Денсаулыққа пайдалы жемістердің ішінде иммунды жүйені жақсартып, түрлі ауруларға тосқауыл болатын көпжылдық мәңгіжасыл лимонды ерекше айтуға болады. Оның құрамындағы магний, калий мен С дәрумені жүрек және жүйке жүйесін жақсартады, қан қысымын қалыпқа келтіреді. Сондай-ақ лимон қосылған қайнатылған жылы су бауыр, өт, бүйрек ауруларының алдын алып, ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады.
Жамбыл ауылдық округіне қарасты Батан ауылының тұрғыны, көп балалы әке Ерлан Алдабергенов – алғашқы болып денсаулық үшін пайдасы мол осы бір жемісті Қарасай жерінде өсіріп, жерсіндіруге кіріскен кәсіпкер. Оның мақсаты – ауданда лимон бағын жайқалтып, өнімдерімен тұтынушыларды тәнті ету.
Ерлан Бейсенбекұлы 12 жылға жуық Алматы қаласындағы теміржол бекетінде қызмет етіп, күндерін жол үстінде өткізкен. Кейінгі жылдары жұмысына байланысты денсаулығы сыр беріп, өміріне өзгерістер алып келу жайлы шешім қабылдайды. Сөйтіп, 2019 жылы жылыжай салу ісімен айналыса бастаған. Басында түрлі жағдай болып, тығырыққа тірелген ол отбасын асыраудың жолы осы деп білген. Осылайша тәуекелге бел байлап, үйінің жанынан жылыжай салған. Бастапқыда тез өсіп, өнім беретін қияр мен қызанақ егіпті. Біраз жыл дайын өнімдерін жергілікті жерлердегі дүкендерге, сауда орталықтары мен адамдарға сатумен айналысқан. Қосымша өзінің туыс бауырларымен Өзбекстанның астанасы – Ташкент қаласынан лимон түптері мен бұталарын әкеліп, мекемелерін безендіргілері келген сауда орындары, кеңселер мен кәсіпорындарға сатумен айналысқан.
Уақыт өте келе кейіпкеріміз ауласындағы жылыжайда тағы да өзге нәрсе өсіруді ойлай бастаған. Сөйтіп, біраз толғанып лимон жемісін жайқалтуды мақсат еткен.
– Қарасай жеріне көшіп келгенде бұл өңірдің ауасы таза, топырағы құнарлы екенін байқадым. Сондықтан жұмыстан біржола қолым босағаннан кейін аулаға жылыжай салып, оның ішіне қияр мен қызанақ өсірдім. Біраз жыл осы көкөністердің қызығын көрдік. Лимон өсіру бұрындары да ойымда болған.
Жалпы өздеріңіз білетіндей, лимон жемісі құрамында пайдалы дәрумендері көп, денсаулықты нығайтуға өте пайдалы. Сондықтан сұранысқа ие, алайда құны қымбат. Мәселен, бүгінде базардан лимонның 1 келісі – 1000 теңге. Себебі біздегі сатылымдағы лимонның көбі шеттен келеді. Осы жағын ойлап, лимон өсіргім келді, алайда бір жағынан оның ыстық жерлерде өсетін тропикалық жеміс екенін ойлағанда өзімді біраз тоқтататыммын. Кейін лимон бұталарын сататын бауырларыммен ақылдасып жүріп, не болса да бастап көруді шештім, – дейді кәсіпкер.
Ерлан Бейсенбекұлы ағымдағы жылдың басында жылыжайын кеңейтіп, бір бөлігіне дайындық жұмыстарын жүргізе бастады. Алайда оның барысында қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бірқатар қиындықтар туындаған. Мәселені шешу мақсатында ол аудандағы Мансап орталығына жүгінген. Ол жерде «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы 10 күндік арнайы курстарға қатысып, сертификат алып, мемлекет тарапынан бөлінетін қайтарымсыз грантқа өтініш берген. Комиссия мүшелерінің шешімімен грант иесі атанып, 400 АЕК көлемінде қаражат ұтып алды. Оған лимон түптерін, жылыжайдың ішіне жылы еден жасауға қажет цемент пен құбырлар, тамшылап суару жүйесін орнатуға керек шланг, тыңайтқыштар және тағы басқа қажетті заттарды сатып алып, күз айында жұмысқа кіріскен.
