Төтенше жағдайлар мекемелеріндегі диспетчерлік бөлімдердің жұмысы мазасыз және қауырт болып келеді. Мұндағы телефон желісінде отыратын мамандардың жұмыс күндері өрт байланысының орталық пунктінің шағын бөлмесінде оқыс оқиғаға тап болған адамдардың қоңырауларына жауап беріп, жағдайды жылдам бағалап, соған сәйкес төтенше жағдай мен өрт сөндіру құрылымдарын жіберіп, бәрін тіркеп отырумен өтеді. Олардың кез келген жағдайға жылдам әрекет етуі сан мыңдаған адамның өмірін арашалап қалары сөзсіз.
Дабыл жайында бірінші болып хабар алып, адам өмірін құтқарудағы алғашқы қадамды жасайтын осы бір маңызды қызметті таңдап, әріптестеріне үлгі болып жүрген жандардың бірі – Қаскелең қаласындағы №5 өрт сөндіру бөлімінің радиобайланысшысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Әлия Сулейменова.
Аяулы арулар ардақталып, құрметке бөленетін 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында өмірде жүрегі жұмсақ, ал қызметте мінезі қайсар Әлияның өмір дерегінен сыр шертіп, өткені мен бүгінін айтсақ дейміз.
Өз жұмысына адалдық танытатын кіші сержант төтенше жағдай бөлімінде жеті жылға жуық қызмет етіп келеді. Тілсіз жауға қаймықпай қарсы тұрып, жалынмен арпалысып жүрген батыл азаматтардың арасында жұмыс істесе де ол өзінің міндетін ешкімнен кем атқармай, үнемі жақсылар қатарынан көрінуде.
Әлияның өзі жайлы айтатын болсақ, ол 1995 жылы Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында қарапайым көп балалы отбасында дүниеге келген. Орта білімді аудан аумағындағы Жібек жолы округіне қарасты Көлащы ауылындағы Жұбаныш Бәрібаев атындағы орта мектебінде алған. Ең қызығы болашақ диспетчердің бала арманы мүлдем бөлек болатын. Ол кішкентай кезінен әртүрлі тиындарға қызығып, болашақта өзін ақшамен айналысатын маман ретінде елестеткен. Бала арманы жетелеген бойжеткен мектепті тәмамдаған соң, Алматы шаһарына келіп, Нархоз университетіне «қаржы» мамандығына оқуға түскен. Алайда жоғарғы оқу орнын ойдағыдай бітірген жас ару біразға дейін өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, әлек болған. Себебі қаржы саласы қиын әрі үлкен жауапкершілікті талап ететіндіктен, жұмыс ұсынатындардың көбі енді оқуды бітірген жастан гөрі тәжірибелі маманды іздейтін еді.
Осылайша бала араманы мықты қаржыгер болуға жетелеген Әлияны уақыт өте келе өмір арнасы мүлдем басқа салаға бұрып жіберді. Сіңілісінің жұмыс іздеп, уақытын босқа өткізіп жатқанын көрген әпкесі оған Қаскелеңде орналасқан төтенше жағдай бөлімінде бірқатар мамандар жетіспеушілігі пайда болғанын айтып, сол жаққа баруға кеңес беріпті.

Әлия Сулейменова өмірлік жары
Нұрлан Әбделімен
Сөйтіп, 2019 жылдың соңында ол Қаскелең қаласында орналасқан аудандық төтенше жағдайлар бөліміне хатшы болып қызметке тұрған. Ішінде бір үміт, бір күдік болған жас арудың уақыт өте келе төтенше жағдай бөліміндегі қызметіне деген қызығушылығы артып, дәл осы жерде адамдарға пайдалы болатынын түсінген. Төрт жылдан астам уақыт хатшы болып жүріп, ТЖБ-нің жұмысымен жақынырақ танысып, әріптестерімен жақсы қарым-қатынас құрды. Ал 2023 жылы диспетчерлікке ауысқан. Жаңа қызметті меңгере бастағанына көп болмаса да жүктелген міндеттерді тиянақтылықпен орындайтын Әлия – бүгінде әріптестерінің арасында құрметке ие болған өз ісінің нағыз маманы.
