кешінде Ораз Жандосовтың 120 жылдығы аталып өтті
Саналы ғұмырын қазақ халқының аман сақталуы мен алға басып дамуы жолында сарп еткен алаш ардақтыларының қатарында Ораз Қиқымұлы Жандосовтың алатын орны айрықша деуге әбден болады. Ол еліне ерен еңбек сіңірген мемлекет және қоғам қайраткері. Әрі өзінің артында үлкен рухани мұра қалдырған бірегей тұлға. Биылғы жыл Ораз Қиқымұлының туғанына 120 жыл толып отыр.
Осыған орай, сәрсенбі күні Жандосов ауылдық округінде ауылмен аттас орта мектепте «Жарқ етіп жанған жалын» атты кеш өтті. Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған іс-шараға Ораз Жандосовтың артында қалған ұрпақтары, Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Күлжан Дүйсенова, Жандосов ауылдық округінің әкімі Алпамыс Айдаров, «Ақ Орда» республикалық қозғалысы төрағасының орынбасары Қанат Жанатұлы, Ұлттық ғылым Академия-сының академигі Хангелді Әбжанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Серік Қалиев аталмыш білім ұясының мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
Алдымен жиналғандар ардақты асыл азаматты бір минуттық үнсіздікпен еске алды. Мұнан кейін алғашқы сөзді алған Күлжан Әділханқызы:
– Ораз Қиқымұлы саяси қызметтерде жүріп қазақ баласының ғылым мен білімге қол жетуі үшін жанын салып, қазақ ауылдардың көркеюіне аянбай тер төкті. Қазақ елінің «орталық биліктен тәуелсіз өз экономикасы болу керек» деген идеяны ұстанған ол, жер-су реформасын әзірлеп, халықтың оны тиімді пайдалануына мүмкіндік туғызды, – дей келе, – Ұлт мүддесі үшін жасаған әрекеттері үшін кезінде «ұлтшыл» деп айыпталып, 1938 жылы жазықсыз атылып кеткен Ораз Жандосов есімі қазақ қоғамы үшін қашанда қымбат. Осы орайда біз елге адал қызмет еткен қайраткерле-ріміздің жүріп өткен өнегелі жолын әрдайым қазіргі жастарға үлгі етуіміз қажет, – деді.
Ал, келесі сөз кезегін алған Қанат Жанатұлы: – Жазықсыз жапа шеккендердің қатарында мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосов та бар. Көптеген ірі қызметтерді атқарып, қай жақта жүрсе де, қоғам, халық, ұлт мүддесі жолында аянбай еңбек етті. Оның жарқын өмірі бүгінгі ұрпақ үшін зор үлгі және өнеге екендігі ақиқат, – деді.
Сондай-ақ, белгілі себептермен осы жиынға қатыса алмаған «Ақ Орда» республикалық қозғалысының төрағасы Қайрат Назарбаевтың жиналған көпшілікті бүгінгі қайраткердің мерейтойымен құттықтаған хатын оқып берді. Сол сияқты Ұлттық ғылым Академиясының академигі Хангелді Әбжанов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Серік Қалиев, Санжар Жандосов атындағы коледждің директоры Алғатбек Қыдырбекұлы сынды сөйлеушілер де Жандосов жайлы салиқалы ойларын ортаға салды.
Сонымен қатар, жиын барысында О.Жандосовтың балалары мен немерелері арнау өлеңдерін оқып, оқушылармен өздерінің аталары жайлы біраз қызықты әңгімелерімен бөлісе келе, отбасыларының атынан білім ордасына музыкалық аппаратура сыйға тартты.
Мұнан кейін, іс-шараға келген қонақтар осы мектепте орналасқан музейді аралап, онда қойылған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ораз Жандосовтың өмірі, қызметі жайлы материалдармен, сирек кездесетін кітаптармен және қолжазбаларымен танысып өтті. Сонымен қатар, Ораз Жандосовқа қойылған ескерткішке барып, ардақты тұлға рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Жиын аяқталғаннан кейін Ораз Жандосовтың рухына арналып ас берілді.
Ақтоты МЫРЗАБЕКҚЫЗЫ.
Суреттерді түсірген Ерлан ӘЛИАСҚАРОВ.