметтері де, өздері де құрмет биігінен көрінуі – заңдылық.
Осы бағытта елеулі еңбегін арнап жүрген азаматтардың біразы біздің аудан аумағында орналасқан ҚР Ұлттық Қауіпсіздік қомитеті Шекара қызметі Алматы облыстық департаментіне қарасты «Қарасай» шекара басқармасының «Қаскелең» шекара бөлімшесінде қызметтерін атқаруда. Солардың бірі, аталған бөлімшенің бастығы – Мадияр Букенов.
Жауапты жұмыстың жүгін арқалап жүрген шекарашы жайлы Отан қорғаушылар күнін негізге алып, оның өмір жолы мен қазіргі қызметінің маңызын сөз етуді жөн көрдік.
Мадияр Жұманұлы – Алматы облысы Іле ауданына қарасты Ынтымақ ауылының тумасы. 1994 жылы қарапайым отбасында дүниеге келіп, әкесі Жұман Жантемір мен анасы Еркегүл Надірбековтің кенже баласы атанды. Үйдің үлкені – әпкесі Индира екеуі тай-құлындай бірге өсіп, осы шаңырақтан біреуі ұяға, екіншісі қияға қонды.
Бала Мадиярдың алғаш мектеп табалдырығын аттауы туған ауылындағы №30 орта мектептен басталды. Мұнда 5 сыныпқа дейін білім алып, бірнеше жыл Алматы қаласындағы №33 мектебінде оқыды. Ал 7 сыныпта Алматы қаласындағы «Шаңырақ» ықшам ауданында орналасқан спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернатына қабылданып, аталған білім ошағының түлегі атанды. Мұнда ол еркін күресті жанына серік етіп, боз кілемде талай шыңдалып, көптеген жетістікке жетті. Соның нәтижесінде аталған спорт түрінен спорт шеберіне үміткер атанды.
Мадияр Букенов мектеп қабырғасынан кейін Алматы қаласындағы Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясына оқуға түсіп, аталған оқу ордасын 2017 жылы «лейтенант» шенімен бітірді.
Академияны аяқтағаннан кейін ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы Ақтау қаласы департаменті бойынша Қарақия ауданындағы «Қаражанбас» шекара застава бастығының орынбасары болып тағайындалды. Аталған мекемеде 2021 жылға дейін еңбек етіп, басқарушылық қабілетімен шыңдала түсті. Одан кейін дәл осы аудан бойынша шекара басқармасының «Ақтау теңіз порты» шекаралық бекетінде қызмет атқарып, екі жыл ішінде өзіне мол тәжірибе жинады.
Ал 2022 жылы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Алматы облысы бойынша департаменті «Қарасай» шекара басқармасына қарасты «Рабат» шекара бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды. Мұнда да екі жылдай жемісті жұмыс істеп, шекара маңындағы тыныштықты бақылауға жетекшілік етті.
Әр мекемеде біліктілігін байқатып, байыпты басшылығын көрсетіп жүретін Мадияр Жұманұлы қазіргі уақытта ҚР Ұлттық Қауіпсіздік қомитеті Шекара қызметі Алматы облыстық департаментіне қарасты «Қарасай» шекара басқармасына қарасты «Қаскелең» шекара бөлімшесінің бастығы болып қызмет атқаруда. Бұл лауазымға ол 2024 жылы тағайындалып, қазіргі уақытта мемлекет қауіпсіздігіне тікелей жауап беретін аймақты қадағалайды.
Бүгінде Алматы облысындағы шекара қызметінің жауапкершілікке алынатын аумағы аз емес. Өйткені бұл жақта Қазақстан елінің Қытай және Қырғызстан мемлекеттерімен шектесетін бөліктері күзетіледі. Сонымен қатар құбылмалы табиғатынан бөлек, кедергіге толы тау-тастары, түрлі өткелі бар. Осының бәрін ескере отырып, ел тыныштығын күзету шекарашылар үшін жауапты жұмыс болып табылады. Ал олардың кәсіби дайындығын, қызметке деген адалдығын, қырағылық қасиетін қадағалау біз сөз етіп отырған бөлімшенің бастығы, капитан Мадияр Жұманұлының қызметтік міндетіне жүктелген.
– Мемлекетік шекараны күзету оңай шаруа емес. Біздің бөлімшеде келісімшарт негізде әскери қызметшілер мен мерзімді сарбаздар қызмет атқарады. Олардың әрбіріне мемлекеттік шекараға қатысты арнайы сабақтар өткізіледі, жаттығулар үйретіледі, біліктіліктері шыңдалады. Осылайша әрбірін шекара шебін күзетуге дайындаймыз. Әскери азаматтардың қай-қайсы болсын біздің бөлімшеге тиесілі шекара аймақты таңнан кешке дейін күзетеді. Ешқандай келеңсіздікке жол бермеуге тырысамыз. Өйткені елдің тыныштығы, алаңсыз болуы біз үшін аманат, – деді «Қаскелең» шекара бөлімшесінің бастығы Мадияр Букенов.
Қарасай жеріндегі бұл шекара аумағында тосын жағдайлар да, оқыс оқиғалар да кездесіп тұрады. Сондай жайттардың бірі осы жылдың наурыз айында орын алған. Мадияр Жұманұлының айтуынша, «Ақсай» сайында жеке басын куәландыратын құжаттарының мерзімі өткен Өзбекстан Республикасының екі азаматы ұсталған. Оларға заң аясында Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 803-бабына сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Ал осы қырағылық істің басы-қасында «Қаскелең» шекара бөлімшесінің әскери қызметшілері болып, заңсыздықтың алдын алған.
Мадияр Букеновтің қызмет жолы расымен де қиындығы мен қызығы қатар жүретін жауапты іспен бірдей. Өз ісін жақсы көретін капитан мырзаның Отанын қызғыштай күзетумен қатар отбасының да қорғаны екенін айта кету керек. Ол – бөлімшеде шекара шебіне жауапты болса, өзінің отбасында адал жар, ардақты әке атанған бір үйдің отағасы. Өмірлік жары Ақерке Ерманқызы екеуі Байкен және Бейбарыс атты қос батырмен бірге қуанып, бірге күліп, ұрпақ алдындағы ата-аналық міндеттерін орындап келеді.
Мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етуді абырой санайтын Мадияр Жұманұлының алдағы ісіне тек сәттілік тілейміз. Оның қарамағындағы шекара шебінде үнемі тыныштық орнап, тұрақтылық қамалы ешқашан бұзылмасын. Ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты болып, әрдайы абырой биігінен көрінуіне тілектеспіз.
Дидар Мәлікұлы

