Қарасайлық Ақерке Чуленбаева « Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» номинациясына ие болды. Қалыптасқан дәстүрге сай Тұңғыш Президент күні қарсаңында, яғни, осы аптада Жетісудың үздік жастары анықталып, жеңімпаздарға «Көшбасшы – 2021» сыйлығы табысталды. Бұл жиынға Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрінің орынбасары Болат Тілепов қатысты. Білім, ғылым, спорт, мәдениет және басқа түрлі салада жемісті еңбек еткен 20 белсенді жастардың марапаттарын Алматы облысы әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов табыс етті. Олардың ішінде Қарасай ауданының абыройын арттырған, «Үздік жастар ісі жөніндегі әдіскер-нұсқаушы» атанған Ақерке Чуленбаева да бар. Өз саласын жетілдірсем деп жүрген жерлесіміз облыс басшысының арнайы жүлдесіне ие болды. Үздіктердің қатарынан табылған Ақерке Берікқызына (суретте оң жақта) арнайы диплом мен 250 мың теңгенің сертификаты табысталды.
Жетісулық жастардың арасынан топ жарып шыққан қарасайлық Ақерке жайлы қысқаша айтып өтсек. Жас маман бүгінде ауданымыздағы Бірінші Май ауылдық округі әкімдігінде әдіскер-нұсқаушы лауазымында еңбек етуде. Ол жоғары білімді, Шамалған су шаруашылығы колледжі мен Нархоз университетін «бухгалтер және есепші» мамандығы бойынша тәмамдаған. Аталған округте 2018 жылдан бастап жемісті жұмыс істеп жатыр.
Бұрым ОРЫНБАСАР.