Қазақ халық поэзиясының падишасына айналған, әйгілі тұлға Жамбыл Жабаевтың туғанына биыл – 180 жыл. Кіндік қаны тамған жері Жамбыл облысының Жамбыл тауының етегі болса, топырағы бұйырған мекені – Алматы облысының Жамбыл ауданы.
Жыр дүлдүлі атанған жырау қазақтың маңдайына біткен мақтанышы екені айдан анық. Оның шабытты шығармалары әлемнің ондаған тіліне аударылып, күллі дүниежүзіне тарағаны тарихтан белгілі. Ол көзі тірісінде КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алып, елдің даңқын төске өрлетіп, әлемге әйгілі етті. Сондықтын жыраудың сөз өнерінде ойып тұрып орын алатыны заңдылық және ұлт руханиятында ұлы тұлғаға айналғаны біз үшін әрдайым мақтаныш.
Биылғы мерейтойы жыл басынан бері халықаралық және республикалық деңгейде лайық түрде тойланып келеді. Дүлдүл ақынның мәңгілік мұрасы дәріптеліп, рухына тағзым етілуі әлі де жалғасуда.
Өткен аптада сондай дүбірлі думанның бірі ауданымызбен шекаралас жатқан, ақынның жатқан жері Жамбыл ауданында дүркіреп өтті. Екі күнге жоспарланған мерейтойлық шара мәдени-рухани әрі спорттық бағытта атап өтіліп, ақынның өшпес еңбегі ұлықталып, есімі ардақталды. Осындай тағылымды басқосуға Қарасай жұртшылығы да атсалысып, жыр алыбының думанды кешіне куә болып қайтты.
Алатаудың асқақ жыршысы Жамбыл Жабаевты ұлықтау шарасы алдымен халықаралық ақындар айтысымен басталды. Аудан орталығы – Ұзынағаш ауылындағы Мәдениет үйінде жырсүйер жұртшылықтың қарасы тым қалың болды. «Ине жаншар жер жоқ» дегендей, расымен, өнер ошағының іші адамға лық толып, фойесінде тікелей эфир арқылы салтанатты шара көрермен қауымға көрсетілді.
Рухани кеште алдымен Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас сөз сөйлеп, ақындар мен батырлар елінде тойланып жатқан мерейтойлық шараның маңыздылығына, ақынның мәңгілік мұрасына айрықша тоқталды. Одан кейін осындай орамды ойды Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Әнуар Үмбетәлиев жалғап, ұлы тұлғаның өшпес шығармаларын сөз етіп, олардың ұрпақ үшін құнды екенін жеткізді. Сондай-ақ ол Жамбылдың 180 жылдығы облыс көлемінде лайықты түрде дәріптеле беретінін айтты.
Бұл кеште басқа да құрметті қонақтарға сөз беріліп, мерейтойға арналған ақжарма тілектердің легі жалғасты. Астанадан арнайы келген ҚР Құрылтайының депутаты Жанарбек Әшімжан көпшілік алдында тілегін білдіре келе, Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайдың құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жамбылтанушы Нағашыбек Қапалбекұлы Жамбыл жайлы кеңінен ой толғап, оның қазақ руханиятындағы орнын айшықтап түсіндірді.
Осындай пайымды пікірлерден кейін сахна төрінде Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген үш кітаптың тұсаукесері болды. Атап айтқанда, Жамбыл Жабаев туралы естеліктер топтастырылған «Жамбыл» кітабы, жазушы Жұмабай Шаштайұлының «Жыр-жолбарыс» атты жинағы және жергілікті қаламгер Исмаилжан Иминовтің «Айтыс длиною в жизнь» атты кітабы таныстырылды. Осы ретте Жамбыл ауданының басшысы Нұрлан Ертасұлы кітапты құрастырушылар мен авторларға, сондай-ақ марқұм Жұмабай Шаштайұлының жарына арнайы сый-құрметін танытты.
Сонымен ел тағатсыздана күткен халықаралық айтысқа да кезек келді. Оның тізгінін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі, ақын Аманжол Әлтай алып, алдымен сөз маржанын теруші ақындарды айрықша атап өтіп, бір-бірлеп ортаға шақырды.
