Кавказдықтардың билері батылдықтың, еркіндіктің символы іспеттес. Жігерді жанитын, намысты оятатын Лезгинка биі әлемге кеңінен танымал. «Өнер ұлт пен ұлыс таңдамайды» демекші, қарасайлық жасөспірімдер арасында аталған би түріне қызығушылар көп. Ауданымызда 2016 жылдан бері осы бағытта балалар өз өнерлерін «Азарт» би тобында шыңдап келеді. Сабақтан тыс кезін құр өткізбей, бос уақыттарын өнердің әдемі бағытына арнаған жас жеткіншіктер жайлы 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында айтуды жөн санадық.
Аталған би үйірмесі алдымен осыдан төрт жыл бұрын жетекшісі әрі хореограф Мұрат Супиев негізін қалап, Шамалған ауылында ашылыпты. Осылайша өз ортасына таныла бастаған би тобын бір-бірінен естіген балалар қатысуға өтініш білдіре бастайды. Өне бойдан әрекет әсте үзілмей, шалт қимыл, шапшаң ырғақ талап ететін бұл топта, араларынан таразыланып тек таланттылары ғана қалған екен. Ал, бір жыл өткен соң «Азарт» би тобының балалардың сұранысы бойынша Қаскелеңде тағы бір филиалы ашылды. Қазіргі таңда қос өнер ұжымында 15-тен 20 талапкерге дейін билеп, жаттығады. Олардың ең кішісі төрт жаста болса, ересектерінің алды 16 жаста. Бір қызығы, кавказ билерін үйрететін үйірмеге орыс, украин, қазақтың да балалары қатысып жүр. Оларды биге өз еркінсіз үйретуге болмас, кавказ билерінің әдемілігі мен тартымдылығы балалардың бойында осы биге деген құмарлықты оятқан сияқты.
Мұндағы талантты жас бишілер үшін тәртіп пен шыдамдылық басты орында екен. Аталған қағиданы да топ мүшелері мүлтіксіз сақтауға тырысады. Өйткені, әр халықтың ұлттық билерінің өзіндік мінезі, түр-сипатымен бірге ерекше мәні бар. Лезгинка – тау халқының мінезін сипаттап қана қоймай, қызуқандылығын береді. Бұл биде тек аяқ пен қолдың, дененің әдемі майысқан қозғалысы ғана емес, айнала секіру (сальто), секіру, бір-бірінің үстіне шығып көрсетілген спортқа тән түрлі трюктар да кездесіп жатады. Сондықтан балалардың денелері де шыныққан болуы керек. Мәселен, арулар көзін төңкеріп, аяғының ұшымен сырғып, айдында қалықтаған аққудың бейнесін көз алдымызға келтіру үшін айлап, жылдап машықтанады екен. Олардың бітімі де, қимыл-қозғалысы да айдындағы аққуды елестету керек.
Ал, шалт қимылды, қос қолымен қанатын жайған қыран бүркіттің кейпін көрсететін жігіттердің биі жылдамдықты талап етеді. Оны да жастайынан үйренбесе, уақыт өте келе меңгеру қиынға түседі екен. «Азарт» би тобының жас жеткіншіктері бұл өнердің барлығына жете меңгерген. Оған балалардың қазіргі уақытқа дейін жеткен жетістіктері дәлел. Құрылғандарына бес жылға толмасада, аталған би ұжымы облыс көлемінде кеңінен танымал. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында Талдықорғанда өткен Астана күніне арналған концертінде, Шамалғанға келген кезінде бірнеше рет өнер көрсеткен. Сол кездері «Азарт» би көптің ішінен таланттарымен көзге түсіп Елбасының ыстық ықыласына да ие болған. Ауданда өтетін мерекелік іс-шаралардың барлығына белсенділікпен ат салысып, көрермендердің көзаймына айналған. Иә, расымен балалардың тынымсыз жатыққан еңбектері еш кетіп жатқан. Кейбір үлкен жігіттер орындай алмаған трюктарын аса бір шеберлікпен орындайды. Аяқ-қолдарының жылдамдықпен, шапшаңдықпен жасаған қимылдарына, тіпті, көзің ілеспейді. Ал, қыздарының су бетінде жүзген аққудай баяу қозғалысы еріксіз таңдандырады.
Өз салаларындағы байқауларды да қалт жібермейді. Аудандық, облыстық, республикалық би жарыстарынан бөлек халықаралық додалар да топ жарды. Мәселен, «Халықаралық би өнері – 2016» фестивалінде ІІІ орын, «Firework of Stars – 2018» ынталандыру және т.б. марапаттарға ие болған. Әрине, осы ретте шығармашылық жетілуіне күш салып жүрген Мұрат Мухлисоглын да ерекше атап өтпесе болар. Білікті хореограф өз шәкірттерімен қатар үйренуден жалықпайды. Ресейдегі Мәскеу қаласына барып би саласы оның ішінде Лезгинка бағыты бойынша біліктілігін арттыру курсынан өтіп, сертификат иеленген.
Иә, біз де өз тарапымыздан өнер ұжымына алдағы шығармашылықтары шыңдалып, таудай белестерді бағындыруларыңына тілектестігімізді білдіреміз. Барша жас оқырмандарымызды да жайдарлы жаздың алғашқы күнімен дәл келетін Балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Бұрым ОРЫНБАСАР.