Күз маусымының келуімен, қара жерге салқын ызғар біліне бастағанына қарамастан, Қарасай ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыреспубликалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстар белсенді түрде жүргізіліп келеді.
Өткен аптада табиғатқа деген жанашырлық пен азаматтық жауапкершілікті ту еткен қарасайлықтар кезекті рет сенбілікке жұмыла шығып, өздері тұратын ауданды абаттандыруға белсене атсалысты. Аудан аумағын қамтыған бұл ауқымды тазалық шарасына аудан әкімі Жасұлан Естенов арнайы қатысты.
Бұл күнгі тазалық эстафетасының басты ошағы аудан орталығы – Қаскелең қаласы болды. Шаһар тазалығын сақтауға бағытталған шараға аудан басшысымен бірге таяуда сайланған Қаскелең қаласының жаңа әкімі Абылай Зуайда, барлық жергілікті мекемелердің ұжымдары, өндіріс орындарының өкілдері, сондай-ақ SDU university студенттік Омбудсмені мен белсенді жастары арнайы қатысты. Аудандағы барлық дерлік тұрғындарды біріктірген бұл шараға жалпы саны 5000-ға жуық адам жұмылдырылды.
Ауқымды тазалық жұмыстары барысында Қаскелең қаласындағы Аубай Байғазиев көшесінде орналасқан «Ai-Mart» сауда үйінің автотұрағының аумағынан бастап, жоғарғы трасса бағытындағы «Көжекбай ата» атындағы мешітке дейінгі аралық толық қамтылды. Жол бойындағы ағаштардың қураған бұталары кесіліп, айналадағы тұрмыстық және құрылыс қоқыстары жиналды. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолдары мен гүлзарлар тазартылып, тазалық орнады. Осылайша, белсенді жастар мен мекеме қызметкерлерінің бірлескен еңбегінің арқасында аталған көше бойы реттелді.
Сенбіліктің қарқыны мұнымен тоқтап қалған жоқ. Осындай өнегелі шара Әйтей ауылдық округінде де жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Елді мекен тұрғындары мен жергілікті белсенділер ауыл ішіндегі орталық көшелерді, қоғамдық орындарды тазартып, қоршаған ортаны абаттандыру бағытында біршама ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Ауыл ажарын кіргізіп, тазалықты сақтауға бағытталған бұл бастама жергілікті халық тарапынан да үлкен қолдау тапты.
Дәл осындай тазалық жұмыстары Шамалған ауылында да өз жалғасын тапты. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған сенбілікте ауылдың басты көшелері, саябақтар мен скверлер, қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазарды. Жергілікті тұрғындар тұрғын үй маңайлары мен арық жүйелерін де ретке келтіріп, ауылдың санитарлық жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Экологтар мен белсенділердің кезекті аялдамасы Ұмтыл ауылдық округіне қарасты Алмалыбақ ауылы болды. Мұндағы Дінмұхамед Қонаев атындағы саябақта өткен сенбілік ерекше ұйымдасқан түрде өтті. Саябақ аумағында санитарлық тазалық жұмыстары жүргізіліп, демалыс орындары мен орындықтар, жаяу жүргіншілер жолдары қалдықтардан тазартылды. Ағаштардың түбі қопсытылып, аумақты абаттандыру жұмыстары кешенді түрде жүзеге асырылды.
Тұтастай алғанда, қоршаған ортаны көркейтуге, туған ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бұл экошара Қарасай ауданының барлық ауылдық округтерін толық қамтыды. Сенбілікке шыққан әрбір азамат өзінің туған жерге деген сүйіспеншілігін іс жүзінде дәлелдеп, тазалық мәдениетін қалыптастыруға атсалысты.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ

