Бүгінгі таңда Қарасай ауданы – көпсалалы кәсіпкерлік пен өңдеу өнеркәсібі қарқынды дамыған, инвестициялық тартымдылығы жоғары өңірлердің көшбасшысы. Ауданның ірі мегаполис Алматы қаласының іргесінде орналасуы, сондай-ақ халықаралық көлік-логистикалық дәліздердің қиылысындағы қолайлы географиялық позициясы оның экономикалық әлеуетін еселеп арттырып отыр. Оның аумағында ел нарығының өзегін құрайтын ірі өндіріс ошақтары шоғырланған. Бүгінде ауданымыз тамақ өнеркәсібі, құрылыс материалдары және жеңіл өнеркәсіп салаларында көш бастап тұр. Оған қоса, заманауи жылыжай кешендері мен сүт-тауарлы фермаларының әлеуеті жоғары. Іскерлік ортаның қолайлығы жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлік белсенділігін арттырып, отандық және шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудыруда. Ауданға құйылып жатқан инвестиция көлемінің жыл сайынғы өсімі аймақтың ғана емес, жалпы ел экономикасының серпінді дамуына зор үлес қосып келеді.
Таяуда біз Қарасай аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Олжас Тлепбергеновпен кездесіп, қарқынды дамып келе жатқан аудандағы өндіріс саласының бүгінгі тынысы, инвестициялық тартымдылық және мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі төңірегінде әңгіме құрған едік.

– Олжас Саменұлы, сұқбатымызды ауданымыздағы кәсіпкерліктің жалпы ахуалынан бастасақ. Қазіргі таңда Қарасай ауданында қанша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектісі тіркелген және оның нешеуі нақты белсенді жұмыс істеп тұр?
– Салыстырмалы түрде алсақ, Қарасай – кәсіпкерлік белсенділігі өте жоғары аудандардың бірі. Нақты ресми деректерге сүйенсек, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ауданымызда барлығы 36 893 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ең қуаныштысы, осы тіркелген бизнестің басым көпшілігі, яғни 33 589 субъект қағаз жүзінде ғана қалмай, нақты секторда белсенді жұмыс істеп, аудан экономикасының дамуына өз үлестерін қосып отыр.
Бұл көрсеткіш жергілікті халықтың бизнеске деген қызығушылығы мен өңірдегі қолайлы іскерлік климаттың айқын дәлелі деп білемін.
– Кәсіптің түрлеріне тоқталсақ. Қай салалар бойынша біздің аудан көш бастап тұр, ал қай бағыттар әлі де болса кенже қалып жатыр?
– Қарасай ауданының географиялық орналасуы мен логистикалық әлеуеті бірнеше бағыттың қатар дамуына септігін тигізуде. Бүгінгі таңда ауданда кәсіпкерліктің негізгі тірегі саналатын өндіріс, логистика, сауда, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларының барлығы дерлік өте қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта кәсіпкерлік белсенділік жыл санап артып, жаңа ірі жобалар іске қосылуда және қомақты инвестициялар тартылуда.
Ал кенже қалып жатқан салалар бар деп айту қисынсыз, себебі біз әр бағыттың теңгерімді дамуын жіті қадағалаймыз. Мысалы, өндіріс орындары ашылған сайын соған сәйкес логистика мен қызмет көрсету саласы да қатар дамып, бірін-бірі толықтырып отырады.
– Соңғы бір-екі жылдың, яғни 2025-2026 жылдардың көрсеткіштеріне үңілсек, аудан экономикасына қанша инвестиция тартылды және бұл халықты жұмыспен қамту мәселесіне қалай әсер етті?
– Инвестиция – экономиканың қан тамыры. Бұл бағытта соңғы жылдары өте жақсы серпін бар. Мәселен, өткен 2025 жылы аудан экономикасына, соның ішінде негізгі капиталға тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 253,3 млрд теңгені құрады. Егер бұны 2024 жылмен (224,2 млрд теңге) салыстыратын болсақ, бір жылдың ішінде өсім 29,1 млрд теңгеге артып, нақты көлем индексі 107,6 пайызға жеткенін көреміз. Ең бастысы, бұл жай сандар емес. Осы инвестициялық жобаларды сәтті жүзеге асырудың нәтижесінде ауданымызда 1300-ге жуық жаңа тұрақты жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындар қызметпен қамтылды.
