2019 жыл қазақстандықтар үшін ерекше жыл болмақ. Олай деуімізге негіз болып отырған – Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев соңғы Жолдауында оны – Жастар жылы деп жариялауында. Президент жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайды. Ол жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында жастар саясатын жетілдіру бойынша нақты тапсырмалар беріп жүргені белгілі.
Жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Ал, мемлекет олар үшін қоғамда жасампаздық, бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді. Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған. Осы Елбасының берген мүмкіндіктерін құр жібермей елінің дамуына өзіндік үлестерін қосып жүрген жастардың қатары көп-ақ. Сондай жалынды жастар біздің ауданымызда да жетерлік.
«Белсенді жас – ел тірегі». Осы ұғымды өзіне мақсат еткен Нұржігіт Кенжеғалиев жаһандану заманындағы өзгерістерді игере жүріп қоғамдық жұмыстарға студенттік кезінен-ақ атсалысқан. Ал, жоғарғы оқу орнын аяқтағаннан кейін алғашқы қызметтік жолын ол Шамалған ауылындағы «Алматы су шаруашылық» колледжінде әдіскер болып бастайды. Әр түрлі шараларға белсене қатысып, аудандық «Жас Отан» жастар ресурстық орталығының белді мүшелерінің біріне айналады. Әрдайым айтар пікірі мен өзіндік ойы бар Нұржігіт жуырда Жастар жылына арналып құрылған аудандық Жастар ісі жөніндегі комитеттің басшылығына лайық деп танылады. Қадамын енді тәй-тәй басып келе жатқан ұйым осы уақытқа дейін біраз жұмыс атқарып үлгерген. Атап айтсақ, «Деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы» атты тақырыбындағы студенттер арасында пікірталас, «Спорт – денсаулық кепілі» атты волейболдан турнир, «Құқық әлемінде» деген студент жастармен кездесу және тағы да басқа түрлі шаралар өткізген.
Бүгінгі заманда жаһандық үдерістер жастар ісіне өте-мөте назар аударуды талап ететін аса нәзік салаға айналып, бұл бағыттағы саясатты мемлекеттік мәселеде аса өзектілер қатарына енгізіп отыр. Өйткені, ашық қоғам мен жаһанданған заманда сөзге де қызбаланып кететін, шапшаң арбалып, түрлі шақыруларға да бой ұратын сол – жастар. Сондықтан да, Қазақстан жастар арасында кері құбылыстардың белең алмауын қадағалап, жастар ісімен мемлекеттік тұрғыда айналыса бастағаны белгілі. Яғни, Нұржігіт басшылық ететін комитет осындай бағытта жұмыс атқарады. Сонымен қатар, ұйым жанынан «Жалын» полицияға қолдау тобы да жасақталған. Құқық қорғау қызметкерлерімен бірге кешкі уақытта рейд жүргізеді. Олардың арнайы куәлік, төсбелгі және киімдері де бар. Комитет бұнымен шектеліп қалмақ емес, әлі де атқарылар істер толағай. Жас белсенді алдағы уақытта еріктілер тобының қатарын көбейтіп, оларды жігерлендіру мақсатында мемлекеттік стипендияға ілінгендерін қалайды. Сондай-ақ, жастарды талмай, қажымай жұмыс істеуге шақырады.
– Менің анық түсінгенім, ең бірінші мәселе – «Қоғамның санасын жаңғыртудың бағыттары» мен Осы жылдардағы міндеттердің жас буын өкілдеріне арналады. Себебі, қазіргі жастар ең жоғарғы құндылық – адами капитал саналатын технологиялар ғасырының замандастары. Сапалы білім мен дағдылар келесі онжылдықтардың маңызды құндылықтары болмақ және әр адам міндетті түрде қабілеттеріне сай әділ бағаланып, қоғамдағы өз орнын табатын болады, – деді ол.
Бұл жайында Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та өзінің соңғы Жолдауында: «Біздің жастарымыз оқуға, жаңа ғылым-білімді игеруге, жаңа машықтар алуға, білім мен технологияны күнделікті өмірде шебер де тиімді пайдалануға тиіс. Біз бұл үшін барлық мүмкіндіктерді жасап, ең қолайлы жағдайлармен қамтамасыз етуіміз керек», – деп 2019 жылды Жастарға арнаған болатын.
Елбасы осы сәрсенбідегі Жастар жылының ашылу салтанатында, елордамыз Астанада 2000 жастың басын қосты.Нұрсұлтан Назарбаев айтулы шарада алдымен жастардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын байыппен тыңдап, соның арқасында әр салада жетістіктерге жетіп жүрген үздіктер өздерінің жарқын идеяларымен бөлісуге мүмкіндік алды. Оларды қолдауға Президент Үкіметке бес тапсырма жүктеп, мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадамның алғашқыларын бекітті. Бұл салтанатты бастан аяқ қараған Нұржігіт, ерекше әсерленіп, өзіне нақты мақсаттар бекіткен.
– Біз Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының заман талаптарын көрегендікпен айқындау қасиетіне ризамыз! Президенттің даму жолындағы нақты әрі анық бағыттарды ұсынғанына алғысымызды білдіреміз.Жаңғыртылған ұлттық сана идеясын және Елбасы мақаласындағы жобалардың жүзеге асырылуын қолдаймыз! Еліміздің болашағы үшін жауапкершіліктің тек өзіміздің мойнымызда екенін білеміз. Сондықтан Қазақстан жастары әлемге мықты әрі жауапкершілігі жоғары біртұтас ұлтты көрсетуге дайын екенін нық сеніммен айта аламын, – деді ол барша аудан жастары атынан сөз соңында.
Бұрым ОРЫНБАСАР.