Ауданымызға қарасты теміржол торабында орналасқан Жібек жолы ауылдық округінде жыл өткен сайын халық саны өсіп келеді. Осыған байланысты мұндағы әлеуметтік мәселелер де күн санап артуда. Дегенмен мұнда жоспарлы жұмыстар жүйелі жалғасын тауып келеді. Аталған округтегі әкімдіктің берген мәліметіне сүйенсек, Қарасай ауданы әкімінің қолдауымен мұнда бірталай өзгерістер орын алып, тұрғындардың жағдайын жақсарту мақсатында көптеген игі істер атқарылды. Адам саны артып келе жатқан округте бүгінде 36 368 тұрғын мекен етеді. Оның қарамағына Жібек жолы, Көлащы, Тұрар ауылдары, теміржол бойында орналасқан Жыңғылды және Құрқұдық елді мекендері мен тоғыз саяжай кіреді.
Округке қарасты ауылдардағы жолдар кезең-кезеңімен жөнделуде. Мәселен, Жібек жолы ауылы Төле би көшесіне асфальт жабындысы төселініп, қалған қаражатқа тұрғындардың өтініші бойынша ұзындығы 500 метр болатын Д. Құсайын көшесіне қиыршық тас төгілді. Сонымен қатар, Көлащы ауылы Баянжүрек көшесіне қиыршық тас төселіп, жұмыстар толық аяқталды. Облыстық бюджеттен қаражат қарастырылып, қазіргі таңда Жібек жолы ауылы Д. Қонаев, Ы. Алтынсарин, Жамбыл, Амангелді, Б. Майлин, «Алтын таға» темірбетон жасалған бұйымдарды өндіретін зауытқа апаратын көшелеріне асфальт жабындысы төселді.
Одан бөлек, аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Жібек жолы ауылы бойынша Кенесары, Жетісу, Бөгенбай батыр, Ордабасы(жаңа атау: жаңа қазақ орта мектептің қасындағы көше), Рысқұлов, Қ. Әбділда, С. Сейфуллин, Қорқыт баба, Ынтымақ, Жанқожа батыр, Жаңалық, Көлащы ауылы бойынша Жамбыл, Аронов жалғасы, Тұрар ауылы бойынша Ұлан көшелеріне жобалау-сметалық құжаттамасын жасау үшін сұраныс берілді.
Тұрғындардың өтініштерін жүзеге асыру мақсатында Тұрар ауылы Қаратал көшесіне, Көлащы ауылы Үлгілі көшесіне, Жібек жолы ауылы Ынтымақ көшесіне трансформатор орнату үшін жер телімдері беріліп, мемлекеттік актілері рәсімделді. 2023 жылы электр жарық беру жүйесін жаңалау үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға Жібек Жолы,Көлащы, Тұрар ауылдарына қаражат бөлінді.
Көшелерге жарықтандыру бағаналары Тұрар ауылындағы Көпбаев, Ашекеев, Аронов, Ұлан, Байжарасов көшелеріне орнатылды. Сонымен қатар, Жібек жолы ауылы Жаңа қазақ орта мектебіне апаратын жолға, Қарасу көшесі де толық жарықтандырылды. Одан бөлек Тұрар ауылының Дружба көшесіне түнгі жарық шамдарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Алдағы жылға Қарасай ауданы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне Жібек жолы ауылында орналасқан Ы.Алтынсарин, Ақжазық, Д.Құсайын, Ж.Дүйсеков, Р. Байжарасов, Көлащы ауылында, Д.Қонаев көшелеріне түнгі жарықтандыру жүргізу бойынша сұраныс хат жіберіліпті.
2020 жылы «КазАвтоЖол» АҚ ұлттық компаниясы Алматы-Астана бағытындағы автомобиль жолының 43 шақырымынан бастап, жалпы ұзындығы 7 шақырымды теміржол өткелі көпірінің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аяқталу мерзімі 2024 жылдың І тоқсанына жоспарланған.
Округте соңғы кездері қоғамдық көлікке қатысты мәселелер жақсы жағынан шешіліп келеді. Биыл қыркүйек айында «Алтын орда – Тұрар» бағытындағы маршруттары №6 қоғамдық көлік іске қосылды. Сонымен қатар, мұнда халықты тасымалдау бойынша №11 «Қаскелең қаласы-Көлащы ауылы», № 8 Көлащы- Жетісу- Мерей- Алтын Орда бағытына, №12 «Алтын Орда – Көлащы» ауылына, №213 «Көлащы ауылы-Алматы қаласы Сәлем базары» (оңай жүйесі арқылы) бағыттарында қоғамдық көліктер жүреді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Жібек жолы ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектебіне 600 орындық жапсаржай құрылысы жүргізіліп, қолданысқа берілді. Тұрар ауылы Көпбаев көшесінде қазіргі таңда воркаут алаңының құрылысы жүргізілуде, 2024 жылы толық қолданысқа беріледі.
Жібек жолы ауылы Байқоңыр көшесінен Мәдениет үйін салу үшін 0,50 га жер учаскесі бөлінді.
Бұрым ОРЫНБАСАР.