Соңғы жылдары әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Әсіресе заман ағымына сай дамып келе жатқандықтан біздің елімізде де күннен-күнге су электр станциялары мен жылу электр станцияларының, сондай-ақ қайта қалпына келетін энергия көздерінің рөлі электр энергиясын өндіру қажеттілігі артып келеді. Ал энергетикалық қауіпсіздігін біржолата шешетін, мұнай, газ, көмір сияқты экологияға жаман әсер ететін ресурстарды пайдаланудан құтқаратын бірден-бір жол – атом электр станциясы (АЭС) болып отыр.
Осы ретте өз сөздерінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет екенін тілге тиек етіп, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керектігін айтып өткен еді. Ал ағымдағы жылдың қырқүйек айының 2-сі күні жариялаған Жолдауында ол елімізде АЭС салу бойынша референдум қазан айының 6-сы күні өтетіндігін мәлімдеді.
Осыған байланысты республиканың барлық аймақтарында ақпараттық штабтар құрылып, оның мүшелері болатын референдумға адамдарды қатысуға, дауыс беруге шақыру жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Бұл біздің Қарасай ауданына да байланысты.
Анығырақ айтқанда, бүгін халықтық штаб мүшелері «Ж-Қаскелең» мекемесінің ұжымымен кездесті. Оның барысында атом электр станциясының жобасы, оның техникалық сипаттамалары және қауіпсіздік шаралары талқыланды. Штаб мүшелері заманауи атом энергетикасы саласындағы халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сай технологиялар туралы түсініктеме берді. Сондай-ақ, атом электр станциясының жобалау, салу және пайдалану кезеңдерінде сақталатын қауіпсіздік шараларын егжей-тегжейлі баяндады. Оған қоса штаб өкілдері қазіргі заманғы реакторлардың пассивті қауіпсіздік жүйелері мен радиациялық бақылау әдістері туралы мәліметтерді ұсынып, қызметкерлердің қызығушылықтарын қанағаттандырды. Референдумға қатысудың ел болашағы үшін маңыздылығын ерекше атап өтіп, жиынға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Одан бөлек аптаның дүйсенбісі күні ауданымызда арнайы құралған штаб мүшелері «AMANAT» партиясының аудандық филиалының төрағасы Қаныбек Айтжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сағат Мәсімақынов, аудандық мәслихат депутаты Василий Тен және аудандық Қоғамдық кеңестің жетекшісі Дидар Утемисов аудандық кітапхананың ұжымымен кездесіп, референдумның өту мақсаты мен маңыздылығы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, кездесу барысында энергия тапшылығын азайтуда атом электр станциясының маңыздылығы туралы айтып, 6-шы қазан күні өтетін АЭС салу жөнінде талқылау референдумына белсенді қатысуға шақырды.
Дәл осындай кездесу күні кеше Шамалған аудандық ауруханасында болды. Онда да Қаныбек Айтжанов, Василий Тен және аудандық мәслихат депутаты Бекжан Сүнбеков аурухананың ұжымымен Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бекжан Батырбекұлы жастарды еліміздің болашағына жауапкершілікпен қарап дұрыс таңдау жасауға сондай-ақ, жәй ғана таңдау жасап қана қоймай расталған ақпараттарға ғана сенуге шақырды.
Мұндай шаралар қырқүйек айының соңына дейін жалғасатын болады.
– Әрбір адамның дауыс бергені маңызды. Оның үстіне науқанға неғұрлым көп адам қатысса, соғұрлым жақсы. Өйткені, бұл АЭС салуда мәселесінде нақты шешім қабылдауға ықпал етеді. Сондықтан біз осындай кездесулерді өткізіп, адамдарға дауыс беруге қатысудың маңыздылығын түсіндіріп жүрміз, – дейді штаб мүшесі Василий Тен.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Референдумға қатысудың маңыздылығы айтылды
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Жаңа технология » Референдумға қатысудың маңыздылығы айтылды