«Өсер елдің өрісі кең келеді» деген. Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік-экономикалық ахуалы едәуір артып, халықтың тұрмысы да түзеліп келеді. Бұл Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына әр жылдары жолдаған Жолдауларының нәтижесі, жүктелген міндеттің ерен еңбекпен атқарылуы еді. Айталық, соңғы жылдардағы өлшеусіз еңбектің арқасында өңірімізде елеулі өзгерістер орын алды. Мысалы, ауданымызда жылда сапалы өнімдер шығарып, бәсекеге қабілетті бола алатын отандық кәсіпорындар саны артып келеді. Солардың бірі – Қаскелең қаласында орналасқан «Электро-техникалық өнімдер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Аталған кәсіпорынның негізі 2014 жылы қаланып, содан бері үздіксіз жұмыс істеуде. Зауыт өнімдері сапалы әрі қолжетімді бағада болғандықтан, олардың электротехникалық өнімдері нарықта жылдан жылға үлкен сұранысқа ие болуда. Қажырлы еңбек пен тиянақты тірліктің арқасында кәсіпорын табыстарға қол жеткізіп, еліміздің энергетикалық саласының дамуына өз үлесін қосып отыр.
Таяуда біз кәсіпорын жұмысымен танысып, ондағы технологиялық үдерістерді өз көзімізбен көріп қайтқан едік.
– Біздің кәсіпорын ауданымызда алғашқы болып энергетика саласына қатысты өнімдер шығара бастады, –дей келе зауыт директоры Бибігүл Бернеева, – мұнда түрлі диаметрдегі электр құрылғылары өндіріледі. Өндірістегі құрал-жабдықтардың барлығы Түркиядан әкелінген. Ондағы жұмыс істейтін мамандар жоғары білімді. Өз ісінің нағыз білгірлері. Кәсіпорын аптасына 70-75 мың розеткалар мен 6-7 мың ұзартқыш сымдар шығарады. Жалпы, өнімдеріміз еліміздің Ақтау, Атырау, Қарағанды, Шымкент, Орал, Ақтөбе, Түркістан және тағы да басқа аймақтарына жіберіледі. Сонымен қатар, Алматыдағы бірнеше құрылыс компаниялары біздің зауыттың шығарған материалдарымен жарақталған. Кәсіпорында ең алдымен үш нәрсеге баса назар аударылады. Олар – өнім сапасы, кәсіби шеберлік және іскер сенімділік.
Әрине, өнім ең алдымен сапасымен бағаланады. Бұл орайда кәсіпорында өнімнің сапасын бақылайтын арнайы лаборатория жұмыс істейді. Мұндағы жұмыс процесі пластикті жасайтын полимерді қабылдап алғаннан кейін басталады екен. Әрі қарай қат-қабат шаруа. Полимерді еріту, оған арнайы станоктар арқылы пішін беру, жасалған пішінді суыту, дайын құрылғыға тоқ жүйесін орнату… Осылай жалғасып кете береді. Ең сонында дайын өнімнің мамандар дұрыс жасалғанын тағы бір тексеріп шығып, ары қарай қаптауға жібереді. Қапталған тауарлар компаниялар мен дүкендерге аттандырылады.
– Осындағы бақылаушы құрылғылардан өткен өнім барлық талаптарға сай болуы тиіс. Сонда ғана барып өндірістегі технологиялық үдерістердің қалыпты жұмыс істеп жатқанына көзіміз жетеді. Осы күнге дейін біз шығарған өнімдерге тұтынушылар тарапынан көңіл толмаушылық болған емес, – дейді ол тағы да.
Қазіргі кезде кәсіпорын тауарлары өз елімізден бөлек, Ресей мен Қырғызстан елдеріне де экспортталады. Бұл дегеніміз, тауар сапасының жақсарып, өзімізбен қоса өзге мемлекеттің де тұтынуына жарағандығы. Бүгінгі күні жарқын, болашағы берік кәсіпорынның алдағы бағыты – Ресей мемлекетінің барлық аймақтарына өз тауарларын шығару. Бұл, әрине, өндіріс көлемінің ұлғаюы мен шетелдік компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік туғызады.
Мұнан бөлек, «ETO electric» атты брендпен шығарған қондырғыларды бірқатар аймақтағы құрылыс компаниялары да кеңінен қолданып отыр. Сондықтан, өндіріс орны толық қуатында әрі тұрақты жұмыс істеп тұр.
Электр бұйымдарын жасауға қажетті шикізаттардың бәрі Түркия, Ресей мен Қытайдан тасымалданады. Кәсіпорында 50 адам жұмыс істейді. Барлығы да жергілікті тұрғындар. Олар жұмысқа келген кезде алдымен арнайы тәжірибеден өтіп барып қана орналасады екен.
– Менің мұнда істеп жатқаныма үш жылдай уақыт болды. Құдайға шүкір, тұрақты жұмысым бар. Осында, міне, маман болып қалыптастым. Алатын жалақымыз да жаман емес, – дейді зауыт жұмыскері Алтынай Бектенова.
Алдағы уақытта кәсіпорында, директордың айтуынша, көптеген өзгерістер болады. Соның бірі ретінде 2019 жылдан бастап зауыттың түсі де, дизайны да әртүрлі үйдегі жарықтарды өшіріп-қосатын басқыштарды шығаратындығын айтқан жөн. «Осы уақытқа дейін біз шығарған құрылғылар тек ақ пен сұр түсті болатын. Енді осы жылдан бастап біз Иран мен Қытайдан алып келген арнайы құрылғылар арқылы түрлі-түсті жарықтарды өшіріп-қосатын басқыштар жасайтын боламыз» – дейді Бибігүл Нұрханқызы.
Бес жыл уақыт ішінде кәсіпорын үлкен белестерді бағындырған. Еңбектері еленген. Оған дәлел, Ұлттық бизнес рейтингіне сәйкес Қазақстан Республикасының үздік кәсіпорындарының қатарына кірді және «2017 жылдың көшбасшы» мәртебесіне ие болған. Сонымен қатар, кәсіпорын жылда әртүрлі елдерде өтетін жәрмеңкелерге де қатысып тұрады.
Алдағы уақытта да зауыт ел экономикасының өркендеуі жолында аянбай жұмыс істейтініне кәміл сенеміз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.