«Жыр алыбы – Жамбыл» деп аталған халықаралық айтысқа 12 ақын арнайы келді. Оның ішінде еліміздің әр аймағының және көршілес Қырғызстанның абыройын ту еткендер бар. Атап айтқанда, Қызылорданың атынан Мейірбек Сұлтанхан, Жетісу жерінен Ұларбек Минатхан, Ақтөбеден Нұрбол Жауынбаев, Алматы облысынан Болат Ахметов пен Аяулым Жұмабек, Жамбыл облысынан Жанерке Қамбар мен Қанат Мырзахан, Астанадан Нартай Тілеуқұл, Алматы қаласынан Қазірет Бердіхан, Шымкенттен Нұрлан Есенқұлов, Шығыс Қазақстаннан Серік Қуанған және қырғыз жерінен Құтман Садуақасов айтыс аламанында бақ сынады. Ал суырып салманың хас шебері атанған дүлдүлдердің өнеріне танымал мәдениет майталмандары бағасын берді. Қазылар алқасына Қазақстанның халық жазушысы, ақын Жүрсін Ерман төрағалық етсе, Серікзат Дүйсенғазы, Жанарбек Әшімжан, Ақан Әбдуәлі сынды ақын-жыршылар мен қырғызстандық ақын Нұрбек Талантбеков айтыскерлердің сөз саптауы мен ұшқыр ойларына қазылық етті.
Ақындардың айтысы көпшіліктің көңілінен шыққанын үздіксіз соғылған қошеметтен байқалды. Әрбірі қағытпа қалжыңымен, астарлы әзілімен жұрттың көңілінен шығып жатты. Елдік мәселелерді де ұмытпай, қоғамдағы өзекті жайттарды да тақырыпқа арқау етті. Сөз арасында, әрине, Жамбыл Жабаевтың мұрасын насихаттап, ақынның жыршылық өнерін паш етіп, өшпес еңбегін жырға қосты. Ал олардың ұтымды ойлары мен тапқыр сөздеріне жұртшылық сүйсіне ризашылығын білдірді.
Ақындардың әр жұбы аламанның көркін қыздырып, бірден қазылардың бағасын алып отырды. Ұпай санына сәйкес олардың лайықты орындары анықталды.
Барлық дүлдүлдің сынға түсуі аяқталған соң, Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев халық алдында сөз алып, өңір басшысы Шыңғыс Әріновтің ыстық сәлемін жеткізді.
«Бүгін баршамыз халқымыздың ғасырлардан жеткен төл өнері – айтыстың мәні мен мазмұны терең, тағылымы мол мәдени кешіне куә болдық. Ақындарымыз суырыпсалма өнердің биік үлгісін көрсетіп, сөз бен ойдың, тапқырлық пен шешендіктің озық үлгісін ортаға салды. Айтыс тек өнер додасы ғана емес, халықтың ойы мен сөзін жеткізетін рухани мінбер екенін тағы бір мәрте көрсетті.
Құрметті ақындар! Сіздерге осынау айтулы шараға арнайы ат басын бұрып, өнерлеріңізді ортаға салғандарыңыз үшін алғысымды айтамын. Әсіресе, еліміздің әр өңірінен келген ақындарымызға және бауырлас Қырғыз Республикасынан арнайы келген өнерпазымызға ризашылығымды білдіремін.
Қадірлі көрермен! Сіздердің қошеметтеріңіз бен қолдауларыңыз – ақынға үлкен демеу. Өнердің өміршең болуы ең алдымен оны қадірлейтін елге байланысты. Бүгінгі айтысқа көрсеткен ықыластарыңыз үшін баршаңызға рақмет! Жамбылдың ғасырдан-ғасырға жеткен жырлары халқымыздың рухани қазынасы болып қала берсін! Ұлы ақынның өнегесі кейінгі буынға жол көрсетіп, айтыс өнерінің туы биікте желбірей берсін! Бүгінгі халықаралық айтысқа қатысқан барша ақынға шығармашылық табыс, толағай жетістік тілеймін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, абыройларыңыз асқақтай берсін! Жамбылдың 180 жылдық мерейтойы құтты болсын! Айтыс өнері жасай берсін!» – деді Ғани Айдарұлы.
Халықаралық айтыстың қорытындысына келер болсақ, Жамбыл атындағы Бас жүлдеге тігілген темір тұлпар қызылордалық ақын Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. Жеңімпазға көліктің сертификатын облыс әкімінің орынбасары Ғани Майлыбаев пен қазылар алқасының мүшесі, белгілі термеші Ақан Әбдуәлі табыстады. Сүйінбай Аронұлы атындағы І орын мен 1,5 миллион теңге көлеміндегі жүлде қырғызстандық ақын Құтман Садуақасовқа берілді. Ал Кенен Әзірбаев атындағы ІІ орынға Қазырет Бердіхан мен Нұрбол Жауынбаев ие болып, әрбіріне 1 миллион теңгенің сыйақысы табысталды. Үмбетәлі Кәрібаев атындағы ІІІ орынның жүлдесі Болат Ахметов пен Ұларбек Минатханға беріліп, сәйкесінше ақындарға 700 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Сондай-ақ басқа ақындардың барлығына 500 мың теңгеден ынталандыру ретінде қаржылай сый-құрмет көрсетілді.
