Қарасай ауданы мен Алматы қаласы арасында қатынайтын тағы бір маршрут ашылды. Тұрғындардың сұранысы бойынша іске қосылған қоғамдық көліктер 25 желтоқсаннан бастап жолға шықты.
№256 бағыттағы қоғамдық көліктер Алматыдағы Төле би мен Яссауи көшелерінің қиылысынан бастап, Қарасай ауданының Жібек жолы ауылдық округіне қарасты саяжайларға дейін жүреді. Автобустар «Алматы-Бішкек» трассасы арқылы Жамбыл, Қошмамбет, Ұлан ауылдары арқылы өтеді. Тасымалдау қызметіне «ECOBUS SERVICE» ЖШС жауапты. Жол жүру құны – 120 теңге. Оны «Onay» картасы және төлем жүйесі арқылы жүзеге асыруға болады. Автобустардың жалпы саны жетеу болса, олардың арасындағы жүріс аралығы 29 минутты қамтиды.
Аталған жаңа маршрут Алматы қаласының мобильділік басқармасымен бірлесіп, тұрғындардың сұранысына жауап ретінде іске қосылды.
Айта кету керек, автомобиль көлігімен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелеріне сәйкес, бұл маршруттар тасымалдаушыларға қызмет көрсету конкурстары өткізілгенге дейін берілген және тестілік режимде жұмыс істейтін болады. Қорытындысы бойынша қозғалыс сызбаларына жолаушылар ағыны мен халықтың қажеттілігін ескере отырып өзгерістер енгізілетін болады.
Өз тілшіміз.