Нәтижесінде бүгінде жалпы аумағы 9 гектар жылыжайдың бір бөлігінде 73 түп лимон егілген. «Меир» деп аталатын сортты кәсіпкер Ташкенттен алып келген. Қазіргі уақытта ол тек отырғызылған ағаштарды баптап, оларды дұрыс өсірумен ғана айналысуда. Алғашқы жемісін үш жылдан кейін ғана көруді жоспарлап отыр.
– Әрине, жылуға үйренген жемісті күтіп-баптау оңай деп айта алмаймын. Алайда қазір мен «минималды» күтім жасап отырмын. Яғни түптерді уақытылы суғарып, тыңайтқыштар беріп отырмын. Себебі алдымен жемістің біздің климат пен жерге қаншалықты үйренетінін байқағым келеді. Егер осы жылы отырғызған түптеріміз жерсініп, жақсы өссе күтімді жақсартамын.
Негізінен лимонды ұйықтатып, демалдырып, содан соң барып өнім алуға дайындау керек. Бастапқы үш жылда ол өнім бермейді. Тек шығынға жұмыс істейсің. Үш жыл қыста жағатын газың бар, тынайтқыштар мен дәрі-дәрмегің бар, жұмысшыларға беретін еңбекақың бар – бәрі-бәрі шығынға батырады. Жылына 4 рет гүлдегенмен, ең көп дегенде екі рет қана өнім аласың. Дегенмен күтіміне айрықша көңіл бөлсе, бір түбі 40-50 келіге дейін өнім береді. Бір келі лимонның көтерме бағасы 1000 теңгеге дейін бағаланса, бұл 3-4 жылдың шығынын өтеуге және табысқа кенелуге жеткілікті. Сондай-ақ оның жерсінуі қиын болғанымен, бейімделуі оңай. Жерге үйреніскен соң, кем дегенде 100 жылға дейін жеміс беруге қауқарлы. Әзірге сұранысқа ие өнім негізінен ішкі нарықта саудаланады деп ойлап отырмын, – деді кәсіпкер.
Лимон өсіру ұзақ мерзімді бизнес болғандықтан, оның қазіргі шығынын жабу жолын кәсіпкер әлдеқашан ойластырып та қойған екен. Нақты айтқанда, жылыжайдың бір бөлігінде 600 түп қияр егіп қойған. Бұрынғыдай қияр мен қызанақ сату арқылы табыс тауып, отбасын бағып, лимон ісін ілгерілете беруді жоспарлап отыр.
Ерлан Алдабергенов – Қарасай жерінде алғашқы болып лимон жылыжайын құрған кәсіпкер. Бүгінде оған бірнеше осындай кәсіп бастағысы келетіндер келіп, ақыл сұрап та үлгерген. Бұған көп балалы кәсіпкер келетіндерге әркезде ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісіп, көмектесуге дайын екенін айтқан.
Оның ендігі – мақсаты жылыжайдың аумағын үлкейту. Сол үшін арнайы жер телімін де қарастырып қойған. Қазіргі уақытта иесімен келіссөздер жүргізуде. Егер ойын іске асыра алса келер жылы апельсин және памело жемісін өсіруді жоспарлап отыр.
– Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, апельсин мен памело өсіріп көргіп келеді. Қазірдің өзінде тәжірибе ретінде екеуінің көшеттерін отырғызып қойдым. Қазір жерсіндіріп, зерттеудемін.
Оның үстіне Қарасай жерінде осындай тропикалық жемістерді сәтті өсіріп, жақсы кәсіпке айналдырып, біраз нәрсені өсіруге болатынына көз жеткізгім келеді, – деді сөз соныңда Ерлан Алдабергенов.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.