Ал ағымдағы 2026 жылға қойған межеміз бұдан да жоғары. Биыл біз негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемін 288 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үстіне, осы жылдың соңына дейін аудан аумағында тағы 20-ға жуық жаңа инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Бұл дегеніміз – жаңа өндіріс орындары мен жаңа жұмыс көздері ашылады деген сөз.
– Бүгінде өз ісін бастағысы келетін немесе барын кеңейткісі келетін азаматтар көп. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерді қолдауға арналған қандай негізгі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда? Жеңілдіктер мен несиелер жағы қалай?
– Мемлекет тарапынан бизнесті қолдаудың тетіктері өте ауқымды және олар кәсіпкерлер үшін барынша қолжетімді. Қазіргі уақытта бізде бірнеше тиімді бағдарлама жұмыс істеп тұр. Соның ішінде жеңілдетілген несиелендіру бағытындағы «Өрлеу» бағдарламасын, сондай-ақ дәл осы бағыттың заманауи жалғасы саналатын «Өрлеу 2026» шеңберіндегі қаржыландыру тетіктерін ерекше атап өтуге болады. Ауылдық жерлердегі ағайынның бизнесін өрге бастыру үшін «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында төмен пайызбен шағын микрокредиттер беріліп жатыр.
Бұдан бөлек, кәсіпкерлердің екінші деңгейлі банктерден несие алу кезінде жиі кездесетін басты мәселесі – кепілзаттың жетіспеушілігі. Міне, осы түйткілді шешу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы арнайы кепілдік беру құралдары қарастырылған. Бұл тетік кәсіпкердің жетіспейтін кепілдік мүлкін мемлекет тарапынан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
– Ал қайтарымсыз гранттар мәселесіне келсек, биыл аудан бойынша мемлекеттік грант иеленген кәсіпкерлер болды ма? Олар қандай жобалар?
– Сұрағыңыз өте орынды, өйткені қайтарымсыз гранттарға халықтың ықыласы жоғары. Дегенмен, биылғы жылы аудан бойынша мемлекеттік гранттар немесе қайтарымсыз қаржылай қолдау беру шаралары әзірге жүзеге асқан жоқ. Бұл белгілі бір ішкі ережелер мен конкурстық кезеңдердің мерзімдеріне байланысты.
Десе де, бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап қалмайды, алдағы уақытта тиісті кезеңдерге сәйкес міндетті түрде жүргізілетін болады.
– Жалпы, аудандық кәсіпкерлік бөлімі бизнес өкілдеріне күнделікті негізде қандай нақты көмектер көрсетеді? Тұрғындар мен кәсіпкерлер сіздерге көбінесе қандай мәселелермен жүгінеді?
– Біздің бөлімнің есігі кез келген кәсіпкер үшін әрдайым ашық. Күнделікті жұмыс барысында бизнес өкілдеріне мемлекеттік қолдау шаралары, бағдарламалардың шарттары бойынша кең ауқымды кеңес беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Кәсіпкерлер бізге көбіне несие алу, субсидиялауға құжат өткізу немесе өз ісін жаңадан тіркеу барысында құқықтық-ақпараттық қолдау сұрап келеді. Біз әрбір өтінішті мұқият қарап, туындаған кез келген мәселені заң шеңберінде жан-жақты шешуге барынша атсалысамыз.
– Кәсіпкерлер үшін ең маңызды дүние – уақыт пен бюрократияның болмауы. Бизнесті тіркеу, рұқсат қағаздарын алу немесе жер телімін бөлу сияқты процестерді жеңілдету үшін бөлім тарапынан қандай қадамдар жасалып жатыр?
