Тосыннан келген қиындыққа тап болған Арыс қаласының тұрғындарына көмек қолын созуға жетісулықтар да жедел жұмылды. Осы аптадағы сәрсенбінің сәтті күнінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен арыстық ағайынға арналып Жетісу өңірінен жиналған алғашқы гуманитарлық көмектің 8 жүк машинасынан құралған керуені Түркістан облысына аттанды.
Қиын сәттерде халықтың бірлігі бұл қайғылы оқиғаға бей-жай қарамайтын адамдар үшін аса маңызды. Алматы облысы бойынша Арыс қаласында зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында 23 арнайы көмек қабылдау пункті ашылған. Ол жерлерге өңірдегі жиырмаға жуық ірі компания, мемлекеттік мекемелер, мемлекеттік емес ұйымдар, кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, тұрғындар жан-жақты шамаларына қарай қажетті заттарды әкеліп тапсырған. Нәтижесінде 60 миллион теңгеге жуық соманы құрайтын гуманитарлық көмек заттары жинақталған. Атап айтқанда, 7 тонна қант, күріш пен тез дайындалатын тағам түрлері, балаларға арналған тамақтар, екі жүк машинасына тиелген құрылыс материалдары, киім-кешектер, сусындар, нәрестелерге арналған жаялықтар жіберілді.
Оған қоса ауданымызда орналасқан «АзияАгроФуд» крахмал-сірне зауытынан 15 тонна ұн өнімі арнайы көлікпен аттандырылды.
Бұдан бөлек облыс орталығында 150 бала 10 күндік демалыс лагеріне қабылданатын болады.
Сонымен қатар, Алматы облысының мемлекеттік қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың ведомстволық бағыныстағы ұйымдары мен бюджеттік мекеме қызметкерлері бір күндік жалақысын зардап шеккен арыстықтарға аударуды шешті. Алдағы уақытта мұндай қайырымдылық шаралар жалғасын табатын болады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.
Түркістан облысындағы жағдайға көмек көрсетемін деушілерге төмендегі реквизиттерді ұсынамыз:
«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры, реквизиттері:
Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Қызылорда тас жолы,
34 «А» ғимараты,
пошта индексі: 161200
БСН (БИН) – 100440016000 «Forte bank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы
ЖСК (ИИК) -KZ7196528F0007014540
БСК (БИК) – IRTYKZKA.