Наурыз – күн мен түннің теңеліп, табиғаттың жаңаратын, қазақ халқы үшін берекенің бастауы болған мейрам. Тамыры тереңге кеткен осы маңызды мереке биыл елімізде ерекше аталып өтілді. Анығырақ айтқанда, таяуда Президенттің тапсырмасы бойынша Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізіліп, онкүндік белгіленген еді.
Амал мерекесімен басталған онкүндіктің қайырымдылық күні аясында ауданымыздың орталық Мәдениет үйінде «QH жаздық жолдама – 2024» атты қайырымдылық шара ұйымдастарылды.
Аудан әкімінің орынбасары Рустам Атшабаровтың құттықтауымен ашылған шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Әсел Еркімбаева, мектеп директорлары, мектептегі ата-ана комитетінің төрағалары мен үздік және белсенді оқушылар қатысты.
Рустам Әмірғалиұлы алдымен жиналған қауымды ауданымызда тойланып жатқан Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, Наурыздың ежелден жақсылық пен жасампаздықты дәріптейтін мереке екенін атап өтті. Мұнан кейін ауданымыздың білім ордаларын атынан келген мектеп президенттеріне «Қазақстан халқына» қорының «Жаздық жолдама» жобасы аясында еліміздегі дарынды балаларға арналған жаздық сертификаттарын табыс етті. Соның арқасында 400 қарасайлық білімгер жазғы демалыс орындарына жіберілетін болады. Ол үшін қор бюджетінен 2,1 млрд. теңге бөлінді.
Айта кетейік, «Жаздық жолдама» жобасы өткен жылдан бері өткізіліп келеді. Аталмыш игі бастама оқуда үздік көрсеткіштерге ие болған, мектептің қоғамдық өміріне белсенді қатысып жүрген оқушыларға қолдау көрсетіп, жазғы каникул кезінде демалыс лагерлеріне жіберуге бағытталған. Оның аясында 2023 жылы Қазақстанның 17 облысынан 20 мыңға жуық бала қамтылып, 26 жазғы лагерьге 2 апталық демалысқа жіберілді. Оның 393 жолдамасы Қарасай ауданының дарынды білімгерлеріне берілді.
Биылғы Наурыз мейрамын тойлаудың жаңартылған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жобасы барлық өңірлерде «Жаздық жолдама – 2024» деген атаумен өткізілді. Соның аясында Қарасай ауданының бес пен сегізінші сыныптар аралығындағы оқушыларға 400 жолдама бөлінді.
Шара барысында Б.Қосынов атындағы орта мектептің оқушысы, балалар құқығын қорғау өкілі Айша Бек сөз сөйлеп, білімгерлер атынан алғысын білдірді. Ал кештің соңы ауданның жас өнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламамен тәмамдалды.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Оқушыларға жаздық демалыстың жолдамалары берілді
Главная » [:ru]Новости[:kk]Жаңалықтар[:] » Мереке » Оқушыларға жаздық демалыстың жолдамалары берілді