– Әкімшілік кедергілерді азайту – біздің басты міндетіміз. Осы орайда, бизнесті жүргізу рәсімдерін барынша жеңілдету мақсатында құны 650 млн теңгені құрайтын және одан асатын ірі инвестициялық жобаларды іске асыратын инвесторларға ерекше қолдау көрсету жүйесі жолға қойылған.
Мұндай жобалар Өңірлік үйлестіру кеңесінің талқылауына салынып, ресми түрде «инвестициялық жоба» мәртебесін алғаннан кейін, біз ол инвесторларды толықтай өз қамқорлығымызға аламыз. Яғни, оларға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға (су, жарық, газ) қосылу, жер учаскелерін рәсімдеу және өзге де ұйымдастырушылық, құжаттық мәселелерді шешу бойынша «бір терезе» қағидатымен жан-жақты көмек беріледі.
Бұдан бөлек, қазір барлық процесс цифрландырылуда. Инвестициялық жобаларды тиімді сүйемелдеу және есепке алу мақсатында Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған. Бұл электрондық жүйе жобаларды онлайн тіркеуге, мемлекеттік органдардың жұмысын бақылауға және жобаның іске асу барысын қадағалауға мүмкіндік береді.
Ал өңірлік деңгейде құны 650 млн теңгеге дейінгі шағын және орта жобаларды біз өңірлік инвестициялық пулға енгізіп, олардың да уақытылы жүзеге асуына тікелей сүйемелдеу жасап отырамыз.
– Ашығын айту керек, кез келген бизнесте қиындықтар болады. Бүгінде аудан кәсіпкерлері инфрақұрылым, кадр тапшылығы немесе несиенің қолжетімсіздігі сияқты қандай негізгі кедергілермен бетпе-бет келіп отыр?
– Әрине, жұмыс болған жерде түрлі ағымдағы мәселелердің туындауы заңдылық. Дегенмен, дәл қазіргі таңда Қарасай ауданының кәсіпкерлері тарапынан өткір сипаттағы немесе жүйелі түрде шешімін таппай жатқан күрделі, ауыр мәселелер байқалмайды. Инфрақұрылым немесе басқа да мәселелер туындаған жағдайда, олар аудан әкімдігі мен біздің бөлімнің тұрақты бақылауында болады. Біз кәсіпкерлікті қолдаудың барлық тетіктерін қолдана отырып, әрбір мәселені кезең-кезеңімен, жедел түрде шешіп отырамыз.
– Әңгімеміздің соңында ауданымыздың әлеуетін арттыра түсетін өндіріс орындары туралы айтсаңыз. Биыл ашылған немесе жақын арада іске қосылатын қандай ірі, бірегей кәсіпорындар бар?
– Бұл тұрғыда бізде ауыз толтырып айтарлықтай үлкен қуанышты жаңалық бар. Жақын арада ауданымызға қарасты Әйтей ауылында «Almaty W.S» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заманауи құрылыс материалдарын өндіретін үлкен зауыты іске қосылады деп жоспарлануда. Бұл – өңіріміз үшін өте маңызды, бірегей жоба. Жобаның жалпы инвестициялық құны 2,7 млрд теңгені құрайды. Зауыттың өндірістік қуаттылығы да жоғары.
Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 1,5 млн текше метр (м³) тауарлы бетон, сондай-ақ құрылысқа аса қажетті 600 мың шаршы метр сэндвич-панель мен профнастил өндіреді деп көзделіп отыр. Ең басты әлеуметтік тиімділігі – бұл жоба толық қуатына көшкен жағдайда, ауданымыздың 150 тұрғыны тұрақты әрі жоғары жалақысы бар жаңа жұмыс орнымен қамтылатын болады. Мұндай жобалар ауданымыздың өнеркәсіптік әлеуетін жаңа деңгейге көтерері сөзсіз.
– Олжас Саменұлы, аудан экономикасы мен кәсіпкерлігінің жай-күйі туралы толымды ақпарат бергеніңіз үшін рақмет. Алдағы жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!
Тілдескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.

