Осыдан 30 жыл бұрын, яғни, 1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Президенттің бастамасымен елімізде жаңашылдықтың көрінісі, өзге ешбір елде болмаған ерекше, саяси маңызы зор Қазақстан халқы Ассамблеясы (ҚХА) құрылған еді. Бүгінде 140-қа жуық ұлт өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырған ұйым өмірге келген күннен бастап этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналды. Аталмыш ұйым елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етушінің рөлін атқарып келеді.
Ал 2013 жылдары қоғамдағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтаушы ұйымның жұмыс аясын кеңейту мақсатында республикаға қарасты әр облыста Қоғамдық келісім орталықтары ашыла бастады. Олардың жұмысы аймақтағы этномәдени бірлестіктер мен басқа құрылымдардың әлеуеті мен күш-жігерін біріктіруге бағытталды. 35-ке жуық ұлт өкілдері тұратын Қарасай ауданда да 2022 жылдан бері осындай мекеме жүйелі түрде жұмыс істейді. Таяуда оның басшысы Дидар Өтемісовпен кездесіп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай, азды-кем әңгімелесіп, мекеменің жұмысы қалай жүріп жатқанын біліп қайттық.
– Дидар Мұхтарұлы, Сіз басқарып отырған аудандағы «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Қазақстан халқы Ассамблеясының бір бөлшегі екені рас. Сондықтан негізгі тақырыпқа тоқталмас бұрын әңгімемізді ҚХА-ның елімізде алатын орны жайлы бастасақ…
– Тәуелсіздікке қол жеткізгелі орын алған елеулі өзгерістердің бірі – Тұңғыш Президентіміздің Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы. Сол кездері бұл бастама еліміз үшін мәдениетаралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасайтын әлемдік тәжірибедегі тың бағыт бола білді. 30 жылдың ішінде оның бастамасымен Қазақстан жеріндегі халықтар, діндер мен мәдениеттерден тұратын ұлттардың қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған көптеген маңызды шаралар өткізіліп, жұмыстар атқарылды.
Барлығымыз да жақсы білеміз ғой, бір шаңырақтың астында көптеген ұлт пен ұлыс, түрлі діни бірлестіктерде тұратын адамдар үшін тату-тәтті өмір сүру оңай емес, кез келген сәтте әртүрлі кикілжің пайда болуы мүмкін. Ал Қазақстан қанша жылдан бері көп ұлт үшін достық пен бірліктің Отаны болып отыр. Бұл ретте этнос өкілдерін ортақ мақсатта жұмылдырып отырған Ассамблеяның қосқан үлесі зор деп білемін. Мұның өзі ұйымның қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.
Менің ойымша, алдағы уақытта да Қазақстан халқы Ассамблеясы сын-қатерлерге жауап бере отырып, еліміздің тұрақты дамуында елеулі рөл атқаратын болады. Бұған мен кәміл сенемін.
– Жауабыңызға рақмет. Енді ҚХА-ның бастамасымен әр аймақта, оның ішінде біздің ауданда да пайда болған «Қоғамдық келісім және даму орталықтары» туралы сөз етсек. Жалпы ауданымыздағы филиалдың бағыт-бағдары және жергілікті қоғам үшін маңыздылығы қандай?
– Жалпы Қарасай жері Алматы облысындағы халық саны тығыз орналасқан ауданның бірі болып табылады. Ал адам саны көп жерде өзге ұлт өкілдері де жиірек кездесетіні белгілі. Осы тұста 2022 жылы Алматы облыстық ішкі саясат басқармасының жанынан құрылған «Қоғамдық келісім» мекемесінің Қарасай аудандық бөлімі жұмыс істей бастады. Жоғарыда айтып өткенімдей, біздің бөлім – өңірлік этносаралық татулықты нығайтатын, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дамытатын маңызды құрылым.
Негізгі бағытымыз – бірқатар әлеуметтік маңызды мәселелерді шешу. Бұл, ең алдымен, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және жүзеге асыруға жәрдемдесу. Этномәдени орталықтарға әдістемелік, ұйымдастырушылық және құқықтық көмек көрсетіп, олардың жұмысын жандандыру.
Бүгінгі таңда ауданымызда «Ахыска» және «Ұйғыр» этномәдени бірлестіктер жемісті еңбек етіп келеді. Олар жылда ауданымызда өтіп жатқан түрлі мәдени шараларға қатысып, белсенділік танытуда. Мәселен, былтырғы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні, таяуда ауқымды түрде аудан аумағында өткен Алғыс айту күні, Облыстық тіл фестивалінің деңгейіне қарап-ақ этномәдени бірлестіктердің айрықша белсенділігін аңғаруға болады.
– Жоғарыда айтып өткен бірлестіктерге кеңірек тоқталып өтсек. Өңірдегі этномәдени бірлестіктердің ұлтаралық келісімді нығайтудағы үлесі қандай?
– Иә, бүгінде ауданымызда екі этномәдени бірлестік бар. Ол бұрыннан келе жатқан «Ахыска» түрік этномәдени және 2025 жылдың басында тіркелген «Ұйғыр» этномәдени бірлестіктері. Бүгінде бұл орталықтармен мақсатты жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтқанда, бірлестіктер ҚХА-ның жұмысын үйлестіру мақсатында ұйғыр, түрік этностарының мәдениетін, өнерін және дәстүрлі мерекелерін дәріптеу мақсатында этномәдени орталықтардың көрмелеріне қатысады. Әртүрлі қайырымдылық шаралардың өтуіне атсалысып, керек кезде қолдау білдіреді. Мәселен, «Мектепке жол» акциясы аясында бірнеше оқушыны кеңсе тауарларымен қамтамасыз етіп, «Жүректен-жүрекке» акция аясында су тасқынан зардап шеккен аймақтарға азық-түлік пен киім-кешектер жіберді. Сонымен қатар ауданды көгалдандыру мақсатында «Жасыл ел» ағаш отырғызу акциясын өткізді.
