«Үшқоңыр» спорт мектебі – түрлі деңгейдегі жарыстардың өтуіне ұйытқы болып жүрген, заманауи талаптағы кешендердің бірі. Жақында осы орталықта екі бірдей турнир өтіп, жасөспірімдердің спорттық қабілеттері шыңдалды.
Қазан айының 23-де «День кролиста» атты жүзуден облыстық жарыс ұйымдастырылып, оған 110 бала қатысып, үш жас санаты бойынша бақтарын сынады. Жарыстың ашылу салтанатында спорт мектебінің басшысы Дәурен Төлеген жасөспірімдерге деген ізгі лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Судағы шеберліктерін танытқан бұл жарыста «Үшқоңыр» спорт мектебінің шәкірттері жақсы нәтиже көрсетіп, үш жас аралығы бойынша жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, 2009 жылғы Петр Полонский ІІІ орын алса, 2011 жылғы Расул Жанымқан ІІ орынды иеленді. Ал, жүлделі І орын Арнұр Ракешке бұйырды. Олар жаттықтырушылардың сенімін ақтап, облыс көлемінде ауданның намысын қорғады.
Спорт кешенінде ұйымдастырылған додалардың тағы бірі осы қараша айының 3-5-і аралығында өткізілді. Бұл жолғы жарыс жас муайтайшылар арасында өтті. Олар аудандық чемпионатта бас қосып, кіл мықтыны анықтауға тырысты. Қарасай ауданына қарасты барлық спорт мектебі мен жекеменшік клубтардың тәрбиеленушілері бақ сынаған бұл бәсекеге 165 жасөспірім қатысты. Муайтай спорт түрін еркін меңгерген қарасайлық өрендер шаршы алаңда лайықты төбелесіп, бір-біріне дес бере қоймады. Алайда, «сайыстың аты сайыс» дегендей, жүлдегерлердің есімдері жарыс соңында белгілі болды. Турнир қожайыны болған «Үшқоңыр» спорт мектебі үздіктердің қатарынан табылып, оқушылары алтынға да, күміске де, қолаға да қол жеткізді.
Болашақ чемпиондарды баптайтын спорт мектебінің аз уақыт аралығындағы жетістіктері, міне, осындай. Талай іс-шаралардың өтуіне ықпал ететін бұл орталық өзінің оқушыларын әркез мықты баптап, жеңісті жолдан жаңылған емес.
Дидар МӘЛІКҰЛЫ.