***
Жыр дүлдүлі Жамбылдың мерейтойының дүбірлі думаны келесі күні кең көлемде жалғасын тапты. Алдымен Жамбыл атындағы музейде ақынның ескерткішіне гүл шоғы қойылып, рухына тағзым етілді. Одан кейін «Көкбастау» атшабарында жалпыхалықтық тойдың көркі қызып, ұлттық дәстүр, спорттық сайыс, мәдени басқосу, концерттік бағдарлама – бәрі-бәрі бір арнаға тоғысты.
Бұл басқосудың салтанатты рәсімінде құрметті қонақтар дүйім жұрттың алдында ақ тілектерін арнады. Алдымен Мемлекет басшысының кеңесшісі Мәлік Отарбаев тойға жиналған қауымға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды:
«Жамбыл Жабаев – ұлт мәдениетінде ерекше орны бар тарихи тұлға, қазақ әдебиетінің аса көрнекті өкілі. Әйгілі жыршы шоқтығы биік шығармалары арқылы отаншылдық пен ынтымақ, ерлік пен елдік, адалдық пен әділдік секілді мызғымас құндылықтарды кеңінен дәріптеді. Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді. «ХХ ғасырдың Гомері» атанған ұлы ақынның туындылары көптеген шет тіліне аударылып, барша адамзатқа ортақ қазынаға айналды. Қос ғасырдың куәсі болған жыр алыбының мол мұрасы әлі талай ұрпаққа рухани азық болары сөзсіз», – делінген хатта.
Ыстық ықыласқа толы ізгі тілектің ізін суытпай, Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов те ақ ниетін білдірді.
«Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті. Жамбыл бабамыздың есімі уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай беретін рухани құндылық. Уақыт өтеді, ұрпақ алмасады. Бірақ елге қызмет еткен, халықтың сөзін сөйлеген тұлғалардың орны әрқашан жоғары. «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демекші, жылдар өткен сайын Жамбылдың тұлғасы да тереңірек таныла түсетіні сөзсіз. Ал сіз бен біздің парызымыз – бабадан қалған асыл мұраны көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу. Жамбыл мұрасы – ұлт руханиятының асыл қазынасы. Жыр алыбының өсиеті мен өнегесі ұрпақ санасында жаңғырып, мәңгілік жасай берсін», – деді аймақ басшысы Шыңғыс Сайранұлы.
«Көкбастау» алаңында көздің жауын алған көріністің бірі – атырап бойында тігілген 50-ге жуық киіз үй. Оның маңайында ұлттық өнер мен спорт, қолөнер мен қылқалам шеберлерінің және тазылардың көрмесі керемет үйлесім тауып, қараша халықтың назарына ұсынылды.
Көпшілік көңіл аударған әсерлі сахнаның бірі – атақты режиссер Абдолла Қарсақбаевтың туындылары. Ұлт рухын асқақ еткен танымал тұлғаның 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойлануы режиссердің еңбегіне деген құрмет деп білеміз. Сондықтан оның тарихи жұмысы Жамбыл Жабаевтың мерейтойында насихатталуы жарасымды-ақ. Бұл думанды басқосуда режиссердің киносынан үзінділер сахналанып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Әсіресе, халқымыз қызыға қарайтын «Менің атым – Қожа» фильміндегі Қожа мен Сұлтанның бастан кешкен оқиғалары сахналанды.
Думанды кеште ұсынылған гала-концерттің де жөні бөлек болды. Аспаннан жұлдыз жауғандай эстраданың танымал әншілері де жарқырап дәл осы «Көкбастау» төрінде хит әндерін шырқап, көрерменді керемет көңіл-күйге бөледі. Атап айтқанда, Қайрат Нұртас, Сырым Исабаев, Мақсат Рақмет, Нұрболат Абдуллин, Тоқтар мен Бейбіт, Баянсұлу және басқа да сахнаның сәнін келтіріп жүрген өнерпаздар әуезді әндерін шырқап, толассыз қошеметке ие болды.
