Жақында Шамалған ауылындағы «Үшқоңыр» спорт кешенінде, ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің, «Жетісу бөрісі» атты Алматы облыстық іріктеу жарысы өтті.
Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған дүбірлі додаға Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев арнайы қатысып, жарыс алдында спортшыларға сәттілік тіледі. 18 палуан бақ сынаған үлкен аламан өте тартысты өтті. Балуандардың ішінде бірі техникалық жағынан алға шықса, бірі қимыл-айламен озық болды. Еске сала кеткен жөн, спортшылардың арасында республика деңгейінде бірнеше дүркін чемпион атанған балуандар да қатысып, өнер көрсетті. Алматы облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаевтың айтуынша, дәстүрге айналған бұл жарыс Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен өтіп, жалпы, турнирдің қорына жеті миллионға жуық қаражат бөлінген екен. Сондай-ақ, оның айтуынша осы дүбірлі додада жеңіске жеткен азамат республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде Жетісу өңірінің намысын қорғайтын болады.
Екі сағатқа жуық созылған жарыста Балқаш ауданының тумасы Руслан Әбдіразақов үздіктердің қатарынан көрініп, «Жетісу бөрісі» атанды. Чемпионға аудан әкімі Жандарбек Ермекұлы «Жетісу бөрісі» белгісі бар белбеуді тағып, басты жүлде «Лада Гранта» тұлпарының кілтін табыстады. Ал, екінші орынды бір миллион теңге сыйлығымен Талдықорған қаласының атынан шыққан Александр Косачев алып, күміс медальға ие болды. Үштікті қорытындылаған Іле ауданының балуаны Ұлан Рысқұл 500 мың теңгені қанжығасына байлап, қола жүлдегер атанды. Жарыс соңында, «Жетісу бөрісі» атанған Руслан Әбдіразақов, алдағы үлкен жарысқа жақсы дайындықпен барып, топ жарып шығуға ниетті екенін жеткізді.
Бақдаулет ТАЛИПОВ.