– Бастапқыда ер азаматтардан тұратын ұжымда қызмет ету қиындау еді. Бірақ уақыт өте келе үйрендім. Оның үстіне ұжымым тату әрі ұйымшыл болып шықты. Жас қыз болғандықтан, аға әріптестерім төзімділікпен қарап, ақыл-кеңестерін айтып, құтқарушылар жұмысының қыр-сырын түсіндіріп, қиындықтарға дайын болуды үйретті.
Ал диспетчерлікке келетін болсақ, бір қарағанда біздің жұмыс қиын емес болып көрінеді. Алайда мүлдем олай емес. Радиотелефоншы құтқарушылар секілді оқиға орнына бармаса да салаға қатысты барлық ақпаратты білуге тиісті. Яғни біз тек қоңырауларды қабылдап қана қоймай, сондай-ақ күнделікті тіркелген ақпаратқа толық қанық болуымыз керек.
Міндетті түрде диспетчер кезекшілікке ауысуға келген өрт сөндірушілердің санын, қандай жауынгерлік техника есепте тұрғанын, онда қанша өрт сөндіретін заттар – су мен көбік түзуші, қанша құтқарушыларға арналған қорғау құралдары бар екенінен хабардар болуы қажет. Бұған қоса қоңырау келіп түскенде оқыс жағдай қайда болып жатқанын, қанша адамға қауіп төнгенін анықтап, алынған мәліметтерге сүйене отырып, жіберілетін техника мен өрт сөндірушілердің саны туралы шешім қабылдаймыз. Содан кейін барлық жағдайды радиоалмасу жүйесімен бақылап отырамыз.
Әрине, адам болғандықтан бізде қиын жағдайға тап болғандармен бірге қобалжып кететін кездер болады. Оның үстіне көп жылдар бірге істеп келе жатқан әріптестерімнің қауіпсіздігін ойлап, уайымдайтын сәттер де жетерлік. Десе де маған өзімнің атқаратын жұмысым ұнайды. Осының арқасында біреудің өмірін сақтап қалуға өз үлесімді қосып отырғанымды сезінемін, – дейді кіші сержант.
Иә, кейіпкеріміз радиотелефонист болғандықтан кезекшілікте 24 сағат бойы өрт сөндіру бөлімінде белгіленген күн тәртібі бойынша еңбек етуде. Әсіресе, өрт оқиғасы орын алған кезде оның жұмысы қауырт. Жас маманның жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, міндеттерін тиянақтылықты орындайтынына жақсы баға беріп жүретін басшылық та білікті маманға үміт артып, қолдау көрсетуде.
Бүгінде ол – өз ісінің маманы ғана емес, сондай-ақ жас келін, отбасында сүйікті жар. Алғашында аталған жұмысқа тек әпкесінің ақылымен келіп, кейіннен оның маңыздылығын түсініп, дұрыс таңдау жасағанын түсінген Әлияның отағасы да бұл қызметтен алыс емес. Әріптесі әрі жолдасы Нұрлан Әбделі бүгінде Жамбыл ауданындағы төтенше жағдайлар бөлімінде қызмет етуде.
Ең қызығы болашақ жарымен Әлия жұмыс орнында танысқан. Ол кездері Нұрлан Қарасай аудандық төтенше жағдайлар бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарған. Кейіннен отбасылық мәселелерге байланысты Жамбыл ауданына ауысқан. Бұған қарамастан, екеуі біраз уақыт қыз-жігіт болып жүріп, 2024 жылы отау құрып, шаңырақ көтерген. Отбасында түсіністік пен сыйластықты алға қойған жас отбасы елге қызметті жақсы сезініп, оны адал атқаруға бел буған. Қазіргі таңда жас отбасының арманы – мемлекеттік бағдарлама арқылы үйлі болу.
Аталған мақсаттары орындалып, мемлекеттен көрсетілетін қолдаудың игілігімен үйлі болса, Алия осы жағдайды қолдана отырып, алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін түсіндіру бойынша жеке курстартар жүргізгісі келеді.
24 сағат бойы кез келген апаттық жағдайдың алдын алуға, төтенше жағдай орын алған жерге белгіленген межеде жетіп, қауіп деңгейіне қарамастан күресетін құтқарушылардың жұмысы қашанда үлкен құрметке ие. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ерге тән жүкті арқалаған, жауапкершілігі мол саланың бетке ұстар диспетчеріне айналған Әлия Сулейменоваға әрқашан әдемі және позитивті болып қалуды, жұмысында күйзеліс жағдайын азырақ сезінуді тілейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Сурет жеке архивінен алынды.