«Баспана» ипотекалық ұйымының есебі бойынша Алматы облысының «7-20-25» ипотекалық кредиттеу бағдарламасының көшбасшысына айналуға барлық мүмкіндігі бар. Өңірдегі жағымды экономикалық өзгерістер, тиімді логистикалық және өндірістік жобалар, тұрғындар табыстарының өсуі облыстың «7-20-25» бағдарламасына арналған тұрғын үй құрылысын жандандыруына қолайлы жағдай жасап отыр.
“7-20-25” – Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін ипотекалық бағдарлама. Бағдарлама Елбасының Жолдауында айтылған «Әрбір отбасы үшін баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Бағдарламаның атауы оның негізгі талаптарын айқындайды. 7 – бұл ипотекалық кредит бойынша жылдық пайыздық мөлшерлеме. Ол түпкілікті болып табылады және өзгермейді. Қарыз алушы ешқандай комиссиялық ақыларды төлемейді және қосымша шығындарды көтермейді. 20 – бұл пайыз түрінде көрсетілген бастапқы жарна. 25 – бұл ипотекалық кредиттің жылдармен көрсетілген ең ұзақ мерзімі. Кредит бастапқы тұрғын үйлерге (жаңадан салынған үйлерге) ғана беріледі. Алматы қаласына шекаралас жатқан аудандар бойынша баспананың ең жоғарғы бағасы 25 млн теңге, ал Талдықорған қаласы және басқа аудандарда үйдің шекті құны 15 млн теңгені құрайды.
«Өтеуі 25 жылға созылғандықтан «7-20-25» бағдарламасы қазіргі кездегі ең тиімді ипотека болып табылады. Алдыңғы ипотекалық өнімдердің ешқайсысында ұлттық валютада осындай ұзақ кредиттеу мерзімі болған емес», – дейді Баспананың өңірлік директоры Досым Өксікбаев.
«7-20-25» бағдарламасы қарыз алушыны қарыз бойынша барлық қызмет көрсету мерзіміне ипотекалық кредитті міндетті сақтандырудан босатады. Қажет болған кезде барлық шығыстарды қарыз беретін банк өзі көтеруі тиіс.
«Егер тұрғын үйді екінші нарықтан, яғни қолдан алғыңыз келсе, Алматы облысының тұрғындары үшін «Баспана Хит» бағдарламасы ең қолайлы ұсыныс болып тұр, деп түсіндіреді Досым Өксікбаев. «Баспана Хит» ескі үйді сатып алуға мүмкіндік береді, тіпті өз атында үйі болса да ипотеканы ресімдеуге болады. Мерзімі 15 жылға дейін, ал сыйақы мөлшерлемесі – 11%.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша да, «Баспана Хит» бойынша да кредиттерді аталған 8 банк береді. Бұлар: «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ЦентркредитБанк» АҚ, «Сбербанк» ЕБ АҚ, «ЦеснаБанк» АҚ, «АТФ Банкі» АҚ, «Forte Бank» АҚ, «Bank RBK» АҚ, «Еуразиялық Банк» АҚ. Осы банктердің барлығы Алматы облысының аумағында табысты жұмыс істейді және өңір тұрғындарына ең жоғары деңгейде қызмет көрсетуге дайын.
«Халықпен кредиттеу, кредитті өтеу мәселесі бойынша барлық жұмысты әріптес банктер жүргізеді. Өз кезегінде Баспана нарықтық талаптар бойынша қаржы қаражатын тартумен және әріптес банктерден ипотекалық кредиттерді сатып алумен айналысады», деді «Баспана» ИҰ Банктермен жұмыс жөніндегі департаментінің директоры Қанат Әбдірайымов.
Оның айтуы бойынша, «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотеканы меншікті тұрғын үйі жоқ, басқа ипотекалық кредиттері жоқ, еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметінен ресми дәлелденген табысы бар әрбір Қазақстан азаматы ала алады.
