Қарасай ауданында халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда. 2025 жылы осы мақсатқа 3 млрд 621,4 млн теңге бөлініп, қаражат толық игерілді. Нәтижесінде жоспарланған 248 пәтердің орнына 251 пәтер сатып алынып, жылдық жоспар артығымен орындалды.
Оның ішінде сатып алу құқығымен жалдамалы тұрғын үй ретінде 226 пәтер сатып алынды. Атап айтқанда, Қаскелең қаласы, Елтай, Береке және Шамалған ауылдарынан тұрғын үйлер алынып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға беруге дайындалды. Сонымен қатар несиелік тұрғын үй бағдарламасы аясында қосымша 25 пәтер сатып алынды.
Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары тек пәтер сатып алумен шектелмейді. 2026 жылы құрылыс бөлімі сатып алынған 226 жалдамалы пәтерді «Отбасы банк» акционерлік қоғамының теңгеріміне тапсырды. Бұл пәтерлер Елтай, Карлыгаш және Шамалған тұрғын үй кешендерінде орналасқан. Бүгінгі күні олардың 68-і әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға берілді.
Ал 2025 жылы әлеуметтік осал санаттағы тұрғындарға барлығы 73 пәтер табысталған болатын. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындарының тұрғын үйге қолжетімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімді жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ. 2026 жылы әлеуметтік осал топтар үшін 293 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта осы мақсаттағы конкурстық құжаттамалар әзірленуде.
Сонымен қатар аудан аумағында жаңа тұрғын үй жобалары іске асырылуда. Жоспарға сәйкес Қаскелең қаласындағы «Карлыгаш» тұрғын үй кешенінен 72 пәтер және Елтай ауылындағы «Елтай» тұрғын үй кешенінен 120 пәтер сатып алу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, Елтай ауылдық округінде жеке инвестордың қаржысы есебінен жалпы саны 164 пәтерді құрайтын екі қабатты таунхаус үлгісіндегі тұрғын үйлер салу жоспарланған.
Жүзеге асырылып жатқан бұл жобалар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды тұрғын үймен қамту көрсеткішін арттырып, аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етпек.
Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасуда
Home » Жаңалықтар » Жұмыспен қамту » Әлеуметтік осал топтарды тұрғын үймен қамту жұмыстары жалғасуда

