Біз ардагерін ардақтап, қарттарын қадірлеген халықпыз. Өскелең ұрпаққа даналығы мен сабырлығы үлгі болған қарт адамдардың біз үшін орны бөлек. Өздеріңізге белгілі, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Жылда атаулы күнге орай ауданымызда түрлі шаралар жан-жақты өткізіліп жатады. Бұл ретте жүрегі кең, жомарт жандардың қайырымдылық істері де назардан тыс қалған емес. Осындай атымтай азаматтардың бірі – аудандық мәслихаттың депутаты Әділ Әділханов қарияларымызға ерекше құрмет көрсетті. Халық қалаулысы «Khama Park» мейрамханасында Ұмтыл ауылдық округінің 80-нен астам ата-әжелеріне арнайы кең дастархан жайып, оны той-думан түрінде өткізді.
Ынтымағы жарасқан ауыл қарияларының бас қосуын бірге атап өту үшін құрметті қонақтардың қатарында округ әкімі Ришат Құлыншақов та болды. Алғаш сөз кезегін алған басшы ата-әжелерді құттықтап, «Ауылдың көркі де, қаймағы да өздеріңіз. Сіздердей өнеге болар жандар аман болсын!» – деп, ізгі ілтипатын білдірді.
Жалпы, Ұмтыл округінің ақсақалдары мен апалары өнерден, спорт жағынан құр алақан емес екен. Тіпті, осы кеште мәдениет үйінің жанынан құралған өнерлі жандардың мерекелік концерттік бағдарламасы да қойылды. Ансамбль болып бірнеше музыкалық нөмірлер қойылып, ардагерлер хоры, трио, жеке әнші, күйшілер өнер көрсетті. Осындай өнерпаз жандардың басын құрауға мұрындық болған, әрі музыкалық жетекшісі атанған Қалибек Шайжан атамыздың да еңбегін атап кеткен жөн. Осылайша бойларында әлі де қажыр-қайраты бар қариялардың концерттік бағдарламасы «Атамекен» хорымен аяқталды.
Мереке барысында ізгі тілектер де айтылып жатты. Округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Елтай Хасенов пен әжелер алқасының төрайымы Нағима Сағатова өздерінің ақ ниеттерімен, жиналған көпшілікті құттықтады. Сондай-ақ, осындай ақ дастархан жайып, қарттарын құрметтеген, керемет көңіл-күй сыйлаған Әділ Серікханұлына өз ризашылықтарын білдірді. «Бүгінде аудан қалаулысы болсаң, ертең елдің тұтқасын ұстар азамат бол!» – деп, жүрекжарды тілектерін айтты. Сонымен қатар, ата-әжелеріміз арнайы Алғыс хат пен ат ұстар азамат болсын, деген ниетпен қамшы тарту етті.
Ия, біз қарияларымызды осы бір күнде ғана құттықтамай, оларға әрдайым басқа кездерде де көңіл бөліп отыруымыз керек деп ойлаймыз.Кәріліктің сыр алған шағында оларға жақсы көңіл-күй сыйлап, қадірлеп өту – жас ұрпақтың парызы.
Дидар МУХАМАДИЕВ.