Алдыңғы аптаның соңында ауданымыз бойынша «Жолда қабылдау» акциясы өткен болатын. Екі күнге, яғни, 5-6 сәуірде жалғасқан жобаға Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жергілікті азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап берді.
«Жолда қабылдау» акциясы барысында жол қозғалысы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін түсіндіру басты назарға алынып, көші-қон заңнамасын сақтауға, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыппұлдарды төлеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Қоғам мен тәртіп сақшылары арасындағы байланыс алаңын кеңейтуді мақсат тұтқан тағы бір жолда қабылдау пункті ауданымыздың аумағында орналасқан «Барыс» автокөлік базары маңынан да ұйымдастырылып, мұнда да полиция қызметкерлері тұрғындарға жан-жақты құқықтық кеңес берді. Жалпы, полиция қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша, акция барысында 200-ден астам азаматқа құқықтық кеңес қызметі көрсетілген.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.