Жас отбасылар байқауына аудан атынан сынға түскен, Лаубаевтар әулеті жүлделі оралды.
Ағымдағы айда Алматы облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, облыс орталығы Талдықорған қаласында «Жас отау» облыстық жас отбасылар байқауы өтті. Жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтей білуге шақыру, қазақ халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын және бірлігі мен тірлігі, достығы ұйыған отбасыларды жан-жақты насихаттау мақсатында өткізілген рухани тәлімі мол байқауға облысымыздың аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңінен бас жүлде иеленген 16 отбасы қатысты. Соның ішінде біздің ауданнан топ жарып, облыстық сында бақ сынаған шамалғандық Лаубаевтар отбасы да бар.
Білек пен білім күші, өнер мен бірлік қатар сыналған дода төрт кезеңнен тұрды. Жарыстың алғашқы кезеңінде отбасылар өздерін қара сөзбен, өлең жолдарымен және қазіргі жас отбасы өмірі жайлы әсерлі эпизодтары бар суреттер арқылы жасалған слайдпен таныстырып өтті. Келесі кезеңде отбасы мүшелері өз бірлігін танытып, өнерлерімен шашу шашты. Үшінші кезең – «Ойлы болсаң, озып көр». Бұл бөлімде отбасылардың Қазақстан мен Жетісу тарихы, 2020 жылдың атаулы күндері және ұлттық салт-дәстүрлерді білу деңгейлері сыналды. Аталған бағыттар бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар алынды.
Ақтық кезең «Толағай» отбасылық ойыны түрінде өткізілді. Бұл айналымында отбасы мүшелеріне жеке тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, отаналары қамырдан түрлі креативті мүсіндер дайындаса, отағалары кір тасын көтеріп күштерін сынады.
Байқау соңында жүлделі болған қатысушыларға дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Біздің ауданның абыройын асқақтатқан Лаубаевтар әулеті бірінші орынға лайық деп танылып, кір жуатын машина иеленді. Отбасы – мемлекетіміздің ең маңызды құндылығы. Аталған шара осы құндылығымыздың ұлықталған күні болды!
Бұрым ОРЫНБАСАР.