«7-20-25» бағдарламасы бойынша кредит алуға ниеті бар тұрғындардың еңбек және/немесе кәсіпкерлік қызметінен ресми дәлелденген табысы болуы тиіс. Бұл ретте табысын мынадай құжаттың біреуімен растауға болады: БЖЗҚ-дан соңғы алты айдағы үзінді көшірме, жұмыс орнынан соңғы алты айдағы табысы туралы анықтама; жеке тұлғаның соңғы салық кезеңіндегі жеке табыс салығы бойынша салық декларациясы; қарыз алушының банктің ішкі құжаттарына сәйкес қарыз алушы міндеттемелерін орындау мүмкіндігінің болуын көрсететін өзге де құжаттар.
Қарыз алушыларға қойылатын талаптар қоса қарыз алушыларға қолданылмайды, оларға талаптарды банк дербес белгілейді. Банк қарыз алушыларға, сондай-ақ кепіл мәніне және құнына «7-20-25» бағдарламасына қайшы келмейтін өзінің талаптарын белгілеуге құқылы. Қолданыстағы ипотекалық кредиттерді қайта қаржыландыруға тыйым салынады.
Құрылыс озаты
«Жақын арада Баспананың Алматы облысы бойынша ипотекалық портфелі 20 млрд теңгеге жетеді», – деп жалғастырды Досым Өксікбаев. – Бізде осындай тез дамитын өңірлер өте аз және Алматы облысы атқарушы биліктің, банктердің, құрылыс саласының синергиясының жақсы үлгісі болып табылады. Өңірдің әкімі Амандық Баталов мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуын күнделікті қадағалап отырады, өңірдегі құрылыс саласының барлық жаңалықтары мен мәселелерінен хабардар және бұл «7-20-25» бағдарламасының іске асырылуына оң әсерін тигізуде.
2019 жылы Алматы облысының әкімдігі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған үйлердің 130 пәтерін «7-20-25» бағдарламасының қатысушыларына бөліп отыр. Бұл облыстағы ипотекалық кредиттеу көлемі 1,3 млрд. теңгеге қосымша ұлғайтуға мүмкіндік береді. Әкімдіктің оң шешімі 130 отбасына бір шаршы метрі үшін 140 мың теңгеден қымбат емес қолжетімді тұрғын үй алуға мүмкіндік береді, дейді Досым Өксікбаев. Баспана мен Алматы облысының әкімдігі арасында тиімді ынтымақтастық орнатылған, «7-20-25» бағдарламасын іске асыруда бірлескен жұмыс жүргізу туралы меморандумға қол қойылды.
Оған қоса, Ұлттық Банктің Алматы облысы бойынша филиалы да банктердің басын біріктіріп, бағдарламаның қарқынын күшейтуге барынша тырысып бағуда.
Алматы облысы тұрғын үй құрылысын дамыту тұрғысынан болашағы зор өңірлердің бірі. Облыс экономиканы дамытудың айтарлықтай қарқынына қол жеткізді, бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар ойдағыдай іске асырылуда. Сонымен қатар, облыста адам капиталын дамытуға көп көңіл бөлінеді, атқарушы билік әлеуметтік салаға қамқорлықпен қарайды. Халықтың әл-ауқаты ең алдымен әрбір азаматтың баспанамен қамтамасыз етілуіне байланысты болады және тұрғындардың үй мәселесін ойдағыдай шешетін өңірлер ғана өңірдегі тұрмыстық ахуалдың жақсарғаны туралы шынайы есеп бере алмақ. Осы тұрғыдан Алматы облысын үлгі ретінде қарастыруға болады.
Әкімдіктің тұрғын үй жобаларын табысты іске асыруда үлкен тәжірибесі бар, облыста бірқатар ірі құрылыс құрылыс компаниялары қарқынды жұмыс істейді. 2019 жылдағы құрылыс жоспарлары орасан. Баспана Ипотекалық ұйымындағылар, егер барлық мәлімделген жоспарлар іске асса, онда Алматы облысы міндетті түрде «7-20-25» бағдарламасын іске асырудағы көшбасшы өңірлерінің біріне айналады деп сенеді.