Кейінгі бірнеше айдың ішінде Қарасай ауданында ауа-тамшылы жолмен өте жылдам тарайтын жұқпалы вирустық ауру болып табылатын қызылша індеті бойынша біраз өсім байқалып, алаңдаушылық туындауда. Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының маманы Жансұлу Мақсатбайқызының мәліметіне сүйенсек, ағымдағы жылдың ақпан айының 13-і күніне дейін осы дерт бойынша 191 жағдай тіркелген. Оның 40-қа жуығы – мектеп пен балабақшала жасындағы балалар. Осыған байланысты қазіргі уақытта аудан аумағында қызылша секілді инфекциялық, вирустық аурулардың алдын алуға бағытталған жұмыстар белсенді түрде жүргізілуде. Соның аясында өткен аптада орталық аудандық аурухана мамандары аудан аумағындағы балабақшалардың өкілдерімен кездесіп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын өткізді.
Қаскелең қаласында орналасқан жайлы мектептің ғимаратында болған жиында қызылша ауруының пайда болуы мен таралуының азаюына жақсы ықпал ететін екпе мәселесі сөз болды. Нақты айтқанда, Қарасай орталық аудандық аурухана басшысының орынбасары Даулет Кожаков пен аурухана педиатры Алмаш Ардабаева жиналған балабақша өкілдеріне соңғы жылдары жұқпалы аурулардың өршу қаупі қарқын алып, вакцинацияның маңыздылығы да өскендігі туралы әңгімеледі.
Мамандардың айтуынша, екпелер тек жеке өзінің денсаулығы үшін ғана емес, сонымен қатар қоғам саулығы үшін іске асырылады (ауруға шалдыққан тұлға инфекция көзі болып, айналасындағылар үшін қауіпті болып табылмақ). Өйткені тұрғындарды иммунизациялауға тартудың толық қамтылмауы инфекциялық аурулар ошағының өршуіне соқтыру мүмкін. Сондықтан ұжымдық иммунитетке қол жеткізу үшін тұрғындарды иммунизациялауға тиісті 95% тұрғындарына екпе егу қажет. Әсіресе, балабақша жасындағы балалардың қажетті екпені уақытылы алуы маңызды. Бұл – кішкентай бүлдіршіндердің арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастырудың ең тиімді жолы.
Мамандарды тыңдаған балабақша өкілдері олардың тарапынан барлық қажетті жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, ата-аналардың көбі екпелерден бас тартып, балабақшаға егілмеген баланы алып келетінін, оларды алмасаң, айқай-шу көтеретінін жеткізді.
Бұған орталық аурухананың заңгері Әсем Жакенова балаларды қабылдаудан бас тарту туралы шешім Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына енгізілген өзгерістерге негізделгенін мәлімдеді. Бұл өзгерістерге сәйкес, ұжымдық иммунитет деңгейі 90 пайыздан кем болмауы тиіс, яғни, екпе алмағандар саны балабақшадағы балалардың жалпы санының 10 пайызынан (оның ішіне медициналық қарсы көрсетілімдері бар балалар кіреді) аспауы керек. Егер екпе алмағандардың саны 10%-дан көп болса, онда олардың келуіне тыйым салу мәселесі қарастырылады. Бұл ережелер мектепке дейінгі ұйым түрлеріне, меншік формаларына, ведомствоға бағыныштылығына, жұмыс режиміне қарамастан қолданылады. Сондықтан ата-ана тарапынан наразылық болса, балабақша басшылығы осы заңды алға тартуға құқылы екенін түсіндірді.
Ал Даулет Кожаков алдағы уақытта ондай жағдай туындап жатса, мекеме басшылығы қарсылық танытқандарды учаскелік медбикеге немесе ауруханаға бағыттауды ұсынды. Ол жердегі мамандар ата-аналармен жеке кездесу ұйымдастырып, екпенің қауіпсіздігі, оның балалардың денсаулығын қорғаудағы маңызы, сондай-ақ ғылыми тұрғыда дәлелденген тиімділігі жөнінде жан-жақты ақпарат береді. Бұған қоса орталық аудандық аурухана басшысының орынбасары жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, балалардың денсаулығына аса мән беріп, олар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру бағытында балабақша өкілдерін бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
Маңызды кездесудің соңында аурухананың мамандары балабақша өкілдерін тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
