«Өрлеу» бағдарламасына қатысуға алғашқылардың бірі болып ниет білдіріп, оның игілігіне көз жеткізіп, жақсылығын көріп отырғандардың бірі Райымбек ауылдық округінде тұратын Фартдиновтар отбасы. Отағасы Равиль Маратұлының жасы 43-те. Өзі ІІ топтағы мүгедек. Әйелі Нұрсұлу екеуі жеті бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Олардың алды алтыншы сыныпты аяқтаса, кішісі енді ғана төртке толмақ. Жоба туралы ең алғаш көп балалы ана Қаскелең қаласындағы Абай мектеп-гимназиясында аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары ұйымдастырған жиналыстардың бірінде естіп, білген екен. Мұқтаж жандарға қаржылай да жәрдемдесіп, кәсіп меңгеруге себепкер болып, екі қолға бір іс ұсынуды мақсат еткен мемлекет көмегіне бірден қызығушылығы оянып, осы жылдың ақпан айынан бастап тиісті құжаттарын жинап, өткізген. Отбасының еңбекке жарамды мүшесі ретінде, әлеуметтік келісімге сай, Нұрсұлу аудандық құмыспен қамту орталығы арқылы кәсіптік қайта даярлаудан өтеді. Нақты айтқанда, қазіргі кезде әлі де Қаскелеңдегі С. Жандосов атындағы колледжде тігін өнеріне машықтанып жүр. Жақында ІІІ разрядты тігінші екенін айғақтайтын сертификатын қолына алады.
Ал, жоба бойынша белгіленген 387 402 теңге шартты ақшалай көмекті де бұл отбасы пайдалы іске жұмсауға ниет еткен. Яғни, үш түрлі тігін машинасын сатып алған. Сонымен қатар, Равильдің жоғарғы оқу орнында алған мамандығы бағдарламашы екенін де айта кеткен жөн. Жалпы, ол электроника құралдарының тілін жақсы білгендіктен, компьютердің кейбір бөлшектерін жөндеуге арналған арнайы құрылғыға дасол қаражатты жеткізген.
– Бәлкім біреу айтса, сенер ме едім, сенбес пе едім… Ал, осындай мемлекеттік қолдауға өзім ие болып, басымнан өткеріп отырған-дықтан, алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Нұрсұлу Бекетқызы. – Өзім көпбалалы анамын, отбасымыздағы жалғыз асыраушымыз жолдасым ғана еді. Кейде оған да жұмыс болмай қалатын кездер де кездесетін. Енді, міне, мен де бір кәсіпті меңгеріп, қосымша табыс тауып, жәрдемдесетін болдым. Сертификатымды алған соң алдымен көрші-қолаңға, туған-туысқандарға қызметімді ұсынатын боламын. Қазір өзім тіккен кеудеше, көйлектерімді киіп жүрмін. Тіп, болашаққа жақсы жоспарлар құра бастадық. Тігін цехын ашсақ, балаларға арналған киімдер шығаруды қолға алсақ дегендей… Сондықтан, осылайша бізді келешекке жігерлендіріп, толымды табыс табуға талпындырып, ынталандырған «Өрлеу» жобасына қатысқаныма өте қуаныштымын. Бұл ретте аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұжымына, соның ішінде жылы жүзбен қарсы алып, барлығын түсінікті тілмен жеткізіп, жақсы қолдау көрсеткен сектор меңгерушісі Шынарай Саржановаға, кеңесші Дәулет Базарбаевқа, бізбен тікелей қарым-қатынаста, байланыста болатын Абзал Нұсқабайға ықыласым ерекше. Сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығына үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Бұдан бөлек, С.Жандосов атындағы колледжде курстан өткенімде маған ақыл-кеңестерін берген шеберлер Ұлдана, Ажар, Айсұлу апайларға да айтар алғысым көп. Барша өзім сияқты жандарды, Елбасының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан бағдарламаның игілігінен құр қалмай, жарқын өмірге, кемел келешекке бірге өрлеуге шақырамын!
Клара КӨПБАЕВА.