Елімізде төтенше жағдай орын алып жатқанда, жақында тұрмыс-тіршілігі тұрақты Түркістан облысының Мақтарал ауданында айтып келмейтін апат орын алған болатын. Анығын айтқанда, тосыннан келген тілсіз жау – су тасқыны осы өңірдің жұртшылығын біраз әуреге салды.
«Қайғы бөліссе азаяды» дегендей, қазіргі уақытта мақтараалдықтарға еліміздің әр аймағынан жан-жақты қолдау көрсетілуде. Жұмыла көтерер жүкті арқалау деген ниетпен алыстағы ағайынның ахуалына алаңдаған Жетісу жұртшылығы да бей-жай қарамай, көмек қолын созуда.
Аптаның алғашқы күнінде Алматы облысының атынан азық-түлік пен құрылыс заттары тиелген 15 жүк көлігі көмек керуені ретінде Түркістан облысына аттанды. Аймақ басшысы Амандық Баталовтың бастамасымен, сондай-ақ, әр ауданның кәсіпкерлерінің демеушілігімен жүзеге асқан гуманитарлық көмекте апаттан зардап шеккендерге қажетті заттардың бәрі қамтылған. Мәселен, Жамбыл ауданы 30 мыңдай кірпішін, Балқаш халқы 8 тоннадай ақ күрішін берген. Ал, біздің Қарасай жұртшылығының атынан 25 текше метр құрылыс ағашы жөнелтілді. Дәл сол сияқты басқа аудандар да керек-жарақтарды аттандырды.
Көмек керуеннің көшін қадағалап жүрген «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанболат Жөргенбаевтың айтуынша, мұндай игі бастамаға Жетісу өлкесінің бірқатар атымтай азаматтары барынша қолғабыстық танытқан.
Түркістан облысына жол тартқан жүк көліктерімен бірге көмек көрсету үшін 20 ерікті де аттанғанын айта кеткен жөн. Олардың Мақтаарал жерінде атқаратын жұмыстарына қатысты Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Қаратас түсіндіріп берді.
– Ерікті Жетісу жастары осы жүк көліктерімен бірге Түркістан өңіріне жол тартпақ. Апат орын алған жерге барып, 10 күн бойы өздерінің қолдарынан келгенше көмектерін көрсете отырып, белсенді жұмыс атқаратын болады, – деп Жомарт Мандатұлы волонтерлердің ол жаққа барудағы мақсатын айтып берді.
Осылайша, дүйсенбі күні жолға шыққан 15 жүк көлігі Жетісу халқының аманатын арқалап, аман-есен 13 мамыр күні Түркістан облысына жетті.
Қиындыққа бірге қарсы тұру – біздің атадан келе жатқан игі салтымыз. Әр қиындықтың артында бір жеңілдік боларына сенім білдірейік! Мақтаарал халқы, біз сіздермен біргеміз!
Дидар МУХАМАДИЕВ.