Ал енді ұлттық ат спортын сүйіп, бәйгедегі бақталастықты асыға күткен халықаралық жарысқа тоқталсақ. Ұлы ақынның 180 жылдығына арналған дүбірлі додаға еліміздің әр аймағынан және Қырғызстаннан шабандоздар атшабардың алаңында бас қосты. Бас-аяғы 150-ден астам ат құлағында ойнайтындар бақтарын сынап, құнан, топ, аламан бәйгелерде тұлпар дүбірімен дүйім жұрттың аузын өздеріне қаратты.
11 шақырымдық қашықтыққа есептелген құнан бәйгенің бас жүлдесі, яғни «Changan X5» автокөлігін Балқаш ауданының өкілі Айсұлтан Саматұлы жеңіп алды. Ол «Баққара» атты сайгүлігімен қарсыластарын шаң қаптырды. Оның артынан Жамбыл ауданының тәжірибелі шабандозы Ерсұлтан Жарқын «Еркежирен» тұлпарымен екінші болып келіп, 1 млн теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Бұл бақталастағы үздік үштікті «Сұлуқасқа» атты тұлпарымен Сералы Әмір жеңіп алды. Оған 700 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды. Одан бөлек төртінші және бесінші орын иегерлеріне де ақшалай жүлделер берілді.
Топ бәйгенің жарысын айтар болсақ, ол 16 шақырымдық қашықтықты құрады. Осы аралықты бірінші болып еңсерген азамат – Балқаш ауданының тұрғыны Мерей Гарипуллин. Ол «Орда» атты тұлпарымен басқалардан оза шауып, басты жүлдеге тігілген «Hyundai Palisade» автокөлігін жеңіп алды.
Ал екінші орынның жүлдесі жерлесіміз Әділжан Асхатұлына бұйырды. Қарасайлық шабандоз «Секрет» атты тұлпарымен мәреге екінші келіп, 1,5 млн теңгелік қаржылай сыйақының иесі атанды. Үшінші орынға Алматы қаласының өкілі Ахмет Арнұр «Тобылғы торы» атты тұлпарымен тұрақтады. Оған 1 млн теңгенің ақшалай сыйы бұйырды. Одан кейінгі келген төртінші және бесінші орындарға сәйкесінше 700 мың теңге мен 500 мың теңге көлемінде ақшалай жүлде табыс етілді.
Сонымен көпшілік асыға күтіп, көз тіккен 25 шақырымға созылған аламан бәйгенің де кезегі келді. Оның бас жүлдесін Павлодар қаласының келген, «Көксеректі» тақымдаған Ілесбек Дамир жеңіп алды. Осылайша ол «ROX» автокөлігін ұтып алды. Екінші орынды Жамбыл облысының өкілі Базырбек Алмасхан «Бақторы» атты атымен иеленді. Жүлде қоры – 2 млн теңге. Бұл жарыстағы үшінші орынның иесі – астаналық Мансур Әлижан. «Кемеңгер» атты тұлпарымен қола жүлдені қанағат тұтты. Сондай-ақ аламан бәйгеде төртінші орыннан жетінші орынға дейінгі жүлдегерлерге де ақшалай сыйлықтар табысталды.
Осымен Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына арналған мерейтой кеші Жамбыл ауданының аумағында үлкен той-думанға ұласып, сән-салтанатпен жарасым тапты. Ұлттық рухты көтеретін барлық бағыт қамтылып, мәдени, спорттық шаралар лайықты деңгейде атап өтілді.
Қызыға әрі мақтана айтатын тағы бір жайт – мұндай ауқымды жиыннан кейін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының ұйымдастырылуы.
Аталған тазалық шарасына еріктілер, жастар мен мерейтойға жиналған көпшілік атсалысқан. Нәтижесінде 10,65 гектар аумақтан жеті тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сонымен қатар мерекелік шарада санитарлық тазалыққа ерекше мән берілді. Той барысында аумаққа 80 биодәретхана мен 150 қоқыс жәшігі орнатылды. Ал акцияға 500 адам қатысып, үш қоқыс тасымалдаушы көлік пен тазалау және абаттандыру жұмысына қажетті қосымша техникалар жұмылдырылды. Соның арқасында шара өткен аумақ тұрмыстық қалдықтан тазартылып, ретке келтірілді. Жиналған қоқыс арнайы техникаларға тиеліп, полигонға жөнелтілді. Ал бұл жұмыстар алдағы күндері де жалғасын таппақ.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ

