Біз қаламгерлік қызметімізді бастаған 80-ші жылдардағы журалистиканың өз заңдылығы болатын. Ол кездері оқу бітіре салып телевидениеге немесе республикалық басылымдарға жұмысқа тұру – қиынның қиыны. Негізінен дипломыңды құшақтап, аудандық газеттердің біріне жолдамамен кете барасың. Үнемі жоғары білімді журналистерге зәру болып жүретін аудандық газеттің таусылып бітпейтін жұмысына бір аралассаң, одан шығу мүмкін болмай қалады. Алғашында барыңды сала, шығармашылық ізденумен еңбек етесің, келе-келе төселесің, соңынан бір ізге түсіп алып, желе-жортып келе жатқаныңды да аңғармай қалуың ықтимал. Тек алдына үлкен мақсат қойып, жергілікті басылымда жақсы тәжірибе жинақтағаннан кейін биіктерді бағындыруға ұмтылған жан ғана өзінің барлық қабілет-қарымын танытып, ұлттық деңгейдегі жазарман дәрежесіне жетуі мүмкін.
Мұның бәрін тәптіштеп айтып отырған себебім, менің әріптес досым, журналистика саласының еңбек торысындай болған Берікбай Қадықов та осындай жолдан сүрінбей өткен болатын. Қазіргі әл-Фараби атындағы Ұлттық университеттің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін өзі туып өскен Мойынқұм ауданына келіп, еңбек жолын бастаған. Кеңес үкіметі кезінде партиялық жүйенің барлық сатысынан өтпей жоғары лауазымға тағайындалуың екіталай. Осылайша Берікбай да газеттің бас редакторы болып тағайындалғанша небір сынақтарды басынан кешіргені анық. Есесіне, осы лауазымда 21 жыл тапжылмай отырып, ауданның ыстық-суығын бір адамдай көрген болатын. Мақалалары ауданда ғана емес, облыстық, республикалық басылымдарда үзбей жарияланып, елде жүріп-ақ танымал публицист атанғаны бар.
Тағдырдың жазуымен Қарасай ауданына қоныс аударғанда да қызмет іздеп әуре болған жоқ. Өзінің сүйікті ісі әрі мамандығы бойынша аудандық газетке орналасып, ұзақ жылдар бойы қатардағы тілші, редактордың орынбасары болып еңбек етті. Тіпті, құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де газеттен алыстамай, бүгінге дейін редакциямен тығыз қарым-қатынасын үзбей келеді. Мамандыққа деген адалдық бір болса, осындай-ақ болар.
Берікбаймен қызмет бабы бойынша да, сырлас адам ретінде де араласқаныма біраз жыл болыпты. Адамды алаламайтын, жүрегі ашық, жабыққанға қашанда көмек қолын ұсынуға дайын тұратын жағымды мінезі, орайы келгенде әдемі әзілімен ортаның гүліне айналатын тапқыштығы, қоғамда болып жатқан оқиғаларды сана безбенінен өткізіп, саралап отыратын сақалығы сүйсінбесіңе қоймайтындай. Сол Бекең 70-тің желкесіне қоныпты дегенді естігенде алғашында сене қоймағаным да сондықтан. Сөйтсем, Бекең кеудесін соқпай, өзін жарнамаламай, ақырын жүріп асқар биікті алқынбай бағындырған екен-ау. Ендеше, әріптес-досыма ұзақ ғұмыр, зор денсаулық, отбасылық бақыт және шығармашылық табыс тілегім келеді!
Қуат ҚАЙРАНБАЕВ,
ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.