Ауыл шаруашылығын дамытып, жастарды жұмыспен қамту мақсатында облыс әкімі Амандық Баталовтың шығарған шешіміне сәйкес, сондай-ақ, «Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында, аудан басшысы Жандарбек Далабаевтың қолдауымен аудандық Жастар ресурстық орталығы мен «Қазақ жеміс және көкөніс ғылыми-зерттеу институты» Қайнар аймақтық филиалы арасында келісімшарт жасалды. Осы келісімшарт арқылы сәуір айынан бастап еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты уақытша жұмыссыз қалған аудан жастары аталмыш институт бөліп берген 10 гектар егіндік жерде жұмыс істеп, айына 85 мың теңгеден жалақы алуда.
– Бұл келісімнің негізгі мақсаты жастарға қолдау көрсете отырып, егіс жұмысына тарту арқылы оларды ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуге бейімдеу болып табылады. 17 адам екі топқа бөлініп, аптаның дүйсенбі-жұма күндері сағат 17:00-ге дейін жұмыс жасайды. Осы уақытқа дейін біз аталған келісімшарт бойынша 5 га жерге картоп отырғыздық, алқапты арам шөптерден тазаладық. Енді алдағы уақытта қызанақ пен қырықжапырақ отырғызу жоспарда бар, – дейді аудандық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі Айжан Балажанова (суретте).
Жұмысқа жастар аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы іріктеліп алынды. Мұнда олардың айлықтарынан бөлек басқа да жағдайлары жасалған. Мәселен, күнделікті жұмысқа апарып-алып келетін көлік те бар, сондай-ақ, тамақтандыру мәселесі де қарастырылған. Бұған қоса институт тарапынан жастарға қолдау ретінде жалақыдан бөлек өздерінің еккен өнімдері де берілетін болады. Мұның өзі де жастарға көрсетілген үлкен көмек екені сөзсіз.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.