Отбасы – жарастық орнаған кішкентай Отан. Бұлай дейтініміз, сыйластығы асқан, берекесі тасқан әулеттің шаңырағына шаттық орнайды. Осындай мерекелі де берекелі ошақтан Отан құрылады. Бұл – қоғам шындығы. Міне, осынау қасиетті құндылықтарды жас отбасыларға насихаттау мақсатында өткен аптаның жұмасында, аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, аудандық Мәдениет үйінде «Жас отау» отбасылар байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Аталмыш байқаудың мақсаты – жас отбасылардың жағымды бейнесін көпшілік арасында кеңінен насихаттау. Бұған қоса, өскелең ұрпақтың адамгершілік-рухани дамуында отбасылық құндылықтардың рөлін нығайтуды, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық қарым-қатынастар мәдениеті мен салттарын сақтауға ықпал ету. Шараға округтерден бес отбасы қатысып, төрт айналым бойынша өз өнерлері мен қабілеттерін көпшілікке көрсете білді. Айта кету керек, қазіргі ахуалға байланысты бұл шара барлық санитарлық талаптар сақталып, көрерменсіз өткізілді. Байқауға қатысушы отбасылардың өнерлерін облыстық Жастарға қызмет көрсету орталығынан арнайы келген өкілдер қазылар алқасы ретінде бағалап, сарапқа салды. Нақтырақ айтқанда, олар – аталған орталықтағы ұйымдастыру бөлімінің басшысы Елдос Қайродаев, білім және жаңа инновациялық технологиялар орталығы бөлімінің басшысы Дамир Валиханов және дзюдодан спорт шеберіне кандидат Ержан Тұрсынов.
Байқаудың алғашқы кезеңінде әрбір қатысушы отбасы өздерін өлең жолдары мен қазіргі жас отбасы өмірі жайлы әсерлі эпизодтары бар суреттер арқылы жасалған слайдпен таныстырып өтті. Келесі кезеңде сайыскерлер өнерлерін ортаға салып, ән айтып, күй шертіп, өлең оқып және тағы басқа қырынан танылды. Үшінші кезең – «Ойлы болсаң, озып көр». Бұл бөлімде отбасылардың Қазақстан тарихы, Жетісу тарихы, 2020 жылдың атаулы күндері және ұлттық салт- дәстүрлерді білу деңгейлері сыналды. Аталған бағыттар бойынша сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Байқаудың ең соңғы «Жүйрік болсаң, шауып көр» кезеңі «Толағай» отбасылық ойыны сияқты өткізіліп, отбасылар спорттан да құралақан еместігін дәлелдеді. Мұнда әр әулеттің әкелері арқан тартысып күш сынасса, аналары екі аяғының ортасына волейболдың добын қысып, кедергілерден құлатпай, секіріп өтті. Ал, балалары болса мергендіктерін сынап, қоржынға доп лақтырудан жарысты.
Отбасы құндылықтарын ұлықтаған шара қорытындысы бойынша бірінші орынның биігіне көтеріліп, теледидар мен облыстық байқауға жолдаманы Шамалғандағы «Úshqońyr» спорт кешенінің бапкерлері болып жұмыс істейтін Лаубаевтар әулеті еншіледі. Екінші орын қаскелеңдік Нұртазаевтар отбасының қанжығасына байланды. Ал, Бекболат ауылынан келген Кенбаевтар әулетіне үшінші орын бұйырды. Қалған Сахаряновтар мен Әлімбековтар отбасылары Алғыс хатпен және сыйлықтармен марапатталды.
Байқау өте қызықты өтіп, жиылған қауым зор әсер алды. «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Әрбір отбасында бірлік, берекелі тірлік болса, Отанымыздың да көркейіп, гүлденері хақ. Ендеше, ауданымызда да үлгілі, өнегелі отбасыларымыз көбейе берсін, дейміз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.