Тұңғыш Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп атап өткені мәлім. Осы тұста, халық арасында көптеген дау- дамай болғаны ешкімге жасырын емес. «Үш тілділікті қолға алып жатқанда, латын әліпбиіне көшу тағы көп жүк артып жатқандай» деп наразылық танытқандар да болды. Алайда, бұл мәселенің түпкі мән-маңызын түсіне білген жөн.
Тіл тек қатынас құралы ғана емес, адамзаттың айнасы екенін ескерсек, тіліміздің «жаңаша жарқырауы» халқымыздың ой-санасын одан ары көркейтетіні сөзсіз. Өз кезегінде, саясаттанушы Айдос Сарымның айтуынша, «Қазақтың латын әрпіне көшуі кем дегенде бүкіл ұлтты бір күнде партаға отырғыза алатын жағдай. Яғни, бәріміз қайта жаза бастаймыз, қайта үйренеміз. Сол арқылы тілді білмеген азаматтардың өзі де қатарға қосылып, бізбен бірге үлкен жетістікке жетуге де болады. Өзге ұлттардың да қазақ тілін оқуға, зерттеуге деген сұранысын туғызуы әбден мүмкін» деп пікір білдірген еді.
Осы орайда, Елбасымыздың тапсырмасымен отандық бірқатар басылымдар кейбір материалды латын қаріпіне көшірген. Жалпы, еліміздің толық латын әліпбиіне көшуі, халықтың бой үйретуі үшін бірнеше жыл уақыт керек. Яғни, «ақырын жүріп, анық бассақ», өзіміздің діттеген мақсатымызға жетеріміз айқын.
Латын әліпбиіне көшу жұмыстарын ілгерілетуге республикамыздағы ЖОО-ы да өз үлестерін қосуда. Атап айтқанда, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде қазақ алфавитін латын графикасына көшіру жөніндегі арнайы орталық ашылды. Аталмыш орталықтың профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгере бастады. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін арттыруға және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылған. Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Жаңа әліпби бойынша оқу- әдістемелік кешен жасалып, алдағы уақытта арнайы оқу құралдары жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді.
Алдағы уақытта қазақ алфавитін латын графикасында үйрететін арнайы орталықтар көптеп ашылса, еліміз үшін де, тілімізді үйренушілер үшін де тиімді болары анық.
Шолпан ҚОРҒАНБАЕВА,
Б.Тамабаев атындағы орта мектеп қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.