Қуат көзіне жататын жарықтың айналаға берер жылуы да, көмегі де едәуір. Сондықтан электр энергиясына деген қажеттілікті ешкім жоққа шығара алмас.
Ал оның үздіксіз берілгені, әрине, тиімді екені белгілі. Десе де бүгінгі таңда оның айналасында туындап жатқан мәселелерді жоқ емес. Ондай жағдайлар біздің ауданда да кездесіп жатады.
Осы ретте Қарасай ауданын электр энергиямен қамтамасыз етуші мекеменің бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмысымен танысуды жөн санадық. Әрі желтоқсан айының үшінші жексенбісі аталып өтетін Энергетиктер күнін де ұмытқан жоқпыз. Айтулы кәсіби мерекенің маңыздылығын ескере отырып, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-на қарасты Қарасай электр тораптар аудынының басшысы Мәди Дүйсеновпен тілдесудің сәті түсті.
Мәди Манарбекұлы, соңғы уақытта аудан бойынша жоспарлы электр өшірулерінің жиілеп кеткені байқалады. Бұған нақты себеп бар ма?
– Иә, электр желілерінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету үшін энергетикалық кәсіпорындарда жоспарлы техникалық қызмет көрсету үшін жөндеу жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуге міндеттіміз. Бұл шаралар электр жабдықтарының тозуын азайтып, апаттық жағдайлардың алдын алуға бағытталған. Жоспарлы жұмыстар аясында электр желілері мен қосалқы станцияларда тексеру, тазалау, майлау, қорғаныс және автоматика жүйелерін бақылау, сондай-ақ диагностикалық тексерістерді жүргіземіз. Мұндай жұмыстар белгіленген талаптар мен кестеге сәйкес, білікті мамандардың, қажет болған жағдайда мердігер ұйымдардың қатысуымен орындалады.
– Түсінікті. Бүгінгі таңда қала мен ауылдық округтердің кейбір көшелерінде жарық бағаналарының ескіргені байқалады. Осыған қатысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Қарасай ауданы аумағында жалпы ұзындығы 3126 шақырымнан астам әуе электр желілері бар. Соның ішінде 1852 шақырымы Қарасай электр тораптар ауданының (Қарасай ЭТА) теңгерімінде болса, 324 шақырым желі иесіз деп танылған. Қазіргі уақытта иесіз электр желілері Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің теңгеріміне қабылдануда. Бұл желілерді жаңғырту және қайта жөндеу мақсатында жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта құжаттар бекітілген соң, кезең-кезеңімен жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Ал Қарасай ЭТА теңгеріміндегі желілер Қарасай ЭТА-ның өз бюджетінен және мердігер ұйымдардың қатысуымен жыл сайын жоспарлы түрде жөндеуден өткізіледі.
– Соңғы уақытта аудан аумағындағы жеке қосалқы станция иелері мен электр энергиясын таратушы жекеменшік мекемелерге қатысты тұрғындар тарапынан тарифтің көтерілуі мен жарықтың жиі өшуіне байланысты шағымдар айтылып жүр. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Сондай-ақ нысандарды «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ теңгеріміне өткізу қаншалықты күрделі жұмыс?
– Қарасай ауданы бойынша жалпы алғанда 3504 трансформаторлық қосалқы станция бар. Оның 504-і Қарасай ЭТА теңгерімінде болса, 637-сі тұрғын үй массивтерін электр энергиясымен қамтамасыз ететін жеке меншіктегі трансформаторлы қосалқы станциялар. Қалғандары заңды тұлғалар мен жеке шаруашылықтардың меншігінде.
Жеке меншіктегі қосалқы станциялар мен электр желілерінің техникалық жай-күйі, қызмет көрсету сапасы әртүрлі.
Осыған байланысты тариф деңгейіне және электр энергиясының тұрақтылығына қатысты тұрғындардан шағымдар түсіп жатады. Мұндай мәселелерді жүйелі түрде шешудің бір жолы – нысандарды «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ теңгеріміне өткізу.
