300-ге жуық жас педагог-мамандар Сулейман Демирел университетінде «Рухани жаңғыру және цифрлық ғылымның ілгерілеуі кезеңіндегі адами капиталдың дамуы» тақырыбында өткен семинар-практикумде бас қосты. Ауқымды іс-шараға мектеп және колледж оқытушылары қатысып, жаңашыл форматтағы білім үрдістерімен кеңінен тәжірибе алмасты. Айта кеткен жөн, университет ұжымы аталмыш іс-шараны алғаш рет жас ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарын нығайту және педагогика саласындағы мамандардың біліктілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Семинар жұмысына білім беру саласының үздік өкілдері қатысып, жас мамандарға арнайы шеберлік сағаттары мен баяндамаларын арнады. Сонымен қатар, шара барысында «Білім беру саласындағы менеджмент пен көшбасшылық», «Білім беру саласындағы модернизация: қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері», «Цифрландыру дәуіріндегі математикалық білім беру», «Қашықтан білім беру технологиялары» сынды бірқатар өзекті тақырыптарға арналған дөңгелек үстелдер өтті. Қатысушылар СДУ үздіксіз білім беру орталығында ағылшын тілі білімінің деңгейін тексеріп, сынама емтихан тапсырды.
Іс-шараның арнайы қонақтары елордалық «Ұстаз» кәсіби жетілдіру орталығының бас директоры Әлімжан Игенбаев қатысушыларға «Кемел ұстаз» портретті тәжірибелік шеберлік сағатын өткізсе, Central Asian Garden Schools басқару компаниясының бас директоры Нұрмұхамед Досыбаев «Қазақстандық білім беру 4.0:ғасырдың заманауи сын-тегеуріндері» тақырыбындағы ойларымен бөлісті. Ал, бейінді мамандықтар үшін СДУ сарапшылары, тіл ғылымның белгілі өкілдері – профессор Құралай Күдеринова мен доцент Жолдас Мәмбетов сынды белді оқутышылар арнайы баяндамаларын әзірлеп, тыңдармандарға тұщымды ақпарат берді.
Тыңдармандар назарына баяндамашылар «Заманауи талаптар контексіндегі шешендік өнердің қыр-сыры» және «Жаңа әліпбимен жас ұрпақ санасын қалай жаңғыртуға болады?» сынды тың тақырыптарда ой қозғап, жаңашыл көзқарастарын білдіріп, толық бағыт-бағдар сілтеді.
Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушыларға СДУ ректоры Қанат Қожахмет арнайы сертификаттар табыстады.
Бұрым ОРЫНБАСАР.