нағыз полковник туралы әңгіме
Әрбір саналы адам өмірде өзіндік жолын таңдайды, яғни, алдына осыған қолымды жеткізсем деп, ойына орныққан мақсатын қояды.
Біздің кейіпкеріміз де мектептен кейін милицияға (қазіргі полиция) жұмысқа тұрып, тыныштық күзетшісі болсам деп аңсаған екен. Ол арманы кешегі Кеңес одағының Солтүстік әскери-теңіз флотында азаматтық борышын өтегеннен соң барып қана орындалыпты.
Иә, Кемал Тілеубаев Полярный қаласында орналасқан осы флоттың сүңгуір кемесінде байланысшы болған, ол жақтан ауылына етінің тірілігі, іске мығым, тиянақтылығының, міндетін үлкен жауапкершілікпен атқаруының арқасында кіші лейтенант шенімен оралған.
Алматы арнаулы милиция мектебін, Қарағанды жоғары милиция мектебін бітірген, Белоруссияның Могилев қаласындағы теміржол милициясы мектебінде білім алған, ұзақ уақыт ішкі істер саласында жемісті қызмет еткен Кемал Қоскемпірұлының шені қазір полковник. Ал, ол мұндай дәрежеге қалай жетті, енді сол жайында аз-кем әңгімелесек дейміз.
Иә, 1950 жылы 22 мамырда қазіргі Елтай ауылдық округіне қарасты Қаратөбе ауылында дүниеге келген, Береке ауылындағы Мәсімхан Бейсебаев атындағы орта мектепті аяқтаған, бүгінде 70 жастың биігіне абыроймен көтеріліп отырған ағамыз негізінен ішкі істер органдарының қылмысты іздестіру жүйесінде істепті.
Алғашында жұмысын қатардағы жедел уәкілдіктен бастаған Кемекең бірталай қызмет сатысымен көтерілген. Атап айтқанда, Алматы облыстық ішкі істер департаменті 6-шы басқармасының инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары болған. Ауыр қылмыстарды ашу бөлімі бастығының орынбасары қызметін атқарған. Бір кездері елімізде құрылған мемлекеттік тергеу комитеті (ГСК) іздестіру бөлімінің бастығы лауазымында да біраз уақыт тер төгіпті.
Кемал Қоскемпірұлы, сонымен қатар, кеңес өкіметінің тарих сахнасынан кетер кезіндегі бірқатар жағдайы ушыққан аймақтарында болып, ондағы орын алған текетірестің жай-жапсарын анықтауға тікелей араласқандардың бірі. Мәселен, 1987-1988 жылдардағы Кавказдағы Степанакерт, Шуша, Карабахтағы жанжалдарды тоқтату шараларының, 1989 жылғы өзіміздің Жаңаөзен қаласындағы басқа ұлт өкілдерімен арадағы келіспеушілікті реттеудің, 1991 жылғы Оңтүстік Осетиядағы Цхинвали қаласындағы ұрыстардың себебін тергеу әрекеттерінің бел ортасында жүрген.
1986 жылғы азаттық аламыз деп алға ұмтылған қайран қазақ жастарының Желтоқсан көтерілісін сараптап, зерделеген, әйгілі ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов басқарған комиссияның жұмысына да атсалысыпты.
Зейнеткерлікке шығар алдындағы он жылда Алматы облыстық ішкі істер департаментінде кісі өлімін тексеріп, тергеу жұмысында болып, генерал-майорлар Талғат Құлыбаев, Құрал Серікбаев, Сағындық Асылкеней және Алик Шпекбаевтың қарамағында бөлім басқарған және осы орайда жақсы қызметімен танылған.
Кемекеңнің өз жұмысында көптеген марапатқа ие болғанын да айтқанымыз дұрыс. Олардың ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісі, Мәскеуден алған Қылмысты іздестіру жүйесінің 100 жылдығына арналған медаль мен «Қызыл жұлдыз» медалі бар. Ал, суреті мен әртүрлі құжаттары Алматы облыстық Ішкі істер департаментінің музейіне құрметпен қойылған.
Әрбір адамға да отбасының орны өте үлкен, қымбат, қастерлі. Кемал аға да өзінің өмірлік жолдасын – Мариякүл Мұқашқызын жаңылмай тапқан. Әйтеуір, әлі күнге дейін бір-бірін барынша сыйлап, қатты қадірлеп отбасының түтінін түзу ұшырып келеді.
Ол кісі ұзақ жылдар бойы теміржол саласында, атап айтқанда, вокзал кассаларында қызмет істеп, зейнеткерлікке шыққан. Екеуі тәрбиелі ұл-қыз өсірді. Бүгінде олардан өрбіген немерелеріне ардақты ата, асыл әже атанып отыр.
Бұл да нағыз адамдық бақыттың бірі ғой.
Жасай беріңіз, Кемал Қоскемпірұлы!
Берікбай ҚАДЫҚОВ.