Одан бөлек Алматы облыстық ҚХА-ның ұйымдастыратын іс-шараларына белсене қатысып, өңірдегі этносаралық келісімді және мәдени әртүрлілікті дамытуға, татулық пен достықты нығайтуға бағытталған шараларға зор үлес қосуда. Олар ұлттық киімдер, музыка, би және халық шығармашылығын таныстыру арқылы мәдени мұраны сақтауға ықпал етеді.
– Күні бүгінге дейін «Қоғамдық келісім және даму орталығының» аудандық бөлімінде қандай мәнді шаралар өткізілді? Осы жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.
– «Қоғамдық келісім және даму орталығы» Қарасай ауданындағы бөлімі ақсақалдар, аналар кеңестерімен, қоғамдық медиаторлармен, ассамблея жастарымен, этномәдени бірлестіктермен этносаралық келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған түрлі форматтағы іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Атап айтсақ, этносаралық татулықты насихаттауға арналған «Бірлік. Келісім. Тұрақтылық», «Бейбітшілік – ел тірегі» тақырыптарында дөңгелек үстелдер мен кездесулер, «Жастар және бірлік: Қазақстандағы жастардың келісім мен тұрақтылықты сақтау рөлі», «Этносаралық келісімнің және ұлттық бірліктің негізі» «Бірліктің 30 жылы» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары «Ассамблея 30 жыл әлемі» атты мәдени шаралар жүйелі түрде өткізіліп, мереке күндері этнос өкілдері арасында блиц-сауалнамалар, құттықтау видеолары түсіріліп, челлендждер жолданады. Сонымен қатар, жастармен, этномәдени бірлестіктермен бірлесе патриотизмді дамыту, тарихи сана мен рухани жаңғыру құндылықтарын дәріптеу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Бұған қоса, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ауданда «30 игі іс шара» жобасы әзірленген болатын. Сол жоба аясында қайырымдылық, экологиялық акциялары, құқықтық түсіндіру жұмыстары, мәдениеттік, қолөнер, көрме ұйымдастыру, достық челлендждер мен флэшмобтар өткізу, ұрпақтар сабақтастығының құндылықтарын үйрету, этнос өкілдерінің дәстүрі мен тағамдарын насихаттауға арналған шаралар атқарылуда.
– Дидар Мұхтарұлы, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі де сіздердің басты назарларыңызда екені белгілі. Осы ретте Қарасай жерінде мемлекеттік тіл мәселесін насихаттау қалай жүргізілуде?
– Әрине, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі әрі маңызды бағыттарының бірі қазақ тілінің мәртебесін көтеру болып табылады. Бұл ҚХА бөлімі саналатын «Қоғамдық келісім және даму орталығына да» байланысты. Сондықтан өз тарапымыздан үздіксіз жұмыс жүргізіп келеміз.
Нақтырақ айтқанда, ҚХА-ның «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» жобасын іске асыру бойынша арнайы жоспар әзірленіп, оның аясында «Тұғыры биік туған тіл», «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің негізі», «Тіл – достық пен ынтымақтың көпірі», «Мемлекеттік тіл және жас ұрпақ» атты этностар арасында дөңгелек үстелдер мен кездесулер өткізілуде. Сонымен қатар, айтулы мерекелік даталарға этнос өкілдері мемлекеттік тілде құттықтау видеолар түсіріп, челлендждер жолдайды. Қазақ тілінде еркін сөйлеуді ынталандыратын түрлі байқаулар мен мерекелік шаралар ұйымдастырылуда. Бұл этностардың мемлекеттік тілге деген қызығушылығын арттыруға зор ықпал етуде.
Жалпы тіл мәселесі қай кезде де, қай елде де маңызды. Біз осы ұстанымға сай жұмысты жалғастыра береміз.
– Ауданымыздағы этномәдени бірлестікті сақтау мақсатында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталдық. Енді сөз соныңда, алдағы жоспарларыңызбен бөлісе өтсеңіз. Алға қойған мақсат-мүдде қандай?
– Бүгінде Қазақстан халқы тату, жері тыныш, қоғамы тұрақты мемлекетке айналды. Бұл, шын мәнінде, мақтан тұтарлық жетістік. Сан түрлі ұлыстың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыру – оңай шаруа емес. Осы орайда біздің алдымызда этносаралық ахуалды тұрақты ету, Мемлекет басшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы ұсынған бастамалар мен этносаясатты байыппен жүргізу аясында қойылған міндеттерді орындау, ҚР Президентінің Ұлттық құрылтайда айқындаған мәселелерді іске асыру міндеті тұр. Осы бағытта жүйелі жұмыстар жүргізетін боламыз.
Бұған қоса алдағы уақытта қоғамдық келісімді тереңдетуге бағытталған жұмыстарды қолға алуды жоспарлап отырмыз. Солардың бірі – ҚХА-ның 30 жылдығы аясында этномәдени бірлестіктердің рухани және мәдени әлеуетін арттыру, жастар арасындағы этносаралық достықты нығайту мақсатында түрлі форматтағы шаралар ұйымдастыру.
– Дидар Мұхтарұлы, уақытыңызды бөліп, «Қоғамдық келісім және даму орталығының» жұмысымен жақынырақ таныстырып өткеніңізге рақмет! Сізге және ұжымыңызға сәттілік пен жетістік тілейміз!
Әңгімелескен Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.