Отбасы – жарастық орнаған кішкентай Отан. Бұлай дейтініміз, сыйластығы асқан, берекесі тасқан әулеттің шаңырағына шаттық орнайды. Осындай мерекелі де берекелі ошақтан Отан құрылады. Бұл қоғам шындығы. Міне, осынау қасиетті құндылықтарды жас отбасыларға насихаттау үшін кеше Абай атындағы орта мектеп-гимназиясында «Жас отау» отбасылар байқауының аудандық іріктеу кезеңі өтті.
Аудандық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен болған шараның мақсаты еліміздің демографиялық және әлеуметтік дамуының негізі болып табылатын жас отбасылардың жағымды бейнесін көпшілік арасында кеңінен насихаттауға бағытталған. Бұған қоса, өскелең ұрпақтың адамгершілік-рухани дамуында отбасылық құндылықтардың рөлін нығайтуды, ұрпақтар сабақтастығын, отбасылық қарым-қатынастар мәдениеті мен салттарын сақтауға ықпал ету. Аталған байқауға округтерден алты отбасы қатысып, ақтық кезеңнің шарттарына сәйкес бес айналым бойынша өз өнерлері мен қабілеттерін көпшілікке көрсете білді.
Байқаудың «Бұл – біздің жанұя» атты алғашқы кезеңінде әр отбасы өздерін өлең жолдарымен қазіргі жас отбасы өмірі мен оның басты байлығы баланың – болашақ ел тізгінін ұстар кішкене бүлдіршіндердің әсерлі эпизодтары бар суреттер арқылы жасалған слайдпен таныстырып өтті. Әрі қарай «Толағай» отбасылық ойыны сияқты өткен «Жүйрік болсаң, шауып көр!» кезеңінде отбасылар спорттан да құралақан еместігін дәлелдеді. Мұнда әр әулеттің әкелері арқанмен тартысып күш сынасса, аналары екі аяғының ортасына волейболдың добын қысып кедергілерден құлатпай секіріп өтті. Ал, балалары болса мергендіктерін сынап, қоржынға доп лақтырудан жарысты. «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер». Бұл үшінші кезеңнің атауы. Мұнда отбасы мүшелерінің үй шаруасына икемділігі сынға түсті. Ерлері 24 кг гір көтеріп, күш сынасса, әйелдері нан илеп, қамыр жайды. Төртінші кезең – «Ойлы болсаң, озып көр». Бұл бөлімде отбасылардың ұлттық салт-дәстүрлерді білу деңгейін байқауға байланысты «Бір тоғыз», «Бел көтеру», «Ақ сарбаз» сияқты ежелден келе жатқан салттарға орай сұрақтар қойылып, жауаптар алынды. Байқаудың ең соңғы кезеңі «Өнерліге – өріс кең» деп аталып, онда сайыскерлер өз білгенін ортаға салып, ән, би, пародия және тағы басқа өнерлерін көрсетті.
Отбасының құндылықтарын ұлықтаған шара қорытындысы бойынша бірінші орынның биігіне көтеріліп, теледидар мен облыстық байқауға жолдаманы еншілеген қаскелеңдік Шаймерденовтер әулеті болды. Екінші орын Әйтей мен Іргеліден келген Мұсаевтер мен Молдасбаевтар отбасының қанжығаларына байланды. Ал, жамбылдық Жайлауовтар, іргелілік Мақтабаевтар мен жандосовтық Жайылхановтар әулеттеріне үшінші орын бұйырды.
Байқау өте қызықты өтіп, жиылған қауым зор әсер алды. «Отан – отбасынан басталады» дейді дана халқымыз. Әрбір отбасында бірлік, берекелі тірлік болса, Отанымыздың да көркейіп, гүлденері хақ. Ендеше, ауданымызда да үлгілі де өнегелі отбасыларымыз көбейе берсін, дейміз!
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.