Алайда теңгерімге қабылдау белгілі бір талаптар мен рәсімдерді қажет етеді. Ол үшін теңгерім иесі Компанияға ресми хат жолдап, трансформаторлы қосалқы станция орналасқан жер теліміне қатысты мемлекеттік актіні, сонымен қатар басқа да толық құжаттарын тіркеуге міндетті. Сонымен қатар электр желілері мен жабдықтар Электр қондырғыларын орнату ережелеріне толық сәйкес келуі тиіс.
Осы талаптар орындалған жағдайда ғана нысандарды Компания теңгеріміне өткізу мүмкін болады. Бұл өз кезегінде тарифтің бір қалыпты болуына, техникалық қызмет көрсетудің сапалы әрі тұрақты жүргізілуіне, сондай-ақ жарықтың жиі өшуін азайтуға оң әсерін тигізеді.
– Мәди Манарбекұлы, осы ретте аудан аумағындағы бірқатар тұрғын үй кешендерінің электр желілерін өз теңгерімдеріңізге қабылдау мәселесіне тоқталып өтсеңіз. Бұрын бұл массивтерге қай компания қызмет көрсеткен еді? Сондай-ақ аталған тұрғын үй кешендерінен қанша абонент Компанияға қосылды?
– Иә, 2025 жылы Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімімен жасалған келісім негізінде, сенімгерлік басқару тәртібі арқылы үш ірі көпқабатты тұрғын үй кешенінің электр желілері «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның теңгеріміне қабылданды. Атап айтқанда, олар – «Асыл Арман», «Өмірұзақ» және «Алтын ауыл» тұрғын үй кешендері.
Аталған тұрғын үй массивтеріне бұған дейін «БейАжТранс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қызмет көрсеткен. Қазіргі таңда осы тұрғын үй кешендерінен 6966 абонент Компанияның электр желілеріне қосылды.
Бұл қадам электрмен жабдықтаудың сапасын арттыруға, қызмет көрсету стандарттарын біріздендіруге және тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерді жүйелі түрде шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
– Білуімізше, бірқатар ауылдық округтерде қайта жөндеу жұмыстарына қатысты ақаулық актілері мен жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр. Бұл қандай елді мекендер және аталған жұмыстардың іске асырылуы қай уақытқа жоспарланған?
– Дұрыс айтасыз, қазіргі таңда бірқатар елді мекендер бойынша электр желілерін жаңғыртуға арналған дайындық жұмыстары жүргізілуде. «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ тарапынан 2026 жылға Жібек жолы, Ұмтыл ауылдық округтерінің және Қаскелең қаласының аумағында жалпы ұзындығы 29 шақырым электр желісін қайта жөндеуден өткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдік тарапынан да бірқатар ауылдар бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленген. Атап айтқанда, Жамбыл, Тұрар, Қошмамбет, Көкөзек, Райымбек, Шалқар, Бекболат, Еңбекші, Абай ауылдары, сондай-ақ Қаскелең қаласы, Жібек жолы және Алмалыбақ елді мекендері қамтылған.
Аталған жобалардың нақты іске асырылу мерзімі мен қаржыландыру мәселесіне қатысты ақпаратты Қарасай ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен нақтылауға болады.
– Ал сіздерде халықты ақпараттандыру жағы қалай жүзеге асырылады? Өтініштер мен ұсыныстарға қатысты қоңырауларға жауапты қызметкерлер бар ма?
– Қарасай ЭТА бойынша диспетчерлік пункт тәулік бойы (24/7) жұмыс істейді. Байланыс нөмірлері –8 (727) 300-67-80, 8 (727) 72-269-47, 8 (727) 72-266-51.
