Кейінгі жылдары фуд-флористика саласы кеңінен танымалдық жинап, әсіресе, жастар арасында трендке айналды. Бір-бірін таңқалдыру үшін қарапайым гүл шоқтарының орнына адамдар жеуге жарамды жеміс-жидектер, шұжық, ірімшік, тәттілер, тіпті, сусындардан тұратын композиция жасап, сыйға тартуда. Ал соңғы уақытта осы қызықты ингредиенттердің ішіне зефир қосылды. Сәйкесінше жаңа үрдістің тез танымалдық жинап жатқанын байқап, оны кәсіпке айналдырғандар саны да көбеюде.
Осындай ерекше бизнестің жолын тапқандардың бірі – Қаскелең қаласының тұрғыны, 27 жасар Розалия Ермекбаева. Ол жуырда флористика мен кондитерлік өнімдер әлемін бірлестіріп, зефирден жасалған жеуге жарамды гүл шоқтарымен айналысуды қолға алды. Ең бастысы әрі ең қызығы жас фудфлористің өнімі толықтай табиғи ингредиенттерден жасалғандықтан, оны пайдалы тағамдар санатына жатқызуға болады.
Розалияның айтуынша, фуд-флористика – сұраныстағы кәсіп түрі. Оның үстіне қызықты әрі үйренуге оңай, адамдарға қуаныш сыйлайтын табыс көзі болып келеді.
– Фуд-флористика – кез келген мерекеге, кез келген жасқа таптырмас сыйлық. Меніңше, елімізде бұл кәсіп өспесе, өше қоймас. Өйткені бұл саланың Қазақстанға келгеніне біраз жыл болғанымен, енді ғана танымалдық ала бастады. Сондықтан елімізде фуд-флористика нарығында бәсеке аз. Мәселен, тіпті, біздің Қарасай ауданында осы бағытта жұмыс істеп жатқан адамды әлі көрмедім. Сол үшін тәуекелге бел байлап, ең алғашқылардың бірі болып, ауданда осы тәтті саланы жетілдіруді мақсат етіп отырмын. Әрине, кәсіп бастау оңай емес. Дегенмен адамда мықты күш-жігер мен ниет болса, оның алмайтын асуы болмайды деп ойлаймын, – дейді жас кәсіпкер.
Розалия Қайратқызы – Қазақстанның оңтүстік-батысында орналасқан Ақтау қаласының тумасы. Бірақ балалық шағын Қарасай ауданында өткізген. Аудан орталығы Қаскелең қаласында орналасқан орта мектепте тоғызыншы сыныпқа дейін білім алып, колледжге «бағалаушы» мамандығына оқуға түскен. Оны аяқтағаннан кейін Алматы қаласындағы «Нархоз» университетіне түсіп, «экономист» мамандығы бойынша диплом алып шықты. Оқуын бітірген соң біраз уақыт банк, сауда секілді салаларда еңбек етті. Ал ағымдағы жылы ол Қарасай ауданында белгілі ерекше балалармен жұмыс жасайтын «Сәуле Сапар» оңалту орталығына SMM маманы ретінде орналасқан. Алайда табиғатынан ол шығармашылыққа жақын жан болғандықтан, орталықтағы қызметіне қарамастан, қосымша өзге іспен айналысуды жөн санапты.
– Бір күні инстаграм парақшамды қарап отырғанда бір қыздың қолындағы букеттен гүлді алып, жегенін көріп қалдым. Бірден соған қызығып, ол не гүл екенін іздей бастадым. Осылайша, қыздың көрсеткен гүл шоғы зефирден жасалғанын түсіндім. Сол сәтте ойымда бірден «мен де осымен айналысқым келеді» деген идея пайда болды. Сөйтіп, жүргенде анам маған: «Розалия, бір инстаграм блогер жеуге жарамды гүл шоғын жасау бойынша мастер-класс өткізеді екен, біз де қатысып көрейік», деді. Екеуіміз қатыстық, маған өте қатты ұнады. Оның үстіне шеберлік сабағы кезінде жасап көрген гүл шоғымды менен сол күні бірден сатып алды. Бұл мені одан сайын жігерлендіре түсті. Ал осы жаңа бастамамды менің әке-шешем де, күйеуім де, ата-енем де қолдады, – дейді жас кәсіпкер.