Диспетчерлік пунктте екі қызметкер жұмыс істейді. Аудан бойынша қоңыраулар саны көп болғандықтан, әсіресе апаттық жағдайлар кезінде барлық өтініштерге бір мезетте жауап беру қиындық тудырады. Осы себепті ауылдық округ әкімдерімен байланыс орнатылып, тұрғындарға чаттар арқылы ақпарат беріліп отырады.
Сонымен қатар «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ның ресми сайтында www.azhk.kz жоспарлы өшірулер туралы ақпарат апта сайын жарияланады. Ресми Instagram парақшасы – @azhk.kz, сондай-ақ «109» байланыс орталығына да жүгінуге болады.
– Мекемелеріңізде соңғы уақытта қандай жағымды жаңалықтар орын алуда? Байқауымызша, ғимараттарда жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан өзге жетістіктеріңіз де бар шығар?
– Өте жақсы сұрақ. 2025 жыл мекемеміз үшін бірқатар маңызды оң өзгерістермен есте қалып отыр. Басқарма төрағасы Асылов Абай Ноғайұлының қолдауымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында еңбек қауіпсіздігін күшейту, сондай-ақ қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту мақсатында өндірістік және әкімшілік ғимараттарда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Одан бөлек жедел аттану бригадасының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, жаңа арнайы автокөлік сатып алынды. Бұл апаттық жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Тағы бір айта кетерлігі, осы жылдың мамыр айында Қарасай ауданындағы оқу-жаттығу полигонында Алматы қаласы мен Алматы облысының электр тарату аймақтары арасында кәсіби шеберлік сайысы ұйымдастырылды. Аталған жарыста Қарасай электр тарату аймағы І орынға ие болды. Бұл жетістік ұжым мамандарының кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің жоғары деңгейде екенін көрсетеді әрі мұндай сайыстар кадрлардың үздіксіз дамуына зор серпін береді деп сенемін.
– Расымен, керемет жаңалық екен. Жетістіктеріңіз көп болсын. Ұжымдарыңызда қандай маман иелерінің еңбегін ерекше атап өтер едіңіз? Кәсіби мереке қарсаңында сол азаматтар жайлы айтып өтсеңіз.
– Ең алдымен, ұжымымыздағы электромонтерлердің, жедел аттану бригадаларының монтерлерінің, сондай-ақ 35 кВ және одан жоғары кернеулі қосалқы станцияларға қызмет көрсететін әріптестерімнің еңбегін ерекше жоғары бағалаймын. Олар қолайсыз ауа райында, түнгі уақыт пен демалыс күндеріне қарамастан, түрлі апаттық жағдайларда халықты электр энергиясымен мүмкіндігінше қысқа мерзімде қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етеді. Мұндай жағдайда жұмыс істеу оңай емес, көп жағдайда олардың еңбегі көпшілікке көріне бермейді.
Дегенмен әрбір қызметкер кез келген сәтте іске дайын болып, апаттық жағдайларды жедел әрі кәсіби түрде реттеуге атсалысады. Осындай жауапкершілігі жоғары, адал еңбектің арқасында аудан тұрғындары тұрақты электр энергиясымен қамтылып отыр.
– Өте орынды, Мәди Манарбекұлы. Ендеше мерекеге орай әріптестеріңізге айтар тілегіңіз болса, мархабат!
– Рақмет, Сізге. Әрине, айтар тілегім бар.
Құрметті әріптестерім, жалпы энергетика саласының мамандары!
Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ел игілігі үшін әрбір шаңыраққа жарық пен жылу сыйлап жүрген еңбектеріңіз әрдайым бағалана берсін. Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, отбасыларыңызға амандық пен береке тілеймін. Қауіп-қатерден аман болыңыздар!
– Уақыт бөліп, әңгімелескеніңізге рақмет! Келе жатқан кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Елеулі еңбектеріңіздің жемісін көріп, елдің алғысына бөленіп жүре беріңіздер. Күш-қуаттарыңыз сарқылмай, табандылықтарыңыз табысты болсын!
Әңгімелескен Дидар МӘЛІКҰЛЫ.