Гүл пішініндегі өнімдерін Розалия толықтай тәтті зефирден жасайды. Алдымен агар-агар қосу арқылы зефирді қақ пластикалары секілді қалыпқа келтіреді, одан кейін сол қоспадан әртүрлі гүлдің пішінін жасайды. Зефирге өзге дәм беру үшін ол жеміс-жидектен жасалған езбелерді немесе оның табиғи шырынын қолданады. Ал өнімнің түсін өзгерту үшін кондитерлік табиғи бояғыштарды пайдаланады. Дайын өнімнің үстіне қант ұнтағын себеді. Осылайша әр адамға ұнайтын дәмді әрі әдемі сыйлық шыға келеді.
– Барлық қолданатын ингредиенттер табиғи болғандықтан, дайын өнімнің зияны жоқ. Тіпті, оны дұрыс тамақтану санатына жатқызуға болады. Себебі қант қолданғаныммен оның мөлшері тым аз болып келеді. Сондықтан тұтынушылар қанша гүл шоғын жеп қойса да, артық салмақ қостым деп қорықпаса да болады.
Оның үстіне бұл өте тиімді сыйлық. Өйткені мәселен, шоколадпен қапталған құлпынайдың жарамдылық мерзімі бірнеше күн ғана. Ал зефирден жасалған гүл шоғын пайдалану уақыты – бір ай. Тоңазытқышқа салып қойып, қалаған кезде жей бере аласыз, – дейді Розалия.
Жалпы бұл іспен енді айналыса бастаған фуд-флорист үшін бір гүл шоғын жасауға 1,5-2 сағат уақыт керек екен. Алайда Розалияның айтуынша, бұл көрсеткіш енді бастағандарға байланысты, ал қолы үйреніп кеткендер үшін бір гүл шоғын дайындауға 30 минуттай уақыт жетерлік. Қазіргі сәтте оның дайын өнімдерінің көбі гүл пішінінде жасалған. Алайда ол алдағы уақытта әртүрлі көлемдегі тәтті сыйлықтар шығаруды жоспарлап отыр. Бәрі де оның және тапсырыс берушінің қиялына байланысты болмақ.
– Қазір менің өнімдерімнің бәрі гүл пішінінде жасалуда. Бұл, әрине, менің тәжірибемнің жеткіліксіздігіне байланысты. Алайда алдағы уақытта қолымды үйретіп алған соң балаларға ұнайтын жануарлардың, өзге де әдемі бұйымдардың пішіндеріне келтірілген тәтті сыйлықтар жасауды мақсат етіп отырмын. Мәселен, осыдан бір-екі күн бұрын алдымызда келе жатқан Жаңа жыл мерекесіне байланысты кішкентай ақ қала мүсінін жасап көрдім. Сондай-ақ алдағы Наурыз мейрамына орай қазақтың оюларына ұқсас мүсіндер жасау жоспарымда бар.
Жалпы болашақ тәтті сыйлықтарымның сыртқы келбеті менің және тапсырыс берушілердің қиялына, қалауына байланысты болмақ. Себебі, фуд-флористика – фантазия жемісі.
Жақындарының қолдауымен армандаған кәсібін бастаған Розалияның жоғарыда айтып өткеннен бөлек алға қойған жоспарлары мен тың идеялары баршылық. Жастық күш-қайратын тұлғалық жағынан дамыту мен табысты әйелге айналуға арнап келе жатқан жас кәсіпкеріміз алдығы уақытта Қарасай ауданымен тоқтап қалмай, өзінің Instagram және TikTok парақшаларын дамытып, еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыстар қабылдап, кәсібін кеңейтуді ойлайды. Оған қоса тәжірибе жинақтап, өзге шеберлер секілді мастер-класстар өткізуді де жоспарға қойған.
– Ең бастысы, ештеңеден қорықпау керек. Бір жоспарыныз бар ма, нар тәуекел етіңіз. Адамда ең алдымен мақсат, жоспар бола білгені дұрыс. Алға қарай ұмтылса, кез келген істің берекесі болады. Шыны керек, осы істі қолға алмас бұрын «Қарасай ауданына ондай бизнестің қажеті бар ма? Қаншалықты оған сұраныс болады?» деп біраз ойландым. Бірақ жақындарымның қолдауының арқасында көзді жұмып, істі бастап кеттім.
Қазақта «Әрекетке берекет» деген жақсы сөз бар. Сондықтан барлығына айтарым ештеңеден қорықпай, әрекет етіңіздер, – деді сөз соныңда кейіпкеріміз.
Ақтоты
МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ
![[:ru]Газета "Naqty" ("Заман жаршысы")[:kk]"Naqty" газеті ("Заман жаршысы" газеті)[:]](https://naqtygazeti.kz/wp-content/uploads/2017/01/logo2.png)
